Дүйсенбі, 09 желтоқсан, 09:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

«Ағайындылар» фильмі Германияда көрсетіледі

07.09.2022

1207 0

Қазақ киносы тағы да әлем сарапшылары назарында. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген режиссер Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» дебюттік толықметрлі фильмі қыркүйек айының 14-18-і аралығында өтетін Германияның Oldenburg International Film Festival-іне қатысады. Бұл туралы киноиндустрияның жетекші әлемдік басылымы Hollywood Reporter хабарлады.

Олденбургтегі халықаралық тәуелсіз кино фестивалі – әлемдегі жетекші инди фестивальдердің бірі, оны «Еуропалық Санданс» деп те атайды. Айтулы кинофорум бүкіл әлемнің тәуелсіз кинематографистерінің шығармашылығын қолдауға бағытталған.

«Олденбургтегі фестивальде ресми конкурстық бағдарлама жоқ, дегенмен жүлделер мен премьералар бар. Мұнда бастысы – бәсекелестік емес, тәжірибе алмасу. Фестивальге бір қатысқан үміткерлер бізге қайта- қай­та оралғысы келіп тұрады», – дейді фестиваль директоры Торстен Нойман.

«Ағайындылар» фильмі балалар үйі түлегінің өмірі туралы баяндайды. Бас кейіпкер Ақжол қылмыстық әлемге тартылып, інісінің бар екенін білмейді. Ағайынды қос жігіт кездескен соң отбасын табуға үміттеніп, әкесін іздей бастайды.

Дархан Төлегенов ағайынды екі жігіттің тағдыры бір-бірімен тамаша ұштасатын фильмді түсіру идеясы шынайы өмірден туындағанын айтады: «Өзімнің де туған інім бар. Яғни мен жай ғана осы тақырыпта ойланып, толғандым: егер бір-бірінің бар екенінен бейхабар ағайындар кездесіп, ортақ болашаққа үміт артса ше? Міне, осы тақырыпта фильм түсіргім келді», – деп сыр ашты режиссер.

Басты рөлдерде Әлішер Исмаилов, Айбар Салы және Азат Жұмаділ ойнаған картина түсіріліміне негізінен кәсіби мамандар тобы атсалысты. Атап айтсақ, сценарист Ален Рахметалиев, продюсер Максим Акбаров, қоюшы оператор Шерхан Таңсықбаев, қоюшы суретші Бағдат Қожахметов бастаған команда «Ағайындылардың» көрермен жүрегіне жету жолында тер төксе, фильмге музыканы композитор Абай Абаев жазған болатын.

Туындыны келесі жылдың басында отандық прокатқа шығару жоспарланып отыр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: