Бейсенбі, 28 наурыз, 14:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Құрылыс қарқыны

07.08.2021

1870 0

Тәуелсіздік жылдары Қазақстандағы құрылыс саласы қарқын алып, жаңа даму кезеңге аяқ басты. 30 жыл шеңберінде шығыстың дәстүрлі көзқарасы мен батыстың архитектуралы шешімін үйлестірген қаншама нысан бой көтеріп, экономикалық ілгерілеуге жол ашқан еді. Оған қоса Арқа төсіне жаңа астананы қалыптастыру, аймақтарда бизнес орталықтар тұрғызу, мектеп пен ауруханалар санын арттыру арқылы мемлекет теңдессіз тәжірибе жинап, ел аумағын зәулім ғимараттармен толтыруға мүмкіндік алды. Әрине, бұл бағытта жұмсалған қаржы мен төккен тердің есебі миллиардтарды құрайды. Алайда шығынның бәрі жаңа Қазақстанның сәулеттік бейнесін қалыптастыруға жұмсалғаны анық. Осы орайда тамыздың екінші жексенбісі – құрылысшылар күні мерекесі қарсаңында аймақтың құрылыс саласында қол жеткізген жетістігін саралап көрейік.

Қызылорда облысының 30 жылда қол жеткізген қарқынды құрылысы аз емес. Аймақтың әр тарапында бой көтерген әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды қоспағанда, Қызылорда қаласындағы соңғы бесжылдықта жүзеге асқан Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру идеясының өзі неге тұрады?!. Оған қоса көптеген тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру нысандары бой көтеріп, облыстың даму динамикасына оң өзгеріс тигізді. Әсіресе, ауыл аймақты жалғайтын көпір құрылысы шалғайдағы елді мекен тұрғындарын қуанышқа бөлеп, ауылдардың қайта жандануына сеп болғаны жасырын емес.

Егемендік алған алғашқы жылдары құрылыс тұрмақ, қара бастың қамымен жан бағып кеткені белгілі. Елдегі енді қалыптасқан экономиканың салдарынан әлеуметтік ахуал нашарлап, қаншама сала тұралап қалды. Аймақтағы көптеген құрылыс нысандары да зардап шегіп, ауқымды бастамалар аяқсыз қалды. Тек еңсе тіктеп, ес жиған 2000 жылдары құрылыс қайта түледі. Бір ғана мысал, Қызылорда қаласындағы 80-жылдардың ортасында басталған «Мерей» шағын ауданының құрылысы 2004 жылы ғана мәресіне жеткен. Сондықтан халықтың тұрмыс деңгейімен тың күш алған құрылыс саласы ғасыр басында өз тиімділігін көрсетті. Тұрғындар да экономиканың оңалғанын тілеп, жаңа бастамаларды талап етті.

DCIM\100MEDIA\DJI_0023.JPG

Құрылыс – экономикалық әлеует

Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен аймақ тұрғындарының өміріне тікелей әсер еткен ең ауқымды жобаны айтпай кетпеске болмайды. Ол – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы аясында өмірге келген Көкарал бөгеті. Жоба аясында Ақлақ су тоспасы арқылы Кіші Арал теңізі сақталып, елдің ризық-несібесі артты. Ауданда балық шаруашылығы өркендеп, балықшылар ата кәсібіне қайта оралды. Жағалаудағы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып, аралдықтар күнкөріс қамымен туған жерден жырақтамайтын болды. Содан бері Арал ауданындағы ата кәсіп жанданып, жаңа технологиялы балық зауыттары жұмыс істеуде. Бүгінде аудан халқы Тұңғыш Президенттің қасиетті Арал өңіріне келіп: «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзін әлі күнге ұмытқан емес.

Арал демекші, Тәуелсіздік жылдары пайдалануға берілген «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желілері аралдықдарға көмегін тигізді. Сексеуіл арқылы өтетін темір жол бойында көптеген нысан ашылып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейі артқан. Міне, осылайша аймақтағы ауқымды құрылыс Аралдан бастау алды деуге толық негіз бар.

Өзге аудандардың да құрылыстағы аяқ алысы жаман емес. Мәселен, 2018 жыл Шиелі өңірінде ірі өндіріс орнының бірі – тампонажды цемент зауытының құрылысы мерзімінен бұрын аяқталса, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы да сәтті жүзеге асты.

Денсаулық сақтау саласындағы құрылыс әлеуеті де жаңа деңгейге көтерілді. Соңғы бесжылдықта медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарының 63 проценті жаңарса, 2019 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жеке инвесторлардың қаражаты есебінен тағы да 5 денешынықтыру-сауықтыру кешені салынған.

Тұрғын үй – тұрғындар ахуалының айнасы

Жалпы аймақтағы құрылыс қарқынын тұрғын үй санынан аңғаруға болады. Қазіргі таңда Қызылорда облысы тұрғын үй құрылысы жөнінен республикадағы жетекші өңір санатында. Мысалы, 2018 жылы 700 мың шаршы метр үй пайдалануға берілсе, 2019 жылы 813 пәтер пайдалануға берілген. Жалпы облыс орталығында 2013-2020 жылдар аралығында 15 жаңа шағын аудан бой көтергенінінің өзі үлкен жетістік.

Осы орайда Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру бастамасын айта кеткен жөн секілді. Себебі соңғы жылдары шаһардағы жаңа тұрғын үй мен түрлі нысандардың басым дені сол жағалауда бой көтеруде. Мамандар алдағы он жылда сол жағалау маңызды экономикалық-әлеуметтік орталық болады деген пікірде.

Негізі Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы құрылыс жұмысы 2017 жылы басталды. Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының даму жоспарына сәйкес, Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту мақсатында көлемі 1 мың 532 гектар аумаққа заманауи үлгіде жаңа қала салу жобасы қолға алынған еді. Бүгінде жобаның алғашқы бөлігі сәтті жүзеге асып, тұрғын үй қатары молайды.

Алдымен сол жағалауды игерудің бастамасы ретінде Сырдария өзенінің екі жағалауын ұштастыратын жаңа автомобиль көпірі іске қосылса, кейіннен маңызды нысандар құрылысы қарқын алды. Мысалы, 2018 жылы сол жағалаудан «Қазақ» атауын қайтару туралы тарихи қаулы қабылдаған бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы негізінде «Рухани жаңғыру» орталығы ғимараты пайдалануға берілді. Сондай-ақ жаңа қоныстанушыларға жаулы болу үшін 320 орындық балабақша, «Orda School» мектебі, «Болашақ» университетінің кампусы, ІТ-паркі бар Жастар ресурстық орталығы ел игілігіне берілді.

 Алдағы бірнеше жылда мұнда Неке сарайы, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты мен жатақханасы, 3500 орындық көпфункциялы жабық футбол манежі, музыкалық драма театр, көпсалалы аурухана, сауда-жәрмеңке кешені секілді көптеген нысан салынбақ.

Сол жалаудың өркендеуіне серпін беретін ауқымды жобаның бір «Шіркейлі» каналы арқылы салынатын көпір құрылысы болды. Биыл жоба сәтті жүзеге асып, сол жағалауды «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізімен жалғауға мүмкіндік туып, Қызылорда қаласының тарихи орталығынан халықаралық автомагистральға тікелей шығуға жол ашылды.

Жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде облыста 2158 пәтерлік 105 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Биылдың өзінде жыл соңына дейін 61 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілмек.

Берен Шағыров,
Суретті түсірген
Н.Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: