Бейсенбі, 28 наурыз, 23:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Алтын дән: кім чемпион?

14.10.2022

673 0

Игі дәстүр бойынша биыл да «Алтын дән – 2022» мерекесі облыс орталығында өз дәрежесінде аталып өтті. Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық драма театрында өткен диқан еңбегін дәріптеген іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, құттықтады.– «Қала күні» мерекесін тойлау әрбір жерлесіміз үшін маңызды әрі мерейлі сәт деп санаймын. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқымды іс-шаралармен жалғасқан думанды басқосулар берекелі күздің «Алтын дән» мерекесімен сабақтасты. Ризық несібесін жерден терген дала еңбеккерлері су тапшылығының қиындығына қарамастан биыл 188 500 гектар жерге егін ексе, оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 78 592 гектарды құрап, әр гектардан 56,7 центнерден өнім алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауының нәтижесінде өңірде су көлемі өткен жылғыдан көбейді. Биыл егісті ерте бастадық. Соның нәтижесінде өнім деңгейі артып отыр. Суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суару тәсілін жолға қойып келеміз. Алдағы уақытта өнім көлемін арттыру жоспарымыз бар. Қазақтың ата кәсібі мал шаруашылығына да көңіл бөлініп отыр. Азық түлік бағасын төмендетуде нәтижелі жұмыс жүргізілуде. Ала жаздай төккен тері мен аянбай еткен еңбегінің жемісін көрген барша диқан қауымның жанкешті еңбегіне аймақ жұртының атынан шынайы алғысымды білдіремін. Қамбамыз дәнге толып, құт берекеміз арта берсін, – деді аймақ басшысы.

Салтанатты кеште ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айрықша еңбек сіңірген қоғам қайраткері Жарылқасын Шәріпов, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атанды.

Сонымен қатар «Алтын дән – 2022» мерекесі аясында өңір дамуына еңбегі сіңген еңбек ардагерлеріне Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет» грамотасы табысталды.

Сондай-ақ жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген бір топ өндіріс озаттарына демеушілер тарапынан жеңіл автокөліктер табысталды.

«Озат егін шаруашылығы» номинациясы бойынша бірінші орын иегері болып «Ақтөбе и К» ЖШС танылды. Екінші орын «Ер-Әлі»  шаруа қожалығына берілсе, үшінші орын «Алтын дән Шиелі»  ЖШС-на табысталды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген «Үздік аудан» номинациясымен Сырдария ауданы марапат биігінен көрінді. Бұл аудан ауыл шаруашылық саласында 9 айдың қорытындысымен жылпы өнім көлемі 15,0 млрд теңгеге жетіп, өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 14,3 процентке артып, оның ішінде егін шаруашылығы өнімі 19,9 процентке, мал шаруашылығы өнімі 1,6 процентке артқан. Егілген 20728 гектар күріштің әр гектарынан 64 центнерден өнім алуды қамтамасыз еткен.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша ет, сүт және балық өнімдерін өңдеуде жоғары көрсеткіштерге жеткен Қазалы ауданы үздіктер қатарынан танылды.

Мал шаруашылығы саласында мал басы санының өсу динамикасын қалыптастырған және мал өнімдерін өндіруде жоғары жетістіктерге жеткен Арал ауданы үздіктер қатарынан көрінгенін айта кету керек. 

Егін шаруашылығы саласында егістікті әртараптандыру бағытында, су үнемдеу және цифрландыру технологияларын өндіріске енгізуді ұйымдастырып, жоғары өнімділікті арттырған Шиелі ауданына да құрмет грамотасы табысталды.

 Р.S. Сырбойылық шаруалар ала жаздай алқабын баптап, қоңыр күзде жиын терім уақытында жылдық азығын еселеп еңсеріп алады. Бұл еңбеккерлер үшін – молшылық айы саналады. Егінін жинап, төл басын көбейтіп, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін де осы шақ. Осындай мерейлі мезіретте еңбек озаттары осылайша сый құрметке бөленді. «Еңбек ер атандырады» деп осындайда айтылса керек-ті.

 Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: