Сәрсенбі, 01 мамыр, 02:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ағайын арасындағы араздыққа не себеп?

08.10.2022

1168 0

«Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп» деген мақал  бекер айтылмаса керек. Алайда ағайынның бір-бірінен алыстап бастағаны қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Оған не себеп? Осы жайттар сізді мазалаған емес пе?  Бүгін байқамай жүрген мәселе болашақта балаларымызға кері әсер етпейді ме? Осы сұрақтарға жауап іздегенді жөн көрдім. 

Туған бауыры үшін жанын беретіндер емес, дүние-мүлік үшін ағайын үстінен арыз жазатындар көбейді. Бірінің қуанышында екіншісі төбе көрсетпейтіндер де жоқ емес. Көкейде жүрген сауалға жауап іздеп, көптің пікіріне құлақ астым. Бұл турасында өз ойыңызды айтқыңыз келсе, газетке хат жазыңыз, құрметті оқырман.

Манат Жүнісбайдың (есі­мі өзгертілген) осы әу­летке келін болып түскеніне 30 жылға жуықтапты. Ал­ғаш­қы жылдары бауырлар ара­сында бауырмалдық бол­ғанмен, бүгінде ағайын арасына сызат түскен. Тіпті бірінің үйіне бірі бармайды. Жат адам­дардай. Қайта олар бақуатты адамдармен араласқанды, соларды үйіне қонақ еткенді қалайды екен. Ал тір­лік жасауға келінді шақырмайды. Ақша болса, аспаз дайын.

– Қазіргі уақыт­та кішімін деп іні илікпейтін, үл­кен­­­мін деп аға қайы­­­рыл­майтын заман болды. Бар бол­саң көре алмау, жоқ болса бере ал­мау қалып­ты кө­рі­ніске ай­­нал­ды. Туыс­тың үйге бас сұқпайтынына таң­ғал­май­тын болдық. Бәріміз осындай жағдайды бастан өткерудеміз. Бауырлар бір-бірін көреалмаушылық, бәсекелес араздыққа апарады деп ойлаймын. Әсіресе өмірде көріп жүргеніміздей жағдайы бар бақуатты тұратындар бір-бірін айдап салып, өзара бауырлар арасына түсіп жатады. Мұндай жағдай басымыздан өтті. Абысындардың, туған бауырлардың балалары араласқанын қаламайтын қайнапаларым бар. Балалар да ата-ананың ығына жығылады, туысын іздемейді. Одан бөлек бүгінгі  бала бауыр, ағайынды керек етпейді. Бар назары телефонда. Сондықтан ағайын арасын дұрыстау үшін баланың көзінше бауырды жамандамау керек. Ет жақының, сыйласың бауыр екенін ұқтырып тәрбиелеу қажет. Болашақта балаларым осы тәрбиені көріп, бір-бірімен араласпай кете ме деп қорқамын, – дейді ол.

Сырдария ауданы, Бесарық ауылының тұрғыны Серікжан Жүнісбаев бала тәрбиесінде бауырмалдықты бірінші орынға қойған. Сондықтан болар балалары бір-біріне бауырмал, қандай жағдай болса да бірлесе отырып, шешуге тырысады.

 – Бауыр деген бір ағаштың бұтақтары тәрізді дейміз. Бірақ бүгінде ағайын арасы ажырады, туыстыққа сызат түсті. Оның себебін іздеудің қажеті жоқ. Оған әрқайсымыз себеппіз. Бауыр арасы бүлінбеудің бір ғана амалы – тәрбие. Ұрпақ тәрбиесін жіті қолға алатын уақыт келді. Әр бала ұлттық рухани құндылықтарды ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңірері анық. Қазақта «алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» деген сөз бар. Сондықтан үйдің үлкеніне жақсы тәрбие берсең, соңғысы да соларға еліктеп, еріп өседі. Ең алдымен балаға көпшіл болуды үйрету қажет. Бүгінде балалар «мен-мен» деп, өзімшілдікке салынып барады. Оларға көпшіл болудың маңызды екенін, әр нәрсені істегенде ағайынның көмегі қажет екенін ұқтыра білу керек. Балалар бір-бірін бауыр ретінде сүюдің маңыздылығын және бір-біріне қамқорлық жасауды ата-анадан үйренуі қажет. Бала – сенің айнаң. Балаң бауырмал болсын десең, өзің бауырмал бол. Үйде баланың көзінше ағайындардың жақсы екенін, үлгі алу қажет екенін жиі айту қажет. Міне, осындай тәрбие арқылы ғана ағайын араздығына тоқтау қоя аламыз. «Бауырдың бір-бірінен теріс айналуына әйел де кінәлі»  дейтіндер бар. Дегенмен тәрбиесі жақсы отбасында мұндай мәселе туындамайды. Сондықтан бастысы тәрбиеге мән беру қажет, – дейді ол.

«Арсыз күлкің тыйылмас, жылауың да,

Айтысың да басылмас, ылаңың да.

Араздасып ағайын кетер еді,

Бір қария болмаса бір ауылда, – деп жырлаған ақын Мұқағали Мақатаев ағайын араздығына тоқтау салатын қарияның орны бөлек екенін айтып кеткен.  Демек, бауырлар араздығы көз жұма қарайтын мәселе емес. «Ағайыннан шет жүрсең, көңілің бір күн тарығар», «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың», «Ақылды адамға ағайын көп», «Бауыр шырын, бас тәтті, ағайынмен ішкен ас тәтті» деген мақалдар ағайынның бір-біріне қымбат екенін ұқтырып тұрғандай. Қалай айтқанда да, бауырдың орны бір бөлек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: