Жексенбі, 12 мамыр, 20:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
37-2047
11.05.2024
PDF мұрағаты

Алаяқ

08.08.2023

417 0

Түн. Айнала қою қараңғылықта мүлгiп тұр. Тас түнектен ай сәулесi түгiлi жымыңдасқан жұлдыз да көрiнбейдi. Ымырасыз өлi тыныштық орнаған iспеттi. Тылсым тыныштықты бұзып келе жатқан тек Бекзат ғана. Жүрiсi мен киген киiмiне қарап, құдды бiр түн баласы дерсiң. Ұзын бойлы, сұңғақ денелi, қыр мұрынды, бидай өңдi Бекзаттың ажарлы жүзiне қараған кез келген жанның көзi сүрiнедi. Мөлдiреген көзi мен қою қара қасына ауылда ғашық болмаған қыз некен-саяқ. Барлығы Бекзатты ұнататын. Ол айналасындағылардың өзiне қызыға да, қызғана да қарайтынын бiлетiн. Бiрге жүрген достары әзiлдеп «әйелдiң сұлулығы соры»  дейтiн едi, сенiң сұлулығың керiсiнше, бағың болып тұр» – деп қағытып қоятын.

Әркiмнiң өз мiнi, өз кемшiлiгi болады емес пе?… Түр-тұлғасы мен бет-бейнесi жылтырап тұрғанмен, бұл Бекзатың «сырты бүтiн, iшi түтiннiң» нағыз өзi. Алдап түсiрiп жас күнiнде-ақ қанша қыздың обалына қалды. Он сөз айтса, тоғызы шындыққа жанаспайтын. Ақыры күн­дердiң күнiнде Арзу атты сұлу жүкті болады. Жұртқа не бетімен қарарын білмей ұяттан өлердей болса да бұл хабарымен сүйгенін қуантамын деп ойлап, кездесуге шақырады. Ондағысы Бекзат қуанып, үйленуге ұсыныс жасайды ма дегені. Уәделі жерде кездесіп, біраз әңгімелескен соң жаңалығымен бөлісуді жөн санайды.

– Бекзат, менің аяғым ауыр.

– Не дейсің?

– Бекзат екеуіміздің баламыз болады.

Бұл жаңалықты естігенде Бекзат аса қатты қуана қоймады. Бұған дейін қанша қызбен ойнап күлсе де, дәл осылай болады деп ойламаған да еді. Оның үстіне Арзу оған тек уақыт өткізу үшін қажет. Ойы сан-саққа жүгірген Бекзат бұл қыздан да құтылу керек деп ойлайды.

– Жүкті болсаң қайтейін.

– Ей, болса қайтейінің не?

– Сен не мені өзіңе шынымен ғашық деп ойладың ба?

– Сонда мені… Мені алдағансың ба?

– Тыңда мені. Сен мен үшін бірінші қыз емессің. Ал баланы сылтауратып үйленеді деп ойласаң, онда қатты қаталесесің.

–Жексұрын неме.

– Иә, жексұрын болып қалыппын ғой.

–Аймалап сүйгеніңде мен үшін жаныңды беруге даяр едің. Сөйтсем бәрі әншейін екен ғой.

– Көп сөзді қой. Оданда ана ішіңдегі баладан қалай құтылуды ойла, – деп Бекзат кетуге ыңғайланады.

– Үйленбесең сотқа беремiн, – деген Арзудың сөзiне немқұрайлылықпен қарап, құлаққа iлмей жүре бередi. Бұған шамданған жас қыз намысының тапталғанын, арының төгілгенін, өзіне өлердей ғашық болып жүрген жанның алаяқ екенін енді түсінді.

Құшағына сұр жыланша енiп, арын таптаған аңқау арамзаны тайраңдатып қоймады. Сырын анасына айтып, полицияға шағымданады. Бекзат­тың тығырыққа тiрелген жерi осы едi. Арзуға жалынып-жалпайып, үйленетiн болып, арызын қайта алдыртады. Бiрақ, қалағанынша өмiр сүрiп, дүниенi белшесiнен басып, жауапкершiлiк дегеннiң не екенiн бiлмейтiн Бекзат Арзуға үйлене қоймады. Баяғы әдетiне басып, оны алдап соқты. «Жұмыссызбын, үйленетiн жағдай жоқ, отбасын құруға дайын емеспiн» әйтеуiр, сылтауын санамалап айта берсең саусағың жетпей қалады. Алаяқ әдетiне басып, Арзуға жасанды түсiк жасатады. Бұл Арзудың өмiрiндегi ең басты қателiгi, әрi орны толмас өкiнiшi болатын.

Осы оқиғадан кейiн Бекзат қалаға кетiп қалды. Ұялы телефонының нөмiрiн ауыстырып, Арзумен байланысын мүлдем үздi. Мұнда да талайларды сан соқтырды. Қалада «ана жұ­мысыңды бiтiремiн, өзбектер алып келiп үй соқтырып беремiн», тiптi болмаса, «бауырыңды жұмысқа тұрғызамын» деп талай жанның ақша­сын қалтаға басты. Жұрт қашанғы шыдасын, көрген жерде ақшаларын даулауды шығарды. Бекзат күндiз көшеге шығып жүруден қалды. Тек түн баласын жолдас етiп, суыт жортуылдайтын. Бiр күнi асқанға-тосқанның кебi келдi.

***

Ымырт үйiрiле Бекзат үйреншiктi әдетi бойынша кезектi құрбандығын iздеп, жорыққа шықты. Бұл жолы газет бетiндегi хабарландыру бойынша «Жетi қарақшы» қонақ үйiне келдi. Қонақ үй басшылығына жолығып, өзiн «құрылыс фирмасының менеджерiмiн» деп таныстырады.

– Сәлеметсiз бе? – деп амандасқан Бекзат айналаны бiр сүзiп өтiп, сол қызметте жүрген адамдарша сөз қозғады.

– Газетке берген хабарландыруларыңызға қарағанда сiздер қонақ үйге күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзетiн көрiнесiздер. Менiң атым  Аман. Сiздерге тамаша  ұсыныспен келдiм, – деп қонақ үй иесi Мақсаттың iшi-бауырына кіріп, сөзге тартты. Әкесiнiң көмегiмен өзiнiң жеке бизнесiн ендi ғана бастап жатқан Мақсат не бары 23 жаста едi. Айланың небiр тәсiлiне әбден әккi болған Бекзат Мақсатты құрыққа оңай түсiрдi. Дүрдей бiр фирманың менеджерi келiп ұсыныс жасаса, оның үстiне қызмет көрсету бағасы өзгелерден көш төмен. Сонымен, не керек, екеуара келiсiмнiң арқасында Аман болып танысқан Бекзат бас-аяғы бiр айдың iшiнде компаниядағы арзанқол өзбектердiң тынымсыз әрекетiнiң арқасында «Жетi қарақшы» қонақ үйiне күрделi жұмыс жүргiзетiн болады. Бастапқыда «Питак» аталып кеткен адам еңбегi сатылатын жерден он шақты қазақ жiгiттердi жалдап, Мақсатқа «Бұл өзбектердi қойсаңшы, одан да өзiмiздiң қазақтар iстесiн» – деп ым-жымын бiлдiрмей, дымы iшiнде қалған күйi жүре бередi. Бұзу жұмыстары толық бiткен соң цементке, әкке, гипске деп бас-аяғы екi парақты құрайтын ұзын-сонар тiзiм жасап, Мақсаттың қалтасын қаға бастайды. Бiр аптадан кейiн «жiгiттер аванс сұрап жатыр», – деп келiсiлген ақшаның жартысын алады. Алғаны сол-ақ екен бiр сағаттың iшiнде өз айласын жүзеге асырған Бекзат бұл орыннан да табанын жалтыратып тайып тұрады. Сол кеткеннен мол кетедi. Үйреншiктi әдетi бойынша ұялы телефонының нөмiрiн ауыстырып алады. Қала сыртындағы демалыс орындарының бiрiне жайғасып, тапқан ақшасын миллионерлер секiлдi жарата бастайды. Массаж… Қыздар…

Алдағы мақсаты тағы бiреудi алдап-соғып, қалтасын қағу болды Өзi тағы кiсi танығыш. Ақшасы көп, ақылы аз, құрған тұзағына түсе­тiндердi қалай құрықтаудың амалын іздеумен әлек. Массажист қыз Лизамен мектеп директоры ретiнде танысады. Лиза да «мүмкiндiктi пайда­ланып қалайын» деген оймен жұмыссыз жүрген күйеуiн қарамағына алуды сұрайды. Бекзатқа да керегi осы. Жаны ашитын сыңай танытып, «еркектiң жұмыссыз жүргенi болмас, жүз мың теңге берсең қарауыл етiп алайын» – деп темiрдi ыстық кезiнде соғуды жоспарлайды. Лиза мұнда қатынап iстейтiн көрiнедi. Ал директорсымақ Бекзат жаңағы ақшаға тағы жүз мың теңге қосса оның мектептегi дәрiгерлiк бөлiмшеге алатынын айтып, құрбандығын оп-оңай тұзаққа түсiредi. Демалыс орны болған соң неше түрлi адам бар. Солардың бiрi кезiнде совхоз директоры болған, қазiр шаруашылық төрағасы Нұрман ақсақал. Кiсi танығыш, әккi Бекзат Лизамен қоса осы қария­ны да айналдыра бастайды.

– Ассалаумағалейкум, ақсақал, хал-жағ­дайыңыз қалай?

– Уағалейкумассалам, рахмет, балам,

– Менiң есiмiм Бекзат.

– А-а, балам, Нұрман атты шалың мен бо­ла­мын, – деп қарқылдай күле қарсы алған ақ­сақалдың iш-бауырына кiрiп, түрлi әңгiмелер­мен қызықтырып, ананы-мынаны айтып ай­нал­шықтап жүредi. Бiрде ақсақалға баласы телефон шалып, егiн басына қатынайтын көлiк керектiгiн айтады. Қарияның айқайлап, да­быр­лап, дауыстап сөйлегенiнен iстiң мән-жайын бiлiп алған Бекзат әрекетке көшудің сәті келгенін сезеді. Егде адамдардың ұялы телефонмен сөйлес­кенiнiң өзi қызық қой. Қасында тұрғандар әңгіменің ау-жайынан хабардар болады. Нұрман ақсақал телефонды қоймастан қасына келiп:

– Ақсақал, даусыңыз жер жарып жатыр ғой. Сiз болмасаңыз шаруашылық жұмысы тоқтап қалатын сияқты. Дабырлап сөйлегенiңiзден қатынас көлiгi керектiгiн ұңындым.

– Оның рас, балам, менсiз бiр тiрлiк бiтпейдi.

– Менiң мектеп директоры екенiмдi ұмытпаған шығарсыз, сiзге баланстан шығарылған «УАЗ» автокөлiгiн елу мың теңгеге берсем аласыз ба?

– Өй шының бе-ей, естiдiң бе балам, – деп телефонның ар жағында тұрған ұлына айтып, тiптi, сенiмдi адам ретiнде мақтап қояды.

Содан не керек, Бекзат қаладағы өзi бiлетiн мектептiң нөмiрi мен мекен-жайын қағазға жазып берiп, Лиза мен Нұрман ақсақалдан барлығы екi жүз елу мың теңге ақшаны алып, жылыстап кете барады. Бұл кезде «Жетi қарақшы» қонақ үйiнiң егесi Мақсат полицияға шағым түсiрiп, Бекзатты iз­дестiрiп жатқан болатын. Демалыс орнынан кетiп, қала сыртындағы дәмханалардың бiрiнде отыр­ған жерiнен полиция қызметкерлерi тұзаққа түсiреді.

***

Тергеу Бекзаттың айлакерлiгi сонша, тер­геушiлердiң өзiн алдап, шатастыруға сәл-ақ қалды. Бiр айға жуық iшкi iстер бөлiмiнiң тергеу изоляторында отырған ол айып тағушылардың өздерiн кiнәлi етiп көрсеткiсi келедi.

– Иә, Бекзат адамды әбден шатастырдың ғой, – деп майор шенiндегi тергеушi Мусатов жиырма сегiзiншi күн дегенде тергеудi қайта жалғастырады.

– Басеке, айтатынымның барлығын айттым. Өздерiңiз бiлесiздер, мен тазамын. Әлгiлер айтып отырған ақша менде жоқ, – дейдi. Жiберейiн десе «Жетiқарақшы» қонақүйiнiң егесi Мақсат пен «Питактан» жалданған он жiгiт түгел танып отыр. Оның үстiне Нұрман мен Лиза нақ бiр жауын көргендей қамауда отырса да Бекзатқа дауыс көтерiп, сөгiп ала жөнелген. Жiбермейiн десе, негiзгi дәлел ақша жоқ. Амалы құрыған Мусатов Бекзатты жiберiп, артынан аңдымақ болады. Таң  ата ақыры босатады. Артынан Бекзат көрмеген полиция қызметкерiн қарапайым адамдарша киiндiрiп аңдытады. Сөйтсе, қулығынан сұмдығы асқан әккi алаяқ ақшаны темiржол вокзалындағы жүк сақтау қоймасындағы киiмдердiң арасына салып, үлкен ала дорбаға тығып қойыпты. Қолға түстi-ау, залым. Бекзаттың iсi сотқа жiберiлiп сонда қаралатын болды. Сот залына кiрген Бекзат судьяны көргенде денесi мұздап қоя бердi. Жұрттың барлығын  алдап-соғып жетер-жерiне жеткен алаяқтың iсiн қарайтын судья баяғы Арзу болып шықты. Ендi құтылмасын сезген Бекзат сотқа артқан ең соңғы үмiтiнен айырылды. Иә, айлакерлiкке дағдыланған қу, әккi, алаяқтың жазасын бұ дүниеде болмаса да ана дүниеде Алла берер едi. Мұны Бекзат түсiнбеген күйi Арзуға iштей кiнә артып, қолы кiсенделiп, басын төмен салып, тағы бiр амал iздегендей сот залынан сормаңдай күйге түсiп, түрмеге кетiп бара жатты.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: