Сенбі, 20 сәуiр, 15:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Балалар жылында қандай шаралар өтті?

20.08.2022

2197 0

2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Осыған орай биыл балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөліп, нақты тапсырма берілді.

Жылдың жеті айы өтіп, сегізінші айы да ортасынан асып барады. Аймағымызда айтуға тұрарлықтай қандай іс атқарылды? Облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек,  атаулы жыл аясында аймақ бүлдір­шіндеріне жан-жақты жағдай мен қолдаулар көрсетілуде. Жыл басынан бері аймағымызда 12 мыңнан астам шара өткізіліп, оған 96 мыңға жуық бала қамтылған.

Балалар жылын өз деңгейінде өткізу үшін бекітілген жоспарға сәйкес, 7 бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде.

Алғашқы бағыт «Білімді бала» жобасы  балалардың сапалы білім алуға және жеке тұлға ретінде дамытуға қатысты құқықтарын жүзеге асырып, оқу-тәрбие проце­сінде тәрбие компонентін күшейту болып табылады. Осының негізінде аймақтағы барлық білім беру ұйым­дарында тәрбиелік бағыттағы 11 мыңнан астам шара ұйымдастырылды. Шараға 47311 бала қатысқан. Биыл­дың өзінде 8 мыңнан астам бала өңірдегі лагерьлерде демалған. Ал арнайы санаттағы балалар мен халықаралық олимпиада жүлдегерлеріне 100 велосипед, 10 ноутбук және 20 бүлдіршінге «Балдаурен» республикалық лагеріне жолдама табысталған. Сондай-ақ балаларды қосымша білім берумен қамтамасыз ету мақсатында 23 307 бала мәдени және спорттық үйірмелермен қамтылған.

«Отбасы – қауіпсіз мекен» бағыты баланың берекелі отбасында білім алу құқықтарын жүзеге асыру мен отбасындағы адамгершілік және рухани құндылықтарды насихаттауды қамтиды. Осының аясында қалада көп балалы отбасылар үшін 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Отбасы институтын насихаттау бағытында 300-ден астам шара өткізіліп, оған 8 мыңнан астам ата-ана қатысқан. Сондай-ақ балалар туризмін дамыту мақсатында 3000-нан астам білім алушылар Қорқыт ата кешені, Сортөбе, Жанкент, Сығанақ тарихи орындарына саяхат ұйымдастырылуда.

Үшінші бағыт – «Дені сау бала» жобасының мақса­ты – балалардың, мүгедек балалардың құқықтарын жүзе­ге асыру, балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайту және қорғау болып табылады. Осыған орай, 1-3 жас аралығындағы 26100 бала аудиологиялық скринингтен өткізілсе, 18 жасқа дейінгі 312000 балаға медициналық тексеру жүргізілген. Ал психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 142 балаға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп, мүгедектігі бар 150 балаға иппотерапиялық қызмет тұрақты көрсетілуде. Үйде оқытылып, тәрбиеленетін 1149 балаға да әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 51,5 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар биыл көпбейінді облыстық балалар ауруханасында оңалту орталығы ашылды.

«Баласын жетімсіретпеген ел» жобасы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын іске асыруды қолға алған. Жобаның негізінде «Атамекен» балалар ауылының 2 түлегіне Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранты табысталған.  Сонымен қатар 45 балаға «Қамбаш» лагеріне жолдама беріліп, 14 шығармашылық үйірме ашылған.

Балаларға арналған инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Жайлы мекен» бойынша облыста жыл соңына дейін балаларға арналған бірнеше нысан пайда­лануға беріледі деп жоспарланған. Оның ішінде 6 мектеп, 1 балабақша, 1 оқушылар үйі мен өнер мектебі бар. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында жергілікті кәсіпкерлер 3 жекеменшік мектепті іске қоспақ. Ал 28 мектептен инклюзивті қолдау кабинеті, 47 балабақшадан логопункт және 2 ауданнан инклюзивтік ресурстық орталық пен 2 бала­бақшадан аутизм кабинеті ашылады. Тұрмысы төмен отбасыдан шыққан 500 балаға спорт кешендеріне тегін абонемент табысталған.

Бүлдіршіндердің қауіпсіз даму жағдайларында құқы­ғын жүзеге асыруға бағытталған «Бала қорғау» жобасы  аясында бүгінде барлық білім беру ұйымдары 100% бейнебақылау жүйелерімен қамтылған. Биыл 35 мектепке бейнебақылау жүйелерін жергілікті полиция бөлімдеріне қосу үшін облыстық бюджеттен 252 млн.тг бөлінген.

Ал «BALA_TIME.KZ» ақпараттық сүйемелдеу бағы­ты бойынша республикалық және жергілікті БАҚ-та, әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарда 5074 материал жарияланған.

Аймақ балалары үшін ең үлкен сый – облыс орталы­ғында заманауи үлгідегі оқушылар сарайын салу туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен келісім жасалды. Бұл зәулім ғимарат Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан жаңа тұрғын ауданда бой көтеретін болады. Сонымен қатар 80 спорт және балалар ойын алаңдары салынады. Осы уақытқа дейін қала ішінде 32 алаңның құрылысы басталса, аудандарда 6 ойын алаңының құры­лысы аяқталған және 5-еуінің құрылысы басталған.  Жыл соңына дейін тағыда осы бағыттар бойынша  800-ге жуық рухани-танымдық, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылатын болады.

Балалар жылы деп жариялағанда Мемлекет басшысы: «Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деген еді. Әзірге жыл аясында атқарылған шаралар легі осындай. Бұл шаралар балалардың сапалы білім алып, креативті ойлауына, өздерін дамытуға ықпал етеді деп сенейік.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: