Дүйсенбі, 26 ақпан, 07:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16 (2026)
24.02.2024
PDF мұрағаты

Болашақтың мамандығы қандай болмақ?

17.08.2021

1652 0

Осыдан он жыл бұрын екінің бірі заңгер, экономист, есепші мамандығын таңдады. Ал қазір жоғары жалақы төленетін ІТ-маман, СММ мамандары сұранысқа ие. Осыдан-ақ әлемнің көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқанын аңғаруға болады. Тіпті алдағы уақытта бүгінгі көп мамандық жарамсыз болып қалуы да мүмкін. Болашақта қандай мамандарға сұраныс артады? Бұл жөнінде сарапшылар түрлі пікір айтып, зерттеушілер жан-жақты зерттеу жүргізіп жатыр.

Бала күнімізден «Болашақта адамның жұмысын роботтар істейді» деген сөзді жиі естіп өстік. Бүгінде бұл жастар мен оқушыларды мазалайтын басты сұраққа айналды. Өйткені қазір студенттер оқып жүрген мамандық алдағы он жылдықта сұранысқа ие болатынына ешкім кепілдік бермейді. Әрине, ол уақыт еншісінде. Дегенмен бұрынғы кей алпауыт зауыттар мен фабрикалар бүгінде жұмыс істемейді. Сол секілді болашақта роботтар мен автоматтандырылған жүйе ауыр әрі қиын жұмысты өздері істейтін болады. Соған байланысты адамға жұмыс көзі азайып, бізге таныс мамандықтар болашақта қажет болмауы мүмкін. Тіпті біліктілігі төмен қызметкерлер бәсекеге ілесе алмай қалуы да ғажап емес.

Республикалық «Еңбек.кз» сайтындағы жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласында алдағы 5-10 жылдағы сұранысқа ие және мүлдем жойылатын мамандықтар анықталған. Осыған орай болашақта қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын сіздерге ұсынуды жөн көрдік.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Болашақта мүлдем жаңа мамандықтарға қажеттілік туады. Роботтар жұмыс істей бастайды. Қазір ғылым генді инженерия мен биология саласын дамыту үшін жұмыс істеуде. Әзірге барлық компьютерлер адам миын алмастыра алмайды. Бірақ жасанды интеллект бар. Барлық қиын жұмысты компьютерлер мен роботтар атқарады. Біздің мамандық туралы барлық түсініктеріміз өзгереді. Сондықтан біз қаласақ та, қаламасақ та жұмыс орындары қысқара бастайды», – деген еді. Расында, сарапшылардың айтуынша, алдағы 10 жыл көлемінде қазіргі мамандықтардың 47 проценті жойылады. Зерттеу нәтижелері бойынша мектепте оқып жатқандардың 65 проценті болашақта енді пайда болатын мамандық иелері атануы да мүмкін.

ІТ – КЕҢІСТІКТІҢ БАСТАУ АЛАҢЫ

Бүгінде кеңсе қызметкерлерінің орнына мәселенің шешімін адамға қарағанда жылдам табатын әрі тиімді жұмыс атқаратын ақылды компьютерлік жүйелер келуде. Алдағы уақытта ақпараттық технология адам өмірін түбегейлі өзгертеді. Себебі біз кез келген қашықтықта оңай сөйлесіп, жұмыс істей аламыз. Болашақта редактор, дизайнер мамандығы жедел редакциялауды қамтамасыз етеді. ІТ-инфрақұрылымдардың күрделенуі мен дамуы саланың басты сипатты белгілерінің бірі болады. Сондықтан ақпараттық технология барлық жаңа салаға еніп, үнемі кеңейтіліп отыратын әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа жобасына айналады. Алдағы уақытта ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді техникалық қолдау жөніндегі мамандар, жүйелер бойынша кеңесшілер, веб-парақты жасаушы, Call орталықтарының операторлары сұранысқа ие болмай, бұл қызмет түрлері жойылуы да мүмкін.

ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

Еліміздегі энергетика саласының энергия генерациясынан, оны бөлуден, пайдаланудан бастап, тұтынуды басқаруға дейінгі барлық сатылары зерттелуде. Бүгінде 32 жаңа мамандық әзірленіп, 5 өзгеретін және 10 жойылып бара жатқан мамандық анықталған. Қазақстанда қазірдің өзінде күн мен жел электр энергиясының шамамен 2,5 проценті өндіріледі. Алдағы он жылда ол 10 процентке дейін өседі. Сондықтан болашақта осы салаға мамандар көбірек қажет болады. Атап айтсақ, энергомәдениеттердің агрономы –аймақтың табиғи және климаттық жағдайларына сүйене отырып, энергия өндірісі үшін оңтайлы ауылшаруашылығы дақылдарын анықтайтын мамандық. Сондай-ақ биоэнергетик, микробалдырлар бойынша микробиолог, регенерация және кәдеге жарату жөніндегі инженер, реакторлық жабдық инженері мамандықтары сұранысқа ие болмақ.

Сонымен бірге «Ақылды желілер» жобасы елімізде бес жылдың ішінде жүзеге асады деп жоспарлануда. Бұл бағыт жеке маманға ғана емес, цифрлық өнімді әзірлеуге дайын ІТ компанияларға да қызықты болуы мүмкін. Алдағы уақытта бұл бағыт елімізде тұтыну жүйесін қалыптастыруға әсер етіп, үйлер мен кәсіпорындарда энергия тұтынуды басқарудың маңызды бөлігіне айналмақ.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ АРТАДЫ

Еліміздің экономикасында аса маңызды орын алатын саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Бұл саланы жандандырып, әрі қарай дамыту үшін түрлі болжамдар жасалуда. Осылайша жаңа мамандық әзірленген. Әсіресе егін мен мал шаруашылығы белсенді дами береді. Оның ішінде мал, құс және өсімдік шарушалығы өндірісі қалдықсыз толығымен қайта өңделеді. Олардан экологиялық таза тыңайтқыштар мен биогаз алынады. Осыған байланысты экотехнолог мамандығына сұраныс артады. Олар мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының қалдықтарын қайта өңдеуге қажетті технологиялар мен құрал-жабдықтарды біледі. Қайта өңдеу үдерісін ұйымдастырады. Сондай-ақ заман талабына сай биотехнолог-микробиологы мамандығы ауадай қажет болады. Негізгі қызметі – барлық улы заттарды жойып, қышқылдану-қалпына келтіру процестерін орындауға қабілетті микроорганизмдердің штамдарының көмегімен су қоймаларын (суаттарды) тазалау әдістерін әзірлеу.

Сонымен қатар «ақылды мал» шаруашылығы, «нақты» егіншілік өңдеуді автоматтандыру қолға алынады. Болашақта барлық мал шаруашылығы фермасы бір-бірімен байланысты кешен ретінде бірыңғай сандық жүйеге көшеді. Мал шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңінің ең жарқын көрінісі – роботтандырылған сүт фермалары. Елімізде бұл жоба жүзеге асса, сүт фермаларында мал күтуші роботехник мамандары қажет болады. Олар сауыншы роботтар, автоматтандырылған азықтандыру жүйесі, көң жинайтын роботтарды басқарады. Ал робототехника бойынша оперотор мамандары егін шаруашылығында топыраққа химиялық талдау жасайтын, арам шөптермен күресетін, тұқым егу үшін топырақ пен егістің жағдайына мониторинг жасайтын роботтармен жұмыс істейді. Сондықтан егістіктер мен өңдеу өнеркәсіп саласын таңдап, роботтарды басқарғысы келгендер болашақта жоғарыдағы мамандықтарды таңдауы керек. Алдағы уақытта елімізде қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығарып, экспорттың әлеуетін арттыруға атсалысатын мамандар да сұранысқа ие болмақ.

Сондай-ақ цифрлық технология дамыған кезде қол еңбегі мамандықтары мен ақыл-ой еңбегінің қарапайым мамандарының бір бөлігі қысқарып, олар автоматтандырылады. Атап айтсақ, 2025 жылы қазіргі жем беруші, жұмыртқа қабылдаушы (сұрыптаушы), ет өнімдерін өлшеп ораушы мамандарының қол еңбегін роботтар алмастырады. Сонымен бірге өзгеріске ұшырайтын мамандықтар да бар. Мәселен, наубайханаларда нан-тоқаш және астық өнімдерін дайындау үшін роботты басқаратын операторлар жұмыс істеп, нанға арналған қалыптарды ашу және түсіру үшін екі роботты жүйелер қолданылады.

ҚҰРЫЛЫСШЫ РОБОТТАР

Жаңа мамандықтар атласы Қазақстанның құрылыс саласын инженерлік ізденістер мен жобалаудан, құрылыс-монтаждау жұмыстарынан бастап құрылыс алаңындағы құрылыс материалдарына, жабдықтар мен техникаға дейінгі барлық сатыларды зерттеді. Нәтижесінде 17 жаңа мамандық әзірленіп, 16 жоғалып бара жатқан мамандық анықталды. Егер жастар технологиялық кезеңдерді цифрландыруға қызығушылық танытса, онда болашақта осындай кәсіптер кең етек жаймақ. Атап айтсақ, сандық жобалаушы, ақылды үй жобалаушы, виртуалды жобалаушы мамандықтары жаңадан ашылмақ.

ХХІ ғасырда елімізде құрылыс қарқынды дамыды. Жыл сайын көз тартар зәулім ғимараттар салынуда. Алдағы уақытта да технологиялық кезеңдерді экологияландыру қолға алынады. Құрылыстан қалған қалдықтарды да жүзеге асыру көзделуде. Осыған орай «Жасыл» жобасы, «Жасыл» технология жүйесі пайда болып, олар аталған саланы дамытуға мүмкіндік береді.

Бірте-бірте құрылысшылар мен жұмысшыларды алмастыратын – 3D-принтерлер мен роботтар жұмыс істей бастайды. Сол кезде құрылыс саласындағы бірнеше мамандық жойылып кетуі мүмкін. Мәселен, жүк көліктерін жүргізуші, сылақшы, тас қалаушы, терезеге әйнек салатын жұмысшы, шатыршы, дәнекерлеушілердің жұмысын роботтар атқарады.

АДАМСЫЗ КЕН ОРЫНДАРЫ МЕН САНДЫҚ ЕГІЗДЕР

Болашақта мұнай-газ саласындағы өнірістік процестер айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Бүгінгі мұнайшылардың бейнесі өткен тарихқа айналады. Алдағы 10-15 жылдың көлемінде кен орындары қаңырап бос қалады. Жұмыстың көп бөлігін қалада басқаруға болатын машиналар немесе оларға енгізілетін басқару бағдарламасы бар роботтар орындайды. Мұнай-газ саласының инженері цифрлық модельдерін құрастыратын ІТ маман болады. Сондықтан «ІТ-диспетчері» мамандығы сұранысқа ие болады.

Мұнайдан көптеген заттар жасалатынын бәрі біледі. Атап айтсақ пластик, резеңке, отын және тамақ өнімі. Көп ұзамай біздің елде де түрлі тауарлар шығарылатын болады. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындары ашылып, олар елге жоғары табыс әкеледі деп күтілуде. Ал білікті химиктерге өз-өзін танытуға жол ашылады. Егер мұнай

өнімдерінен өнім шығаратын маман иесі болғысы келсе, төмендегі жаңа мамандықтарды меңгерген жөн. Мәселен, есептеу химиясы инженері, жаңа материалдарды әзірлеу жөніндегі химик-зертханашы, тағы да басқа мамандықтар қосылады. Сонымен қатар мұнай саласында қарапайым жұмысшылар істейтін жұмыс түрлері қысқаратын болады.

Қанша жерден ақпаратты технология дамып, роботтар іске қосылғанымен жақсы маманға деген сұраныс қашанда жоғары болары сөзсіз. Сондай-ақ біздің түсінігімізше, мамандықтың басым көпшілігі жойылмайды, керісінше жаңа деңгейге ауысады.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: