Бейсенбі, 07 қараша, 11:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88-2098
05.11.2024
PDF мұрағаты

ТАЗАЛЫҚҚА КІМ ЖАУАПТЫ?

23.02.2021

9130 0

– Күн жел болса мына жердің қоқысы менің үйіме қарай ұшады. Оның үстіне таңертең тракторды дырылдатып мазаны алса, кешкі уақытта үйімнің жанына машиналарын қояды. Неге арнайы жәшіктер орнатпайды? Сонда мына қоқыс бұлайша шашылып жатпайтын еді – деп тұрғын уәжін айтты.

Қаланың кейбір аумағында қоқыс жататыны жасырын емес. Әсіресе жер үйлер орналасқан ай­мақтарда мұндай көрініс жиі байқалады. Әр жерде үйілген қоқыстар көше сәнін кетіреді, оның үстіне ауаны да ластайды. Қала ішіндегі қоқысты тазартып жүрген қызметкерлер, арнайы көліктер жоқ емес. Бірақ күл-қоқыс та азаяр емес. Жалпы мұндай жағдайдың орын алуына кім кінәлі? Қала тұрғындары ма, әлде қала тазалығына жауаптылар ма? Бұл – сұрақтың жауабын бейсенбіде қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен арнайы баспасөз-туры кезінде тапқандай болдық.

Иә, тұрғынның уәжі орынды. Біз барған Балқы базар мен Ешнияз сал көшесінің қиылысында қоқыс тиейтін трактордың даусы естілді. Камаз, трактордың гүрілдеген даусы, қарбалас жұмыс. Бұл күн сайын қайталанатын көрініс. Бір күн тазаланбаса көшені қоқыс басып қалуы мүмкін.

– Күнде тазартамыз. Бүгін тап-таза етіп жинап кетсек, ертеңгі күні тағы да қоқыс үйіліп тұрады. Осы кезге дейін бірнеше рет арнайы рейд ұйымдастырып, қоқыс тастаған тұрғындарға айыппұл да салынды. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ, – дейді «Қызылорда тазалығы» басшысы Марат Жаркеткенов.

ТАЗАЛЫҚҚА КІМ ЖАУАПТЫ?

Бүгінде «Қызылорда тазалығы» мекемесі қала тазалығы үшін қызмет етеді. Мекеменің 42 арнайы қоқыс жинайтын көлігі, 6 камаз, 6 арнайы тіркемесі бар трактор және 3 тие­гіш тракторы (погрузчик) қызмет етеді. Сонымен қатар Қызылорданың 813-тен астам көшесінің тазалығын жүргізуге 140 жұмысшы, 58 жүк тиеуші және 60 жүргізуші біріктірілген. Олар екі ауысымда жұмыс істейді. Түнгі уақытта 7 техника қала тазалығымен айналысады. Бүгінде қалдықтарды сұрыптау кешеніне айына санитарлық тазалық бойынша 8500 текше метр, коммерциялық нысандар бойынша 9000 текше метр қоқыс шығарады екен.

– Мекеменің 42 арнайы техникасы қала көшелерінен, жеке үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлерден тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға жұмыс жасауда. Мұндағы қызметкерлердің жұмысы таңғы 5.00-де басталады. Негізгі заңнамаға сәйкес әрбір мекеме немесе әр тұрғын өзінің үйінің алдына қоқыс контейнерін қоюға міндетті. Ал контейнердегі қоқысты шығару үшін арнайы мекемемен келісім-шартқа отыруы тиіс, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаев.

ТАЗАЛЫҚҚА КІМ ЖАУАПТЫ?

Десе де тұрғындар арасында талапты орындамайтындар да бар. Сол себепті де үйден шыққан қалдықтар көшенің әр бұрышына үйіліп қалады. Мұндай олқылықты болдырмау мақсатында қалалық әкімдік арнайы рейд ұйымдастыруда. Шара барысында күндіз не түнде қоқыс шығарған тұр­ғындарды арнайы құқық қорғау органдары жауапқа тартады. «Дегенмен мұндай тәртіп бұзушылар, белгіленбеген жерге қоқыс тастау фактілері тоқтамай тұр. Сол себептен тазалыққа жауапты мекеме осындай арнайы техникалардың күшімен заңсыз тасталған қоқысты тазартуға мәжбүр», – дейді Біржан Далабаев.

«Қызылорда тазалығы» мекемесі тазалық үшін тынбай еңбек етуде. Тіпті келісім-шартқа отырудан бас тартқан тұрғындарға да жағдай жасалған. Мәселен, әл-Фараби көшесі тұрғындарының көбісінде контейнер жоқ. Сондықтан олар өз қоқыстарын күнде арнайы бұрышқа тастап кетеді. Тазалықшылар көше тазалығын сақтау үшін тұрғындарға әр күні сағат 8.00-ге дейін арнайы белгіленген орынға қоқыстарын шығарып қоюды сұраған. Бірақ мекеме басшысының айтуынша, беймезгіл уақытта да қоқыс тастап кететіндер бар екен. Нәтижесінде ертеңгі күнге дейін тұрған қоқыс шашылып, айналаны ластайды. Ал көпқабатты тұрғын үйлерде орналасқан қоқыс жәшіктерінің уақытылы тазалануы мекеме бақылауында. Олар белгіленген мерзім сайын контейнерлердегі қалдықты шығарып, сынған контейнер болса қайта қалпына келтіреді.

Қала тазалығын  сақтау бір мекеменің ғана жұмысы емес. Тазалықты сақтауды өзімізден бастасақ, көшедегі бей-берекет жатқан қоқысқа, ұшқан пакетке көмілмес едік.

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: