Жексенбі, 05 мамыр, 03:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Бақ байланған босаға

08.08.2023

494 0

Қазақты тарихы терең өнегелі ұлт ретінде өркениетті елдердің бағалай бастауы –  қанымызға сіңген төл қасиетіміздің арқасы.

Өткенге көз жіберсек, ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», «Қызың өссе қызы жақсымен ауылдас бол, ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол» секілді мақал-мәтелдерден отбасында ұл бала тәрбиесінде әкенің, қыз бала тәрбиесінде шешенің орны ерекше екенін, ата-ананың жүрген жолынан өскелең ұрпақ қандай да бір сабақ алып өсетінін көреміз.

Ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан тәрбиенің қайнар көзін ұрпақ бойына сіңіріп, шағын мемлекетті басқарып отырған өнегелі отбасын көріп, риза боламыз. Салт-дәстүрімізді қаймағын бұзбай сақтай білген, өнегелі отбасылар ұлтымыздың озық дәстүрін жалғастырып келеді. Аналарымыз  отағасын пір тұтып, алдынан кесе көлденең өтпей, қас-қабағын бағып, бала-шағасына да әкені құрметтеуді үйретеді. Өнегелі отбасынан ақылды, парасатты, ұлттық құндылықты бойына сіңірген үлгілі ұрпақ өсіп шығады.

Осындай қоғамға үлгі қылатын өнегелі де, өнерлі отбасылардың бірі – Байұловтар отбасы.  Олар берекелі бірлік пен адал еңбектің арқасында жетістікке жетіп, талай шыңды бағындырып келеді. Үлкендер салған сара жолдан адаспай, қиындыққа қажымай, бойындағы Құдай берген өнерді мәпелеп, елге үлгі болып келе жатқан отбасында шынайы сыйластық пен үлкенге құрмет, кішіге ізет жасау басты қағида.  Осы құндылықтарды елге насихаттау, өнерлерін паш ету бүгінгі қоғам үшін аса қажет екенін түсінген Байұловтар отбасы дәстүрлі түрде өтіп жүрген «Мерейлі отбасы» конкурсына қатысуға өтініш береді.  Осылайша қалалық іріктеу кезеңіне өтіп,  одан I орын  алып, жеңімпаз атанды.

–       Әуелі Алла, содан соң әкемнің қанымен келген қажыры, берген тәрбиесі, шаңырағымыздағы ақ жаулықты анамыз, сосын үйдегі балаларымның анасының арқасы. 2014 жылы алғаш  рет «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауға отбасымызбен қатысып, «Мерейлі жас отбасы» атанған едік.

Енді, міне, араға 9 жыл салып ұлттық жобаға қалалық кезеңге қатысып, «Мерейлі отбасы-2023» ұлттық жобаның қалалық кезеңінен 1 орынды иелендік.

Бұл жоба еліміздегі отбасы институтын нығайтуға, жас отбасыларға үлгі болатындай үлкен жоба. «Отбасы – шағын мемлекет» деп бекер айтылмаған. Әдетте жақсылықтың бәрі отбасынан басталады. Отбасы – жұртты жақындастырушы, ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы, ұрпақаралық тұтастықтың отын жағушы қасиетті ұя. Сондықтан да отбасы – барша адамзатқа ең жақын, ең қасиетті ұғым. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болады. Отанның бір бөлшегі отбасыңа ештеңе де жетпейді. Өйткені отбасы – табиғаттың әр адамға сыйлаған керемет бір сыйы. Соны мәңгі есте сақтап, ұмытпаған жөн. Осы ұлттық жобаны ұйымдастырушы қалалық қоғамдық даму бөліміне, Қызылорда қаласы әкімдігіне арнайы алғыс айтамыз, – дейді Ғ. Байұлов.

Айта кетейік, жеңімпаз Байұловтар отбасының ұйытқысы анам Назипа Оразалиева  1946 жылы дүниеге келген. Қазіргі уақытта немерелерін бағып қағып, тәрбие беріп отырған зейнет жасындағы ардақты әже, – дейді отағасы Ғани Байұлы. 

Өнегелі шаңырақтың отағасы Ғани Байұлов 1979 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, философия ғылымдарының докторы.

Жұбайы Гүлнұр Жағалова 1979 жылы туған. Қорқыт ата атындағы университеттің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі. Көпбалалы ана, күміс алқа иегері.

Шаңырақ көтергендеріне 20 жыл болған өнегелі отбасында 6 бала тәрбиеленуде. Үлкен ұлдары Мағжан Қорқыт ата атындағы  университеттің 2 курс студенті. Қалған балалары Бәйтерек SCHOOL мектебінің оқушылары.

«Отан отбасынан басталады» деген қағиданы берік ұстанған отбасы «Түп қазығың – Отаның, ар намысың – тілің, кәусар бұлағың – ұстазың, қамқоршың – әкең, ақылшың – анаң» деген сөздермен қанаттанып, көпбалалы, жастарға үлгі боларлықтай отбасы болуды армандаған Байұловтар отбасы балаларын жақсылыққа, адамгершілікке, әдептілікке тәрбиелеуде.

Отағасы Ғани Байұлов ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесімен Қорқыт ата  университетінің «Үздік түлек», «Халық алғысы» медалімен, «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған. ҚР Президентінің алғыс хаттарымен, облыс әкімінің, қала әкімінің, «Аманат» партиясы төрағасының алғыс хаттарымен, Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар 2014 жылы алғаш рет өткізілген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының «Жарасымды жанұя» номинациясын жеңіп алған. Биыл отбасы күніне орай өткізілген «Зияткер отбасы» интеллектуалды сайысының  I орын иегерлері.        

Үлкен ұлдары Мағжан Бекқожаев университет қабырғасындағы шараларға белсене араласып, марапаттарға ие болуда. Балалары мектепішілік сайысқа, олимпиадаға, байқауға белсене қатысып, жүлделі орынға ие болып, әулеттің мерейін өсіруде.  

Отбасың аман болып, шұғылалы күндей үлкендердің ақ батасымен өсіп-өніп, ұрпақтар сабақтастығын жалғап, өнегелі ісіңнен тәлімді тәрбие алған ұлағатты ұлың, инабатты қызың үлкендер салған сара жолды абыроймен жалғастырса, міне, шын бақыт осы. Бойына қазақы қадір-қасиетті жиған Ғани Байұлы отбасы шын бақыт иесі  екенін дәлелдеп келеді. Мерейлі отбасына біз де бақ пен бақыт тіледік.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: