Сәрсенбі, 01 мамыр, 06:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Әке

13.06.2023

311 0

Сурет ашық дереккөзден

Өмір кино секілді, себебі  кино шынайы өмірден алынады. Сол секілді бүгін өзімнің бір хикаямды айтып бермекшімін.

2017 жылы «Ақмешіт жастары» газетіне «Бала тағдырын кім ойлайды» атты мақала жаздым. Онда кішкентайымда әкесіз өскенімді, оған деген сағынышым айтылған. Бәлкім, әкем оқи қалса, қызы екенімді іші сезіп мені іздер деген ой келді. Ата-анам тым жас болғандықтан ерте ажырасып кеткен еді. Анамның қолында өскен мен әкем жайлы қанша сұрасам да мазалаған сұрақтарыма жауап ала алмайтынмын. Кейін жанын ауыртпайын деп бәрін ішіме сақтадым.

Өмірде түрлі тағдыр болады екен. Үлкендер  «Алла сүйген құлына ғана көтере алатын сынақ береді» деп  жиі айтады ғой. Сол секілді осы сынақтан өту маған бұйырса керек. Өмірге налымай, сағым сынбай, үмітім үзілмей ешкімге айтпай араға 25 жыл салып, әкемді іздеуге шықтым.

Бұрын әкемнің отбасылы екенін, артымда бауырларымның барын, көкөніс сататын дүкендері бар екенін естуші едім. Алайда іздеуге батылым жетпейтін. Әкені 25 жыл көрмей өсу аз уақыт емес, өмірімнің жартысы десем де артық етпес. Себебі ол жасқа жеткен де, жетпеген де бар.

 Осы күнге дейін әкемді бір көрмесем де жүрегіммен қатты жақсы көрдім. Қыз бала әкесіне жақын болады деген осы болар. Бала кезде  іздеп табу қиынға соғатын. Яғни қайда барсам да анамның таныстары алдымнан шығып, айтып қоятындай көрінетін еді. Ал қазір ер жеткендіктен, өзіме сенімім артып, 25 жыл іздеген әкемді бір күнде  базарға барып, сұрастырып тауып алдым. Негізі адам табамын десе қазір-ақ екен. Бастысы, күш жігер мен батыл қадам керек.

Жұмыстан соң достарыммен түскі  уақытта базарға бардық.  Жанымдағы құрбым көкөніс сататын дүкенге кіріп, әкемнің нөмірін алып берді. Еш ойланбастан әкеме хабарластым. Осылайша туған әкем екеніне көз жеткізіп, жүзбе-жүз жолығуды шештім.

Мені жұмыстан алып кеткенше қатты толқып, жылап та алдым. Тіпті түскі асымды да ішпедім. Тамағымнан ештеңе өтпеді. Сағат 15.30-да келем деген әкемді тағатсыздана күттім. Уақыт та өтіп болмай, әр минут пен секундты санадым. Терезеден қарағаным сол еді, бір көлік келіп тоқтады. Көліктен адам шықпады. Келіп тұрған әкем емес пе екен деп ойладым. Бірақ уақыт әлі болмады ғой деп жұмысымда отыра бердім. Содан шыдамай «келе жатырсыз ба?» деп хабарластым. Ал әкешім келіп тұрмын деді. Ол кісіде толқыған болуы керек. Осы күнге дейін  әкем мен жайында сырттай бәрін біліп келген екен. Тіпті түрімді де біледі екен. Ал мен суретін көрмегендіктен әкемді көргенде танымадым. «Қызым» деп құшақтай алғанда жүрегім қатты соқты. Бірақ толқынысым мен көз жасымды әкеме көрсетпеуге тырыстым. Барынша ұстамды болып, ішіме сақтадым. Жанымды жеп келген  көптеген сұрақтар мен реніш әкемді көрген сәтте-ақ ұмытылды. Әкеммен емін-еркін сөйлесу барысында  сұрақтарымның жауабын алдым. Іздеп келгеніме қуанған әкем, екінші рет құрған отбасымен күтпеген жерден таныстырды. Барлығы мені жақсы қарсы алды. Осылайша бір күнде туған әкемді ғана емес, туған бауырларымды тауып, көрістім.

Әкемнің тұңғышы болғандықтан артымнан ерген туған бауырларым да мені әпкесі ретінде қабылдап, көңілім орнына түсті. Бастысы, мен әкемді тауып, немересін, ал әжеме шөбересін көрсеттім. Мен іздеп келгенде әкем мен әжемнің тірі болғанына қуандым. Аллаға шүкір, кеш те болса басымыз қосылды. Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ.

Әрине, мұндай жағдай менің ғана емес көптеген адамның басынан өтуі мүмкін. Әсіресе қазіргі таңда ажырасу мәселесі көп, сол секілді ата-анаға айтарым, баланы бір жақты ғана өсірмеңіздер. Әр бала әке-шешесін біліп өсуіне құқылы. Мысалы, шет елдің қаншама азаматы қазақ балаларын асырап алса да: « сен қазақсың» деп өз ұлтын айтып, туған әке-шешесін табуына көмектеседі. Сол секілді баладан шындықты жасырып, «олай болмайды, сен кішкентайсың, өскенде түсінесің» деген ойдан арылып, баламен  үлкендерше сөйлесер болса,  ол кезде  еш қиналмастан түсініп біліп өседі. Ал әке-шешесіз өскен балаларға айтарым, ешқашан ата-анаға кінә артып, ренжімеу керек. Себебі алда не болатыны, тағдыр жолы қалай тоғысатыны тек бір Аллаға аян. Алла сүйікті құлдарын қалай сынға алса да, адам соған төтеп беріп, тура жолдан адаспау керек. Адам мына өмірден жаны тынышталмай  кетпейді. Алла бәрібір өз ата-анасына жолықтырмай, мына өмірден адам жанын алмайды. Ата-анамыз бала үшін Алла алдында сұралса,  бала да ата-анадан сұралады. Сондықтан кешірімді болып, адамдарға жақсылық жасап, қашанда ата-ана үшін дұға жасап, Аллаға шүкіршілік ету керек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: