Сенбі, 27 сәуiр, 03:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ақпараттық иммунитеті әлсіз қоғамның адасуы оңай

18.06.2022

1116 0

Бүгінде медиакеңістіктің болмысы ғана емес, ақпарат құралдарының әсерінен әлемнің де келбеті өзгерді. Ақылды сөзге айналған еркіндік пен теңдік, демократия мен жаһандық құндылық «жабық жатқан» елдерге дейін жетіп, ортақ түсінік қалыптасуда. Ақпарат құралдарының техникалық базасы ұлғайып, қалтафонның мүмкіндігі артқан сайын жаңалықты жасырып-жабу да мүмкін болмай қалғандай. Сондықтан заманауи медиа үрдісті тану, хабар тарату моделін зерделеу кезек күттірмейтін қадамға айналды. Осы орайда журналистиканың даму бағыты мен күрмеулі мәселесі төңірегінде аз-кем ой бөлісудің оңтайлы сәті туған секілді .

Жұрт журналистиканы қоғамның қозғаушы күші, яғни билік құрылымының бөлігі деп қабылдайды. Содан болар, «төртінші билік» ұғымы қалыптасып, аталған мамандыққа маңыз беру басталды. Алайда әлемдік ұғым, интеллектуалды ортаның түсінігі болсын, бұл ұстанымды жақын тұтпайды. Неге десеңіз, журналистика билік те, қозғаушы күш те емес. Журналистика – бейтарап ақпарат көзі. Ал тараған мәліметтің қоғамдық резонанс тудыруы небары әлеуметтік реакция ғана. Себебі тілші еш тарапты таңдамайтын объективті ойлау жүйесі қалыптасқан маман емес пе?!

Мұны айтудағы басты мақсат – мәселенің тінін тарқату. Өйткені саладағы олқылықтың басым дені тіл­шінің тұрлаусыз позициясының салдарынан туындауда. Тізгінді ұстаған журналистің шындықты бұрмалап, әділдікті аласартуы ақпарат толқынында ақиқатты тануға кедергі келтіреді. Дұрысы, бұрысы, жөнді, жосықсыз… Әйтеуір, тілші сөзінен күдік байқалса, халық көкейінде маманның кәсібилігіне күмән молаяры анық.

Орайы келгенде журналиске қойылар талап пен талғам төңірегінде  талай талантты дөп танып, тарлан тілшілерді баптаған Жанболат Аупбаевтың пікірін білген едік. «Егемен Қазақстан» газетін 16 жыл басқарған сақа маман тілші тірлігімен қатар біз байқай бермейтін олқылықты қатар айтты:

– Халықты әділ ақпарат көзінен айыру әлем тынысынан бейхабар қалдырумен тең. Жағдайға байыппен қарай алмау, айналада не болып жатқанын түсінбеу қоғам санасына кері әсер етіп, сапа деңгейін құлдыратуы ықтимал. Ал ақпараттық иммунитеті әлсіз қоғамды жалған мәліметпен адастыру оп-оңай. Арысы, әлемге үн қата алмайтын дәрежеге түсуі бек мүмкін. Мұндай ахуал озбыр билік пен принципсіз тілшісі бар жүйеде ғана болады. Ал отандық БАҚ-та ортақ жолды ұстанатын позиция болса, шындықты салқын ақылмен жеткізу жолға қойылса, аталған келеңсіздік болмасы белгілі. Бұл тұрғыда жағдайдың қай тарапқа құбыларын шешуші – тілші. «Ақ дегені алғыс» қауымның өкілі әділдіктен айнымаса, көптің де көкірек көзі таза болмақ. Қаралауды мақсат тұтса, төңіректі түгел адастыруға қауқарлы. Сондықтан саладағы олқылықтың бастауы да, шешу тетігі де – маман, – дейді қазақ журналистикасының корифейі.

Расында, саладағы олқылық маманға байланысты. Әсіресе, қалыптасқан орта, қоғам түсінігі, саяси бағдар тілшінің болашағын айқындайтын секілді. Мысалы, кей аға буын тілшіде кеңес кезеңінен қалған «әдет» байқалады. Ол – журналистиканы ағартушылық миссиясы деп түсіну. Яғни мақаладағы үгіт-насихат, ақыл айту, жол көрсету ишарасы. Бұл несімен қауіпті?

Бүгінде ғаламдық ақпарат кеңістігінде бейтараптық туралы ортақ қағида бар. Бұл ұстанымға сүйенсек, тілші ақпаратында ешбір саяси күштің сойылын соғуға, өз көзқарасы мен танымын тануға құқығы жоқ. Бейтараптық пен дерекке ғана рұқсат. Сонда ғана оқырман мен көрермен манипуляциядан ада болып, істің мәнісін жете түсінеді. Содан болар, танымал тілшілер соңғы уақытта мақала не сюжеттің түйінен шығаруды қоғамның өзіне қалдыратын тәсілді пайдалануда. Ал «үгіт-насихат» әдісінен арылмаған тілші толыққанды бейтарап ақпарат бере алмайды. Оның үстіне тілшінің өзін түзеуші, ағартушы сезінуі оның бойында кәсіби тілшіні емес, саяси белсендіні оята түседі. Дамыған елдердегі медиа нарықтың күшеюіне осы үгіт-насихат әдісінің тоқтауы себеп болған еді.

БАҚ-тың бүгіні

Журналистиканың даму бе­лесі сан қилы. Ғасырлар бойы үнпарақ, газет, радио, теледидар негізгі ақпарат көзі болғаны белгілі. Енді, міне, бұл санатқа интернет ресурс пен әлеуметтік желі қосылды. Қызығы сол, соңғы екі тармақ жылдамдық пен қолжетімділік тұрғысынан басып озып, өзіндік даму траек­ториясын қалыптастыруда. Тіп­ті, уақыт өте алшақтық ұлғая түсіп, дәстүрлі және заманауи медиа деген айдармен екі арнаға бөлініп үлгерген. Қай бағыт болмасын бастысы ақпарат жет­кізу қызметін мүдірмей атқаруға көмек беріп келеді. Тек екі арнадағы мәліметтің сенім мен қауіпсіздігіне қатысты тартыс әлі толастар емес. Бірі дәстүрлі медианы уақыттан кенжеледі деп айыптаса, енді бірі заманауи медиадағы жалған хабардың сүзгісіз тарауына наразы.

– Бүгінде дәстүрлі журналис­тиканының «жаназасын» шығар­ғысы келетіндер бар. Алайда дәстүрлі медиа уақытпен бірге жасарып, жаңғыра береді. Қазір көп газеттің электронды нұсқасы бар. Өз басым солар берген жаңалықты көбірек оқимын. Көдедей көп сайттардағы көр-жерді сөз еткен ақпараттарға күмәнмен қараймын. Сондықтан дәстүрлі журналистика көш соңында қалып қойды деген байламмен келіспеймін. Ол бол­ған, қазір де бар, алда да бола береді, – дейді «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев.

Не де болса, мәселенің мәнісі тәжірибеде секілді. Себебі Орталық Азия елдерінде ашық медианың белең алғанына жарты ғасыр енді толмақ. Оған саяси ахуал, ақпарат тарату жүйесінің өзгеріссіз болуы ықпал еткені анық. Мысалы, Кеңес үкіметі тұсында цензура үстем болғанын білеміз. Ол тұста саяси қысымның әсерінен әділетсіздікті терең зерттеп, талдау жасаған тілшілер легі аз болды. Сәйкесінше, журналистер саясат, экономика жөнінде өткір мақалаларды азайтып, өнер мен мәдениет тақырыбымен шек­телуге тура келген еді. Ал бұл аралықта шетелдік ақпараттық агенттіктер сараптамалық, зерт­теу жұмысында із кесушіден артық нәтижеге қол жеткізетін санатқа көтерілді. Сондықтан қазақ қоғамындағы медианың қос тармағы өзіндік жолын қалыптастыруға бет алған бағыт десек, ең ұтымды баға болары сөзсіз.

– Интернет дәуірінде баспа БАҚ бұрынғы позициясынан айырылуда. Мұны мойындауға тиіспіз. Біріншіден, бұл интернет­тің жылдам ақпарат таратуына байланысты. Адамдар газеттің келгенін күтпей, жаңалықтарды интернеттен оқитын болды. Бірақ газет оқу – мәдениет, ондай мәдениетті берік ұстанатын адамдар көп. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда газеттер түбегейлі құрып кетпейді деп ойлаймын. Дәстүрлі БАҚ-тың басынан бақ тая қойған жоқ. Оны мына мысалдан көруге болады. Соңғы жылдары Азия елдерінде газет-журналдардың таралымы күрт өсіп келеді. Өйткені Азия құрлығында жер шарындағы ең таралымы көп баспа газеттердің төрттен үші басылады, – деді республикалық  «Халық» га­зетінің бас редакторы Нұржан  Әбжанұлы.

Оқырман да, тілші де – мәселе

Әрине, ақпарат нарығында тұтынушының сұранысына қарай бейімделу ұтымды әдіс. Оған қоса әлемдік ақпарат көздерінің қолжетімділігі мен бағыты жур­налистиканың жаңа қырын ашты. Алайда бұл саладағы олқылыққа көз жұма қарауға болады де­генді білдірмесе керек. Себебі медиадағы кемшілікті түзеу ар­қылы ғана жаңа сатыға көтеріле алатынымыз анық.

Алғашқы олқылық – газет-жорналдағы оқырман саны. Қоғам арасында газет-жорналдың негізгі оқырманы ауыл тұрғындары деген пікір бар. Дегенмен мұндай сыңаржақ ұстаным шындыққа жанаспайды. Қалада да, ауылда да қазақтілді басылымның оқыр­маны жетерлік. Керісінше, мәсе­ленің өзге қырын бағамдаған жөн. Негізгі мәселе – газет оқу мәдениеті. Дамыған елдерде газет-жорнал оқу зиялы қауымның ғана емес, қарапайым халықтың күнделікті әдетіне айналған.

– Баспа ісі, газет-журналдарға деген сұраныс, шығару мен та­ратуда, жаздыруда көптеген түйткілді мәселелер бары рас. Әріптесім Төлен Тілеубайдың жолдаған статистикасын келті­рейін. Қазақстандықтардың 13 пайызы газет-журнал оқиды, шамамен 43 пайызы сирек оқиды, ал 23 пайызы мүлдем оқымайды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жүргізген сауалнамаға қатысушылардың 12,6 пайызы белгілі бір басылымның әр нөмірін дүңгіршектен сатып алатынын, 19 пайызы жазылып оқитынын айтқан. Газет-журналдар таны­малдығы жөнінен интернет пен теледидардан кейінгі үшінші орында тұр.

Сондықтан баспа БАҚ-тың болашағына қатысты тұшымды ой-пікірлер, ұсыныстар БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде жиі айтылуы түсінікті жайт. Бұл жерде бір ескерерлігі, қандай дағдарыс болса да мемлекет «мемлекеттік тапсырыс» арқылы БАҚ-тардың белгілі бір бөлігіне қаржылай қолдау көрсетеді. Ал ондай қолдаудан тыс қалғандар дағдарыс кезінде онлайн-нұс­қасын дамытуға күш-жігерін салды. Ақпарат өндіру мен тара­тудың жаңа формаларын тәжірибеде қолданып көрді. Олар, әсіресе, сараптамалық кон­тенттің, сенімді ақпараттың әрі құнды, әрі оқылымды болаты­нына көз жеткізді. Яғни, олар енді екі жолдың бірі ретінде трансформацияны таңдады деген сөз, – дейді «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан  Әбжанұлы.

Сонымен қатар бүгінгі қазақ қоғамында газет оқуды «артта қалған әрекет» деп түсінетіндер мен «сайттан қарай саламыз» деген жаңсақ ойлы азаматтардың қатары көбейді. Осы орайда тілшілер қауымы қос пікірдің аражігін ажыратып, уәжін сал­мақты жеткізуге тырысуда. Әсі­ресе, дәстүрлі медиа мен заманауи медианың әлеуметтік санаға әсерін жіктеу де белең алып келеді.

– Ақпараттық сайт көбіне тәуелсіз келеді. Ондағы мәлі­мет­ті жариялау алгоритмі мен идеологиясы тұрақсыз әрі ком­мерциялық мақсатқа құры­лады. Оның үстіне теріс пиғылды күштің сойылын соғатын ақпараттық агенттіктердің бары да жалған емес. Осының бәрі мемлекет қадағалауындағы сенімді дерек­көзге негізделген газеттердің өзектілігін арттыра береді.

Бір мысал болсын. Ресей мен Украинаның қарулы қақты­ғысы кезінде ақпараттық тұрғы­да Ресей жеңілді. Орыс қоғамын­да ақпараттық идеология салда­рынан ішкі-сыртқы толқу көбеюде. Мұнда қай тараптың әрекеті дұрыс-бұрысына баға беріп отырғанымыз жоқ. Та­раптардың ақпараттық әдіс-тәсіл­дерді журналистика мен жалпы communication-да қолдана білу айырмашылығын сөз етіп отыр­мыз. Себебі түрлі сайт пен әлеуметтік  желідегі ақпараттық шабуыл адамдарды өзіне қажет ойдың ығына жығып береді. Бізде де ақпараттық қауіпсіздік саласында саңылау бар, бірақ ол басқа мәселе…

Сол үшін «Керек деректі сайт пен әлеуметтік желіден оқимыз» деген уәжді себеп орнына жүр­гізу орынсыз. Әрі-беріден соң шетелдік кез келген танымал басылым газеттің электронды нұсқасына жазылуды жолға қой­ған. Сайтқа да ақылы түрде жазылуыңыз қажет. Біздің қоғам мұндай өзгеріске әзір дайын емес, сондықтан газет-жорналға жазылу ең тиімді шешім болмақ, – дейді облыстық «Ақмешіт жастары» газеті редакторының орынбасары Ерсін Шамшадин.

Шешім қандай?

Шынында, мәселе көп. Шешімі қандай болмақ? Пайымдауымыз­ша, дәстүрлі медиа мен заманауи медианың тынысын кеңейту үшін жүйелі қолдау қажет секіл­ді. Себебі ақпарат та тауар түрі­не жататынын ескерсек, оған тұрақты бақылау мен демеу ар­тық етпейді. Оған қоса отандық ақпараттық өнімнің сапасы да жылдан-жылға жақсарып, әлемдік талап пен ұстанымға сәйкес келуде. Яғни, журналистикадағы демократияның ұшқыны сезіле бастағандай.

– БАҚ-тағы контент сапасын жақсарту үшін перспективалық жоспар қажет. Ақпаратты тарату тәсілінен бастап журналистік зерттеу жүргізуге дейінгі ара­лық жүйелі өзгерісті керек ету­де. Заманауи БАҚ-тағы, яғни ақпараттық сайттардағы олқы­лықты түзетуге де осы бағдарды ұстанған жөн. Себебі кәсіби журналистикада жүйе болмаса,  жағымды өзгеріске қол жеткізу қиын. Алайда жүйе мемлекеттік бақылау мен цензура деген сөз емес. Перспективалы жоспар – тілшілердің кәсіби дамуы мен тәуелсіз журналистика алаңын қалыптастыру жобасы, – дейді Жанболат Аупбаев.

Кәсіби журналистердің дамуын сөз еткенде жалақы мөлшері мен мәртебе мәселесін айтпай кетсек болмас. Себебі кей тілшінің саяси күш пен өзге елдің ақпараттың агенттіктерінің жағына шығуына әлеуметтік мәселе мұрындық болуда. Маман­дыққа адал болғанымен отбасын қамтамасыз етуге жалақы жеткі­ліксіз болса, тәуелсіз тілші мен ашық ақпаратты күту қисынсыз.

Сол үшін қоғам белсенділері журналистердің әлеуметтік жағ­дайын көтеруге үндейтін пікір айтып, мінберден сөйлеуде. Со­ның бірі – сенатор Нұртөре Жүсіп. Депутат БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізу туралы бастама көтеріп, әріптестердің мерейін көтеруге күш салып келеді. Үкімет оты­рысында ол:

– Еліміздегі БАҚ туралы заң­да және Еңбек кодексінде жур­налистердің мәртебесі мен кепіл­діктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, БАҚ туралы заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті журналистердің еңбек ету құқықтары деген бөлім де жоқ.

Отандық масс-медиа «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының пәрменді құралы болуы тиіс. Журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жос­парын жаңадан жасау қажет. БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан журналистерді арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қол­дауды ұсынамыз. Ол үшін Журналист мәртебесі туралы ар­найы заң қабылдау қажет деп ойлаймын, –  деген еді.

P.S. Әрине, журналистиканың келешегі мен тілшілер қауымының әділ сөзінен мән кетпесі анық. Айтылған олқылықтар жөнге түсіп, мемлекет тарапынан қолдау күшейсе, тілшілердің қоғамда ықпалы арта түсері анық. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет құру» идеясының қайнар көзі, халықтың билікпен байланысының күретамыры – бұқаралық ақпарат құралы.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: