Жұма, 03 мамыр, 21:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Ауыл аманаты» жүзеге аса бастады

05.08.2023

389 0

Ел елеңдей күткен бір жоба болса, ол – Ауыл аманаты». Ауылдағы ағайынның кәсіп көзін тауып, табысын жақсартуды мақсат еткен ізгі жобаның жүзеге асқанын күтіп жүргендер аз емес. Тіпті бір кәсіппен айналыссам екен деп, жоба-жоспарын құрып, ынталанып, ықыласты болып жүргендер аз емес. Бір сөзбен айтқанда елдегілердің үлкен үмітіне айналған бұл жоба жүзеге асса, ауыл тіршілігіне қан жүгірер деген сенім бар.

Жуырда Премьер-министр Әлихан Смайылов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізіп, онда Мемлекет басшысының ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру туралы тапсырмасын орындау мәселесі де қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге қарастырылып, 17 мың шағын несие беру жоспарланғанын, бұл ауылдарда 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретінін айтты.

– Халықпен белсенді жұмыс істеу керек. Аудандар мен ауылдық округтердің әкімдері тұрғындармен тұрақты байланыста болып, микрокредиттің шарттары мен пайдасын түсіндіруге тиіс. 5-7 жылға 2,5%-бен несие беру өте тиімді шарт саналады. Мұны қарапайым тілмен және дұрыс түсіндіру керек, – деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы облыс әкімдіктеріне берілген қаражаттың толық игерілуін, олардың мақсатты пайдаланылуын әрі уақытылы қайтарылуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2023 жылға арналған, бағдарлама көрсеткіштеріне қол жеткізуді бақылауда ұстауды тапсырды.

Аймақта  «Ауыл аманаты» жобасы бойынша сенім білдірген өкіл  «Байқоңыр» ӘКК-не осы жылға қаралған 3 млрд теңге қаржы  аударылған. Бүгінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруды бастап кетті. Жобаға қатысуға ниетті азаматтар қала, аудандағы ауыл шаруашылығы немесе кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдеріне құжаттарын тапсыра алады.

Жобаның қаржыландыру жайына келсек, ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы жеке кәсіпкерлер 2,5  мың АЕК-ке, яғни 8,6 млн теңгеге дейін, ал ауыл шаруашылығы кооперативтері 8 мың АЕК-ке немесе 27,6 млн теңгеге дейін несие ала алады. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Несие мерзімі мал шаруашылығындағы жобаларға 7 жылға, бизнестің өзге де бағыттары үшін 5 жылға беріледі.

Кепіл мүлікке тұрғын үй, пәтер, тұрғын емес ғимараттар, несие сомасы өтелмеген жағдайда қосымша кепіл ретінде жылжымалы мүлік және жер телімі қабылданады. Жобада негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, егін шаруашылығы, мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндерге басымдық беріледі.

Жобаға қатысуға құжат тапсыру үшін ең алдымен жеке кәсіпкер жобаға қатысу үшін тізімге сәйкес толық құжатты жергілікті әкімдікке өткізеді. Жергілікті әкімдік құжаттың толықтығын тексеріп «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолдайды. «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құ­жат­тарды қарауға алып, салалық қорытынды жасап, шешім қабылдау үшін несие комитетіне ұсынады. Несие коми­тетінің оң қорытындысын алған жағдайда, кепілге қойылатын мүлікке тәуелсіз бағалау жасатылады да, келісім шартқа қол қойылып, ұсынылған кепіл уәкілетті органдарда тіркеуден өткізіледі де, несие беру жұмысы жалғасады.

«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: