Дүйсенбі, 06 мамыр, 13:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Әлеуметтік көмек алудың өз тәртібі бар

20.08.2022

901 0

Қазіргі таңда көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау көп. Соның бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Оның да өз талаптары ескеріліп отырады. Аймағымызда 31 847 көпбалалы отбасына ай сайын атаулы әлеуметтік көмек беріліп отыр. Жәрдемақының бұл түрін   алушыларға да мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдік қарастырылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мейрамбек Абдукаримов баяндады.

– 2022 жылдың 3-тоқсанына Қызылорда облысы бойынша есеп­телген кедейлік шегінің мөлшері 27339 теңгені құрады. Мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіре­се балалар мен көпбалалы отбасы­ларға көмектеседі. Еңбекке қабі­лет­ті азаматтар жұмыс істеуі керек. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасындағы 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға кепілді әлеуметтік топтамалар ұсынылады. Атап айтқанда, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар азық-түлік жиынты­ғы­мен және гигиена заттарымен қамтамасыз етіледі. Ал 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мектепте ыстық тамақпен, оқу құралдары мен мектеп формаларымен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар мектепке барып қайту жол шығындары өтеледі. Мемлекеттік атаулы әлеу­меттік көмек көрсетуге 2022 жылға бюджеттен 5,1 млрд теңге қаржы қаралған. 2022 жылдың 7 айында облыс бойынша 10 656 отбасына 2,9 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып төленді, – деді Мейрамбек Жақсылықұлы.

Басқарма басшысы орынбаса­рының айтуынша, аз қамтылған отбасыларындағы 1 жастан 6 жас­қа дейінгі балаларды кепілден­дірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаржы бөлінген. 1 тамыздағы жағдай бойынша 13188 бала азық-түлік және гигиеналық топтамамен қамтамасыз етілген. Орта білім беру ұйымдарында білім алатын 6 539 балаға қоғамдық көлікте тегін жүруін қамтамасыз ету үшін тиісті қаражат төленген.

Т.ЖӨКЕБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: