Сенбі, 27 шiлде, 05:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№59-2069
27.07.2024
PDF мұрағаты

Жылу беру маусымы: дайындық қалай?

24.08.2021

1754 0

«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, жылу беру маусымына дайындық тамыздан басталады. Ескірген құбыр, тозығы жеткен құрылғыларды ауыстырар тиімді кезең де осы мезгіл. Сондықтан сала мамандары қыс мезгілінде үздіксіз қызметті қамтамасыз ету үшін ерте іске көшуі керек. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, шаһардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүзеге асуда.

Жалпы қала бойынша алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары толыққанды шешім табуға жақын. Тіпті алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмысын ұйымдастыру үшін арнайы қалалық штаб құрылып, дайындық жұмысын жүйелі жүргізуге көшкен. Барлық іс-шара бекітілген кестеге сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асып, жіті қадағалануда. Оған қоса қала әкімі Ғанибек Қазантаев та аталған жұмыстардың кедергісіз, дер кезінде орындалуын бақылауға алғанын айтқан болатын.

Бүгінде қала бойынша барлығы 815 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 711-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған болса, 104 үй автономдық блокты модульдік қазандықтар арқылы жылытылады. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 4 серіктестік және 13 пәтер иелері кооперативі жұмыс істеуде. Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлердегі ақауларды ретке келтіру, өжіре ішіндегі тозығы жеткен жылу құбырларын және вентильдерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

– Бөлім тарапынан көпқабатты тұрғын үйлердің дайындық барысына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қала бойынша проблемалық көпқабатты тұрғын үйлер анықталды. Ақау анықталған көпқабатты тұрғын үйлер бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Барлық үйлердің пәтерішілік жөндеу жұмысы жылу маусымына дейін толық аяқталып, уақытылы қосылатын болады. Жеке кәсіпкерлер ЖК «БЕК», ЖК «Қарымсақов», «Олжас-2005» ЖШС және «ТЭК Қазақстан» ЖШС қаланы қатты отын қорымен қамтамасыз ету бойынша көмір тасымалдаумен айналысады. Биылғы жылу беру маусымы кезеңінде Қызылорда қаласына қажет етілетін қатты отын көлемі шамамен 37000 тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда тұр-ғындарға қажетті көмірдің 7 мың тоннасы жеткізілді, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Далабаев.

Айта кетейік, бұған дейін қала әкімі сала мамандарына шаһар аумағындағы әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығын тиімді үйлестіріп, қадағалауға тапсырма берген еді. Сондай-ақ қатты және сұйық отынның тұрғындарға делдалсыз, тікелей отын тасымалдаушы кәсіпкерлерден жеткізілуін және елді мекендерге де қатты отын тапшылығы орын алмауын қатаң бақылауға алу керек екенін те айтқан болатын. Сондықтан өткен жылы орын алған ескі құбырлардың жарылуы, кей тұрғын үйдің жылусыз қалуы, әсіресе сол жағалаудан бой көтерген тұрғын үйлердегі олқылықтар биылғы жылу маусымында ескерілері анық.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: