Жексенбі, 28 сәуiр, 13:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Азаттықтың арайлы таңы: бұл мерекенің маңызы қандай?

19.12.2022

601 0

Азаттықтың арайлы таңы. Бейбіт күннің бесігінде тербелген ұрпақ. Бұл – талайдың арманына айналған құндылықтар. Қазақ осындай жарқын күннің келуін арман еткен еді. Арманымыз ақиқатқа айналды. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырады. Алып империя құрамындағы одақтас республикалар өз алдына жеке мемлекет атанды. Сол жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік» пен «Мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады.

1991 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде даму жолына түсті. Тәуелсіз Қазақстанның алдында үлкен міндеттер тұрды.

Бүгінде мемлекетіміздің тұтастай даму тарихына үңілер болсақ, азаттық, бостандық, тәуелсіздік үшін күрестің толассыз жүргізілгендігін байқаймыз. Тіпті тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де, оны сақтап қалу, болашаққа аманаттау – үлкен борыш. Қазіргі таңда еліміз әлемдік саяси аренада орны бар мемлекет ретінде қалыптасты.

Еліміз үшін Тәуелсіздіктің маңыз­дылығы қандай? Бұл жөнінде кеңірек қозғау үшін Ә.Тәжібаев атын­дағы облыстық әмбебап ғылыми кітап­ханасының директоры, тарих ғылым­дарының кандидаты, «Құрмет» ор­денінің иегері Нұрлыбек Мыңжасты әңгімеге тартқан едік.

– Тәуелсіздіктің мәнін түсіну үшін алдымен біз неге тәуелдіміз деген сұраққа жауап тауып алғанымыз абзал. Мәселен, экономикада шикізатқа тәуелдіміз. Осы саланың драйвері мұнай-газ болса, стратегиялық көрші саналатын ресейліктер Ел Президенті Қ.Тоқаев инаугурация өткізіп жатқанда бізден экспортқа шығарылатын мұнайдың 90 пайыздан астамын өткізетін КТК-ны жауып тастады. Мемлекет басшысы жаңа сайланған Президент ретінде ал­ғашқы ресми сапарын Мәскеуден бастады. Содан кейін КТК қайта іске қосылды. Шикізатқа ғана негізделген экономикамыз саяси тәуелділікке соқ­тырып отыр.

Келесі ретте адамның жеке басы­ның тәуелсіздігі аса маңызды. Тегінде тәуелсіздік деген абсолютті ұғым емес. Біз бәрібір бір нәрсеге бағынуымыз керек қой деп ойлаймын. Әсіре еркіндіктің анархияға апаратыны та­рихтан белгілі. Дей тұрғанмен, бел­гілі деңгейде әрбір адам азат сана тұрғысынан ойлана білуі тиіс. Себебі ешкім дүниеге келгенде біреуге құл болам деп келмейді. Бұл жерде әрине, тәрбие мәселесі бірінші орынға шығады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «ұлды ұлша тәрбиелесең – ұл болады, құлша тәрбиелесең – құл болады» дегені осындайда еске түседі. Демек басты тірегіміз – адам, яғни адами капитал. Тәуелсіздік алғалы бері «алдымен экономика, сосын – саясат» деген ұранға бас ұрып, адамның ахуалы көлеңкеде қалғандай. Тек білімге ғана емес, сонымен теңдей дәрежеде тәрбие мәселесіне де баса көңіл бөлетін уақыт жетті деп ойлаймын. 

Ғылымда «интегралды жан дүние» деген ұғым бар. Яғни өзіңнің ішкі сарайың. Халықтың санасын жаң­ғыртып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылған тұста істің барлығы жеке адамның өзіне  келіп тіреледі. Осыдан тәрбиеге көбірек басымдық беру қажеттігі туындайды. Себебі  білім – аккумилятивті процес те, тәрбие ісі – этикалық үдеріске жатады. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз білім алған адам – адамзаттың қас жауы» дегені осыған меңзейді. Ішкі жан дүниеңді тазарту дегеннен шы­ғады, қазақтың абызы атанған Әбіш Кекілбай ағамыз «Өзімізді өзіміз шыңдап, өзгеде есеміз кетпейтіндей боп  ар-намысқа тырысуымыз қажет. Тәуелсіздіктің бағы сонда ғана жанады. Тәуелсіздік жолында қан да төгілген, жас та төгілген, тер де төгілген. Бірақ ар төгілмеуі керек. Ар-намыс қана тәуелсіздікке тірек бола алады» деп тұжырымдайды. Дана халқымыз «ерді намыс өлтіреді» деп бекер айтпаса керек. Ар-ұят пен намысты тірек ету Тәуелсіздікті баянды етудің басты шарты болса екен деген тілек біздікі. Өмірге еніп жатқан қоғамдық қатынастардың жаңа алгоритмдері, ақпараттық технологияның қарыштап дамуы бізді еңбек ету қабілетінен айырып бара жатқандай әсер береді, – дейді Нұрлыбек Мыңжас.

Оның пікірінше, Тәуелсіздікке ын­тымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз дәлелдеп берді. Халқымызға ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азматы үшін үлкен мереке. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Сондықтан да мемлекеттігіміздің тұғы­рын мызғымастай нығайта түсу – бізге берілген міндет.

Егемендіктің қандай жолмен кел­генін бүгінгі жастар жақсы біледі. Сол үшін де Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, мәңгілік ел болу жолында жастар қызмет етуі тиіс.

– Қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Хал­қымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жеткен бо­латын. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың ұзақ күткен асыл арманы. Сол арманға қажырлы еңбек пен рухты ерліктер арқасында жеттік. Биылғы жылы Тәуелсіздігіміздің 31 жылдығын атап өткелі отырған Қазақ елі бұл күні әлем таныған елге айналды. Мемлекетіміз ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлар, іргелі бағ­дарламалар қабылдап, солардың бәрін сәтті жүзеге асырып келеді. Жаңа Қазақстанды дамытуда жастардың алар орны ерекше. Мемлекетіміз жастардың жан-жақты дамуы үшін барлық мүм­кіндік жасауда. Бір арнаға то­ғысып, бір-бірімізге демеу болып,  сапалы білім алып ел мүддесі жолында қызмет жасауға тиіспіз. Қазақтың әр жасы Тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатқанын мақтан тұтуы керек, – дейді «Қазақстан студенттер Альянсы» РСҚ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сабыржан Қуандық.

Расында, Тәуелсіздік – бүгінгі ұрпаққа берілген үлкен бақыт, халқы­мыздың мәңгілік құндылығы. Еркін ел ретінде халықтың әл-ауқаты көтеріліп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тіл жаңғыра түсті. Соның нәтижесінде бүгінгі ұрпақ бейбіт күн кешіп отыр.

 Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: