Жұма, 19 сәуiр, 13:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Астанада «Өмір ағашы» монументі бой көтереді

15.09.2022

681 0

Нұр-Сұлтан қаласында күмбез түріндегі «Өмір ағашы» монументі салынып жатыр. Бұл туралы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезін ұйымдастырушылар мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі аясында Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, достық пен бірлікті бейнелейтін табиғи-рекреациялық саябақ тұжырымдамасы дайындалған. Елорда әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған жоба Бейбітшілік және келісім саябағы деп аталып, Есіл өзенінің бойынан ашылды. Бүгін съезд делегаттарының қатысуымен саябақта 60-тан астам ағаш отырғызылды.

Қала әкімдігінің Урбанистика орталығының мәліметінше, жобаның негізгі идеясы – «Өмір ағашы» монументі. Бүгінде күмбез түріндегі ескерткіштің қаңқасы дайын, оның ортасына жапырақты ағаш, емен отырғызылған. Ағаш спиральмен және үйлесімді субұрқақпен қоршалады.

«Автор идеясына сәйкес, ғасырлар бойы тамыры тереңде жатқан су мен өмір ағашы жер бетіндегі тіршіліктің нақты бейнесін айшықтайды. Осылайша, инсталляция барлық конфессиялардың келісімге, бейбітшілік пен достыққа шақыруын білдіреді. Күмбез өз кезегінде бір аспан астындағы әлемді бейнелейді. Онда 4 негізгі нүктені – Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығысты білдіретін 4 кіру аймағы болады», – делінген Урбанистика орталығының мәліметінде.

Күмбез қабырғаларында Дүниенің жаратылуын, Қазақстан тарихындағы оқиғаларды көрсететін бейнелер, сондай-ақ қазіргі заманға үндеу ретінде еліміздің аумағында табылған әйгілі ежелгі жартас суреттері – петроглифтер салынады. Ағаштың айналасындағы спираль аспанды (күмбезді) және жерді (су бетін) байланыстырады, осылайша әлемнің нәзіктігі туралы идеяны жеткізеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі делегациялары басшыларының санына сәйкес «Өмір ағашы» монументінің айналасына 60-тан астам жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызылды. Ағаштардың жанына саябақ іргетасының қойылған күні жазылған ескерткіш тақталар ілінеді.

Саябақтың құрылысын аяқтап, пайдалануға беру 2023 жылға жоспарланған.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: