Жұма, 26 сәуiр, 11:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Сыр төріндегі тәуелсіздік сыйы

16.12.2020

2481 0

Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар нысандарды ел игілігіне тарту етті. Солардың бірі Тасбөгет кентіндегі №172 орта мектеп алаңында мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевтың ескерткіш-бюстінің ашылу рәсімі болды.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Бисенов және Н.Ергешбаевтың баласы Әбдіқадыр Ергешбаев қатысты.

Ескерткіш мүсін қоладан жасалған. Авторы – белгілі мүсінші, Қазақстан Суретшілер Одағы облыстық филиалының төрағасы Аманкелді Кененбаев. Сондай-ақ мектеп жанынан Н.Ергешбаевтың өмір жолы мен қызметіне арналған мұражай ашылған. Онда оқушылар қоғам қайраткерінің еңбек жолымен кеңінен таныса алады.

– Тәуелсіздік күні аясында білім ордасында айтулы сәт болып отыр. Бұл тарихи күн бәріміздің есімізде ұзақ сақталары хақ. Нәлқожа Ақбалаұлы егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалының артуына зор еңбек сіңірген тұлға. Оның жүріп өткен жарқын жолы жастарға өшпес өнеге деп санаймын. Осы білім ордасынан айтулы азамат Нәлқожа Ергешбаев секілді Сырдың даңқын шығаратын талантты білімді жастар өсе беруіне тілектеспін, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Заманауи білім «Зердеде»

Мереке қарсаңында халық игілігіне тарту етілген тағы бір нысан белгілі білім меценаты, «Нұрай» ЖШС директоры Сейітқали Алшынбаевтың бастамасымен бой көтерген «Зерде» интеллектуалды мектебі. Бұл білім ордасында 500 баланың білім алуына жағдай жасалған. Мұнда 120 мұғалім еңбек етеді.  Мектеп жаңа технологиялармен жабдықталған.

Мектептің салтанатты ашылу рәсімінде аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы, қоғам қайраткері Әріп Битілеуұлы сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін жеткізді. Мектептің басты ұстанымы оқушыларды заман ағымына сай көптілді, сыни ойлауға қабілетті етіп тәрбиелеу. Сонымен қатар әлемнің әр алуан мәдениетін қабылдайтын және құрметтей алатын тұлғаны қалыптастыруға негізделген. Сондай-ақ жеткіншектер үшін мұнда түрлі үйірмелер жұмыс істейді. «Зерде» интеллектуалды мектебінен зерделі білім алатын зейіні терең таланттар шығарына көпшілік сенімді.

Сол жағалаудағы қоныс тойы

Сырдарияның сол жағалауында бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің пәтер кілтін табыстау рәсімі де мереке қарсаңында жалғасын тапты.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жалпы ауданы 5007 шаршы метрді құрайтын 40 пәтерлік 2 көпқабатты тұрғын үй өз иелеріне табысталды. Шара барысында еңбек ардагері Шахизат Төребаев ақ батасын беріп, егемен еліміздің шуақты күндеріндегі шарапаты мол іске ризашылығын жеткізді.

 – Бүгін мен үшін де, ел үшін де ерекше қуанышты күн. Бұл тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағының жетістігі деп танимын. Оның бір ғана дәлелі қалада атқарылып жатқан ілкімді істердің жүзеге асуы. Шаттыққа толы шаңырағымыз, берекелі бірлігіміз, тұғырлы тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, – дейді пәтер кілтін иеленгендердің бірі Айжан Ізтілеуова.

Көпқабатты тұрғын үйлер мемлекеттік бағдарламалар арқылы бой көтеріп отыр. Құрылыс жұмыстарын «Қазқұрылыс» ЖШС мен «СМП Қызылорда» ЖШС мердігер мекемелер жүргізген. Сапалы да, сәнді зәулім үйлер осылайша аймақ ажарын айшықтай түсуде.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: