Бейсенбі, 08 желтоқсан, 10:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97 (1901)
06.12.2022
PDF мұрағаты

Жартылай дайын өнім өндірісі: дәмді кәсіп

24.11.2022

94 0

Соңғы жылдары кәсіпкерлік саласында нәзік жандылардың үлесі артып келеді. Нәтижесі де жаман емес. Бүгінде шағын және орта бизнес саласындағы қаншама қыз-келіншектер жоғары жетістікке жетіп жүр. Оған мемлекет тарапынан қабылданған түрлі қолдау бағдарламалардың көбейіп, адамдарды кәсіпке баулу мен нәтижелі еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстың жолға қойылуы да әсер етуде.

Сонымен қатар, қазіргі кезде қоғамда жеке кәсіппен айналысатын әйелдер туралы ақпараттар желдей есуде. Ол да өзін дәлелдеп, кәсіпкерлік саласында озық жүрген қыз-келіншектердің үлесін аңғартады. Бүгінде олардың көбі жеңіл өнеркәсіп, тағам және қызмет көрсету салаларын дамытуда. Өйткені, «Жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» жөн санайтын нәзік жандылар кәсіпте де әрбір қадамын нықтап алғанды жөн көреді.

Қарап отырсаңыз, қазір қай  дүкенге бара қалсаңыз да,  сөрелерінде жартылай дайын тамақтың түрлері өте көп. Жұмыс басты отбасылар, сондай-ақ, студенттерге бұл таптырмайтын мүмкіндік. Тек қана дайын дүниені үйге барып, пісіре саласың. Бұл да заманның, технологияның жылдан-жылға дамып келе жатқанының бір дәлелі.

Ерекше айта кету керек, осы жылдың тамыз айынан бастап Қызылорда қаласында «Айша-Бибі» кәсіпкерлік нысаны жартылай фабрикатталған өнімдерді дайындап, қала тұрғындарына ұсынуда. Онда түшпара, манты самса, жайма және басқа да өнімдер дайындалады. Жеке кәсіпкер Ұлпан Жаппасбаева биыл кәсібін кеңейту мақсатында «Микробизнес Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан» 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Аталған қаржыны кәсіпкер өндіріске қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауға жұмсаған.

Қазіргі кезде цехта жартылай фабрикатталған өнімнің 11 түрін өндіріп, қаладағы 20-дан астам бөлшек сауда желілерін қамтамасыз етуде. Бүгінде цехта 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айта кету керек, кәсіпорын өнімі жергілікті тұрғындарға қол жетімді бағада «Айша-Бибі» сауда маркасымен сатылуда.

– Кәсіп бастағанда тек үш түрлі өнім шығардық. Қазіргі кезде әлеуметтік желіде парақша ашып, тұтынушылармен тұрақты байланыс орнатудамыз. Ал бүгінде қала тұрғындарына едәуір танылып, халықтың сұранысына байланысты 11 өнімге дейін шығарып жатырмыз. Бүгінде бізде күніне әр тауар түрінен 10-15 килограмм өнім өндіріледі. Ең жоғары сұранысқа ие өніміміз – тұшпара мен жайма. Олардың сапасын куәландыратын лицензия алдық. «Ақырын жүріп, анық бас» демекші, алдағы уақытта кондитерлік өнім түрлерін шығаруды да жоспарлаудамыз, – дейді кәсіпкер.

Бұл өз кезегінде өңірімізде шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың санын ұлғайтуға, өнім көлемін арттыруға, жалпы өңір экономикасының одан әрі дамуына өзіндік ықпалын тигізбек. Бір сөзбен айтқанда, жартылай дайын өнім өндірісі – дәмді кәсіп көзіне айналып тұр.

Расында, кәсіп ашқысы келетін нәзік жандарға қолдау, жан-жақты іздену, білім алу, жол сілтеу керек-ақ. Мұндай игі бастама аймақтың қыз-келіншектерін алға жетелері анық.  Өйткені,  арамызда екі қолға бір күрек таппай жүрген әйлдер қаншама. Десе де, кез-келген істі бастағанда айқын мақсат қойып, тәуекелге бел буып, алған бетінен қайтпай, алға қадам басатындар да аз  емес. Бүгінде осындай жетістікке жеткен әрбір әйелді көріп көңіл қуанады.

Мәселен, Қызылорда облысында  соңғы 5 жылда 5961 қыз-келіншек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, біліктілігін арттырған. Бүгінде оның 3089-ы  жеке кәсіппен айналысады екен.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: