Жексенбі, 13 қазан, 03:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№81-2091
12.10.2024
PDF мұрағаты

Бақыт мекені

05.08.2023

487 0

Ортақ отаудың  шамын маздатып, әулеттің мақтанына айналып, берекелі тірлік кешкен отбасыларды көргенде сүйсініп, үлкендер жағы «бәрекелді», «тіліміз тасқа» деп мақтап, елге үлгі қылатынын  күнделікті өмірде  көріп жүрміз.   

Ата-бабалардың сән-салтанатпен жеткізген казақы салт-дәстүрінің қаймағы бұзылмай, ері ардақты, қызы салмақты болғанға не жетсін? Ата-ана салған сара жолмен жүріп, үлкендерден бата алып, жақсы отбасы атанып, өздерінен өрбіген ұрпағын ұлықты, қызын қылықты, ұлын білікті етіп тәрбиелеп, Отанға да, отбасына да адал қызмет етіп жүрген ерлі-зайыптыларды көргенде мерейің тасып, көңілің көтеріліп қалады. Қазақтай жайсаң да, ұлықты елдің перзенті болғаныңды мақтан етесің. Жаңа шаңырақ көтерген жас отбасылар сол үлгілі үрдістен тәлім алса дейміз.

Шындығында неке Алланың қалауымен болады. Оның қасиет пен киеге толы болуы да сондықтан.  Бақытты отбасы болу үшін тонның ішкі бауындай татулық пен мейірім керек. Татулықтың туын көтерер отағасы байсалды, байыпты болса, берекенің бесігін тербететін отана­сы шыдамды, мейірімді болса, отау­дың оты өшпейді, шаңырақ шай­қалмайды. Сыр елінің мақтанына айналған бақытты шаңырақтың бірі – Сұлтановтар отбасын ел үлгі етеді.

Өнегелі үрдісті бойына сіңірген әулет жақында өткен  «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қала­лық кезеңіне қатысып, жүлделі екінші орынды иемденіп, жеңімпаз атанды. 

Мерейлі отбасының ішкі тәр­тібі мен тәрбиесі ерекше. Айта кетейік, үйдің отағасы Жеңіс Егізбаев 1958 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол түрлі мекемелерде электрик болып жұмыс істеп, «Қызылорда тазалығы» меке­месінен зейнеткерлікке шыққан. Жұбайы Кәмилә Егізбаева 1959 жылы дүниеге келген. Мамандығы – есепші. Қазір  зейнеткер. Ерлі- зайып­тылар1980 жылы шаңырақ көтерген.

Үлкен ұлы Сәбит Сұлтан 1981 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Мұнай газ сала­сында еңбек етіп, қазір «Петро­КазахстанҚұмкөлРесорсиз» ЖШС-да қаржы департаментінде салық бөлімінің басшысы қызметін ат­қарады. Еткен еңбегі еленіп, әр жылдары облыс әкімінің, басқарма басшысының алғыс хатымен, «Қайырымдылық керуені» атты рес­публикалық акциясының алғыс хатымен марапатталған. Сұлтановтар отбасы  спорттық сайыстан екі мәрте бас жүлде алған.

Қоғамдық жұмысқа белсене ара­ласады. Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, қоғамдық кеңестің бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы, облыстық от­басылық-демографиялық саясат жөнін­дегі комиссияның мүшесі, сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жанындағы арнайы мониторингтік топ мүшесі.    

Жұбайы Айнұр Сұлтан жеке фир­мада жұмыс істеген. Қазіргі уақытта бала күтімімен үйде отыр. Ол – көпбалалы ана,  күміс алқа иегері. Екеуі 6 бала  тәрбиелеп, ата-анасына қамқор болып отырған өнегелі отбасы.

Отбасының ұстанымы тәрбиесі ерекше. Алғашқы кезекте өмірге әкелген перзенттерін жан-жақты тәрбиелеуге ұмтылады. Соның арқасында балалары өнермен қоса, спортпен де айналысып, мектептегі қоғамдық жұмысқа белсене ара­ласады. Бір қуанарлығы, үлгілі от­басындағы балалар спорттың бірнеше түрімен айналысады. Олар өнерден де құралақан емес. Талай сайысқа қатысып, жеңіске жеткен. Қоршаған ортаны қорғап, күтіп баптау да бұл отбасына жат емес. Өз ауласын жасыл желекке айналдырып, аяқсу келмесе де, бау-бақшасын жайқалтып отыр.  

Үлкен қыздары Дариға зияткерлік мектеп оқушысы, америкалық «FLEX» бағдарламасы арқылы 1 жыл тегін оқу грантының иегері атанды. Екінші қызы Фарида халықаралық «Музыкальное созвездие» байқауы­ның 1 орын иегері. Ұлы Ахмет қалалық велоспорт жарысының  жүлдегері болса, екінші ұлы Ерсейіт қалалық «Үздік аула-2022» конкурсының «Ең жас бағбан» номинациясының иегері.

Мәрттігімен айналасына шара­патын тигізіп отырған Сәбит Сұлтан көп балалы отбасынан шыққан. Өмірдің ащы-тұщысын терең зерделейді. Оның бала күнгі арманы айналасындағы тұрмыс тауқыметіне ұшыраған жандарға қол ұшын созып көмектесу. Бүгінде өзі секілді он жігітті ұйымдастырып, үш жыл ішінде үш отбасыға баспана сыйлаған. Он жігіт, он түрлі саланың өкілі. Жомарт жандар ай сайын жалақыларынан түскен табыстан қайырымдылық жәшігіне қаражат жинайды. Асып-тасып бара жатқан дәулеті жоқ, бірақ жүректерінде мейірім мен иман байлығы бар азаматтар тұрмысы төмен отбасы­ларына көмек беріп келеді.

Жомарт жандар пәтерден-пәтерге  жан сауғалап жүрген, өзі де, балалары да сырқат  Нұргүл Боранбаеваға қала орталығынан 2 бөлмелі пәтер алып берді. 38 жас­тағы Нұргүл көз мүгедегі, 5 баласының мүмкіндігі шектеулі. Тағы мұнан бөлек, Аружан есімді қыз «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы отбасындағы жағдайды баяндап, баспана алып беруге көмек сұрайды. Аружанның әкесі қайтыс болған. Ал анасы онкологиялық аурумен ауырады. Әлеуметтік жағ­дайы төмен. Көпбалалы отбасы 6 баланы тәрбиелеп, 1 баспанаға қол жеткізе алмай қиналып жүргенін көріп, Аружанның отбасына Сәбит бастаған команда қала орталығынан 3 бөлмелі пәтердің кілтін табыс еткен. Қазіргідей қиын жағдайда тығырықтан шығарып, көмек берген жомарт жігіттерге Аружанның алғысы шексіз. Тағы бір отбасын қанатының астына алған Сәбит бастаған жомарт азаматтар жалғызбасты Мәдина есімді келін­шекке 2 бөлмелі жылы да, жайлы пәтер сыйлаған. «Оның қызы Айзере үйдегі мүгедек інісіне массаж жасап, сабағын оқып, ал кешкілік анасына тегеш-тегеш қамыр илеуге көмектеседі екен. Олар самса пісіріп, күнелтеді. Айзереден «кім болғың келеді?» деп сұрағам, ол құлағыма: «массажист» деп сыбырлады. «Неге?» деген сауалыма: «інім Айсұлтанды емдеп, аяққа тұрғызсам деймін» деді. Бұл сөзді естігенде көзіме ерік­сіз  жас  келді. Ол қыз болып әде­­мі көйлек туралы армандамайды, оның ойы – бауырының амандығы», – дейді біздің кейіпкеріміз ұлағатты от­­басының ұйытқысы Сәбит Сұлтан.

Қазақтың қара шаңырағының қасиетін, отбасылық одақтың бүтін­дігін қастерлеп, кейінгі ұр­паққа ұлағатпен жеткізіп отыр­­ған Сұлтановтар отбасы қара­пайымдылығымен ерекшелене­ді. Ал қарапайымдылық, ізгіліқ қасиет­ті Алла жүрегі кең, адамгерші­лігі мол, ақылы кемел, жан сарайы таза жандарға сыйға тартады.  Сұлтановтар отбасында ұлттық болмысын қастерлейтін, өнерін бағалайтын, халқымыздың сан ға­сырлық ғұрпын ұстанған ұр­пақтар өсіп келеді.  Осындай үрдіс әр шаңыраққа дарып, құт қонған мерейлі отбасылар көбейсе дейміз. Біздің елдің асыл мұраты  да осы.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: