Сенбі, 20 сәуiр, 16:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Әкім біткеннің басты мақсаты – ел үшін еңбек ету

31.01.2023

617 0

«Әкімге алты сауал» айдарының кезекті қонағыТалсуат ауылдық округінің әкімі Жылқыбай Айбек Жамалұлы.

Біздің анықтама:

Жылқыбай Айбек Жамалұлы – Талсуат ауылдық округінің әкімі.

1979 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген.

2002 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Экономист-марке­толог» мамандығы бойынша бітірген.

Жалпы еңбек өтілі – 21 жыл.

2020 жылдан бері Талсуат ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарады.

Талсуаттың тыныстір­ші­лігі қалай болып жатыр? Тын­дырылған іс көп пе, әлде түйіткілді іс басым ба?

– 2022 жылы Талсуат ауылдық округінде біршама жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың белсенді шара­ларына қатыстыру арқылы 1 адам жастар практикасына, 1 адам әлеу­меттік жұмысқа, 15 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Өңір­лерді дамыту» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында көшелерді жа­рықтандыру жұмыстары жүргізілді. Электр желілері талапқа сай жүргі­зілмеген 13 көшедегі ағаш бөре­нелерді ауыстыру мақсатында жоба­лау-сметалық құжаты әзірленіп, са­раптаманың оң қорытындысы алын­ды. Аталған жоба республикалық бюджетке ұсынылып, қазіргі уақытта қаржысы күтілуде. Ауылдық ок­ругтегі арық жүйелері жүргізілген 3 көшені аяқ сумен қамту мақсатында 2 ұңғыма қазылып, пайдалануға берілді. Одан бөлек бизнесті қол­дау мен дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауылдық округте 18 ауыл тұрғыны әртүрлі бағытта кәсіпкерлікті дамытуға несие беру орталықтарынан 89,2 млн теңге несие рәсімдеді. Өткен жылы жос­парланған жұмыстардың барлығы атқарылды.

Алдағы уақытта қай мәселе шешімін таппақ?

– Алдағы уақытта ауылдық ок­ругтегі 8 көше орташа жөндеуден өтеді. Атап айтқанда, О.Сауытбаев тұйығы, Құмкөл, Сейхун, Отырар, Сырдария, 7-ші көше, Көкшетау, Қазалы көшелері жөнделмек. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдағы Ақтөбе және №7 көшеге түнгі жарықтандыру жүргізілетін болды. Одан бөлек біраз жылдан бері мәселе болып көтеріліп жүрген ауылдық округ аумағында орналасқан әлеуметтік қызмет көрсететін 3 ме­кемеге жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жобалау-сметалық құжаты сараптамасымен және Сығанақ кө­шесіне тас төсеу үшін жобалау-сметалық құжаты сараптамасымен әзірленетін болады. Сонымен бірге өткен жылы құрылысы басталған 150 орындық клуб биыл толығымен аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Мұның барлығы тал­суаттықтардың игілігі үшін жасалған жұмыс.

Өткен жылы үлгере алмаған ісіңіз?

– 2022 жылы жоспарланған жұ­мыстардың барлығын мерзімінде аяқ­тадық. Дегенмен әрбір мезіретті мезгілдің өзіне сай жұмыс жоспары бекітіледі. Сонымен қатар уақыт талабына сай туындайтын мәселе де болып тұруы заңдылық. Сондықтан ел ішіндегі әрбір істі өз кезеңімен аяқтауға жұмыс жасалуда.

Тұрғындар қабылдауыңызға қандай мәселемен келеді және қанша адамның мәселесі шешілді?

– Ауыл тұрғындары қабылдауға әртүрлі мәселемен келеді. Соның ішінде балалар ойын алаңын салу, ойын алаңдарына жөндеу жұмыста­рын жүргізу, көшелерді асфальттау, жаяу жүргіншілер жолын салу, электр желілерін талапқа сай ауыс­тыру, көшелерге жарық шам­дарын ор­нату сынды басқа да мәселелер кезең-кезеңімен шеші­мін табуда. Өткен жылы балалар ойын және тренажер алаңы демеушілік арқылы салынды. Биыл 1 ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіледі. Ауылда 8 көше орташа жөндеуден өтеді. 13 кө­шедегі электр желілерін талапқа сай ауыстыруға жобалау-сметалық құжаты әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бүгінгі күні ұсынылған жобаның қаржысын күтіп отырмыз. Ауылдағы 4 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу және 5 көшені жарықтандыру бойынша жобалау-сметалық құжаты жасалып, екі жобаның да сараптамалық оң қорытындысы алынды. Бұл жоба­ларды республикалық «Ауыл – ел бесі­гі» жобасына ұсындық. Халық та­рапынан қойылатын қандай мәселе болсын біз үшін өзекті саналады. Ал оның орындалуы – басты талап. Өйт­кені әкім біткеннің басты мақсаты – ел үшін еңбек ету.

Өзіңіз басқаратын ауылда тұрасыз ба, әлде қалада ма?

– Иә, ауылда тұрамын.

Талсуаттағы түйіткілді мәсе­ленің біріжол мен балалар ойын алаңы екені айтылып келеді. Бұл мәселе қалай шешіледі?

– Жоғарыда айтып өткендей, 2023 жылы 8 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Ауылдағы балаларға арналған ойын алаңының мәселесін шешу мақсатында өткен жылдың қазан айында «Туран ВодСтрой» ЖШС демеушілігімен балалардың ойын және тренажер алаңы салынды. Сонымен қатар 2023 жылы А.Құнанбаев көшесінде орналасқан балалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүр­гізілмек. Ауылдағы әрбір мәселе назардан тыс қалмайды. 

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: