Жұма, 19 сәуiр, 04:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Тазалық – шаһар шырайы

09.11.2021

1409 0

Қала тазалығы – бәрімізге ортақ. Тазалықпен айналысатын мекеменің қызметкерлері өз жұмысын жауапкершілікпен атқаратынын көпшілік жақсы біледі. Таңның атысы, күннің батысы демей, ыстық пен суықты да елемей еңбек етіп келеді.

Қазіргі таңда серіктестікте 5 бағыт бойынша жұмыс атқарылуда. Атап айтар болсақ, санитарлық тазалық, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсету, тұрғын үйлерді қайта жаңғырту (модернизация) жұмыстары жатады. 2021 жылы кіріс көздерінің азаюына байланысты «Қызылорда тазалығы» мекемесінің штаттық құрамына оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде штаттық құрылым 486 адамды құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,13 процентке азайды. Штаттық құрылымның қысқаруына байланысты нақты қызметкерлерге төленген жалақы қоры 431 млн теңгені құраған.

Соның өзінде қала аумағының санитарлық тазалығын қалыпты жағдайда ұстап тұру мақсатында осы көрсеткіштің өзі адам санының аз екендігін көрсетуде. Себебі штаттағы жұмыскерлермен қала аумағының барлық көшесін қам­тып тазалау жұмыстарын жүргізу мүм­кін болмауда. Соған қарамастан жұ­мыс­шылардың еңбекқорлығының арқа­сында тиісті жұмыстар уақы­тылы ұқып­тылықпен жүргізілуде. Серіктестік қала бойынша көппәтерлі тұрғын үйлерге, жеке сектордағы тұрғын үйлерге тұр­мыстық қатты қалдықтар шығару қыз­метін көрсетеді. Көппәтерлі  тұрғын үй саны қала бойынша 824 болса, оның ішінде 764 көппәтерлі тұрғын үйдің тұрмыстық қатты қалдықтарын шығару қызметін көрсетеді.  Қаладағы жалпы саны 287 қоқыс алаңына 1350 контейнер орнатылған. Көппәтерлі тұрғын үйлер­ге тозығы жеткен 341 дана қоқыс жә­шігі жаңартылды. Тозығы жеткен контейнерлер уақытылы жыл сайын ауыстырылуда.

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсан­дағы №943 бұйрығына сәйкес жұмысшы киімі жылына бір мәрте жыл мезгілдеріне қарай берілуі керек деп бекітілген. Жұмысшыларды жұмыс уақытында тасы­малдайтын автокөліктер салық көдексінің 271 бабына байланысты 7 жылда жарамсыз болады. Сонымен қатар ТМД елдерінің техникалық регламентіне сәйкес арнайы техникалардың пай­далану мерзімі 7 жыл­ды құрайтыны бекітілген. Арнайы киімге мемлекет тарапынан қаражат бөлінбейтіндіктен, жұмыскерлерді ар­наулы киім­дермен қамтамасыз ету мекеме есебінен іске асырылады.

– Қазіргі таңда «Қызылорда тазалығы» ЖШС тең­герімінде барлығы 112 дана арнайы техника бар. Серіктестіктегі 2012-2014 жылғы техникалардың 77 про­­центінің тозығы жеткен. Яғни барлық 112 дана техниканың 87 данасы көнерген. Бұл арнайы техникалар паркінің тозу көр­сеткішінің ұлғайғанын көрсетеді.    Арнайы техникалардың көнеруі  себеп­ті техникалардың  жиі  бұзылуы  қала  тазалығын  дұрыс ұстап  тұруда  қиыншы­лықтарға  соқтырып, жаңа  техникалар  алу  қа­жеттілігі  туындауда. Осы  себепті  бюджеттен қаржы  қаралған  жағдайда, бірқатар техниканы жаңартуды жоспарлап отырмыз. Қаламыздың санитарлық та­залық жұмыстарына бюджеттен қаралған қаржы  240 кө­шені қамтыса, серіктестік осы жұмыс көлемін 120 жұмысшымен атқаруда. Алдағы уақытта санитарлық тазалыққа бюджеттен  бөлінетін қаржы көлемі өссе, жұмысшы санын көбейтеміз деген жоспарымыз бар. Жұ­мысшылар жалақысы 75 пен 85 мың теңгені құ­райды. Маусымдық жұмыс уақытында жұмысшылар мен жүк тиеушілерге 100 мыңға дейін жалақы төленеді. Алдағы уақытта санитарлық тазалыққа бюджеттен төленетін қаржы көлеміне сәйкес жұ­мысшылар жалақысын өсіру көзделіп отыр. Өткен  жылдармен  салыстырғанда жұ­мысшылар жалақысы 10000 теңгеге өсті. Қызметке тағайындалған соң серік­тестіктегі жұмыскерлердің 90 проценті жұ­мысшылар мен жүргізушілер құрай­тынын ескеріп, бірінші күннен бастап сол азаматтардың әлеуметтік жағдайын ескеруді, уақытылы еңбек дема­лысына шығуын, заң аясында материалдық көмек көрсетілуі басшылық бақылауында. Штаттық құрылымды қай­та жасақтау нәтижесінде олардың жалақыларын 25 про­центке дейін өсіруге мүмкіндік туды. Сонымен қатар техникалардың басым көпшілігінің тозығы жеткендігін ескеріп мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алдық. Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс енгізіліп, заманауи коммуналдық техникалар алуды жоспарлаудамыз.

Қала тазалығы – бәрімізге ортақ іс. Қазіргі таңда қала көлемінде контейнер орнатпаған жеке сектор тұрғындарының көше қиылысына жасырын түрде тастаған қоқыстары жинастырылып, арнайы қоқыс тасталатын орынға тасымалданып келеді. Қызылорда облыстық мәслихатының 2017 жылғы 16 мамырдағы №121 шешіміне сәйкес, «Жеке және заңды тұлғалар, олардың қызметі нәтижесінде пайда болған өндіріс және тұтыну қалдықтары пайда болған кезінен бастап қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. Жеке және заңды тұлғалар тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған контейнерлерде тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтайды», – делінген яғни әрбір тұлға өз аула­сына стандартты контейнер орнатып, қоқыс жинақтауы міндетті. Қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлық танытуға, қоғамдық орында тазалықты сақтауға шақырамыз, – дейді «Қызылорда тазалығы» ЖШС директоры Талғат Бекмырзаұлы.

Р.S. «Тазалық табалдырықтан басталады» дейді дана халқымыз. Күн сайын қолына сыпырғы мен күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегі ерен. 200-ге жуық жұмысшы аптап ыстықта,жауын мен дауылға қарамай жұмыс істейді. Ауа райының қандай қолайсыздығы болсын тазалықшылардың жұмысы тоқтамайды. Таң сәріден көше сыпырып, қоқыс терген жұмысшылар қала тұрғындарының жауапкершілігінен үмітті. Баласын қоқыс төгуге жіберетін кейбір ата-аналар арнайы жәшікке қоқысты апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме, сұрамайтыны аян. Мекеме бақылаушылары тарапынан күн сайын жеке сектор және көпқабатты үйлердің тұрғындарына ескертпе парақшаларды таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Осы мақсатта қала және шет аймақ көше қиылыстарына қоқыс тастамау жөнінде 91 дана ескерту тақтайшасы орнатылды. Көпқабатты тұрғын үй арасында орналасқан қоқыс алаңына құрылыс қалдықтарын тастамау жөнінде 40 дана ескерту тақтайшалары ілінді. Өкінішке қарай, кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгіп, тазалықшылардың еңбегін бағаламайды. Қаланың тазалығы бәрімізге ортақ екендігін ұмытпағанымыз абзал.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: