Жұма, 19 сәуiр, 02:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Бүгінгі бала қандай мәселемен кездеседі?

27.08.2022

668 0

Заман қарыштап дамыған сайын ағым «заңын» ұғыну және оған бағыну маңызды. Бұрын балалар көп уақытын отбасымен, мектеп немесе арнайы үйірмелерде өткізетін. Ал қазіргі кезде балалар ерте жастан техникамен, интернет ресурспен бетпе-бет кездеседі. Соның әсерінен олар ерте жетіліп, эрудициясы дамыған болып өсуде. Дегенмен психика мен денсаулыққа байланысты мәселесі болуы мүмкін. Міне, бүгінгі мақалада осы тақырыпты қаузап, мәселе мен оның шешілу жолын анықтап көруді жөн көрдік.

Қазіргі заман балаларында сөйлеу мәнерінен бөлек сөздік қор мәселесі де бар. Көп ата-ана балаға ертегі оқу, бесік жырын айтудан гөрі мағынасы жоқ видео, теледидардан мультфильм қосып беруді қош көретіні жасырын емес. Тіпті қандай бейнематериал көруді баланың өзінің тапсырым, таңдауға мүмкіндік береді. Бұл кезде балада сөйлеуден бұрын тыңдау, есту қабілеті алға басады. Соның әсерінен баланың сөздік қоры көбеймей, сөйлеу мәнері дамусыз қалуы мүмкін. Бұл өз кезегінде баланың өзі көрген мультфильм кейіпкерлері секілді айқайлау, қылық жасауына әкеп соқтырады. Одан бөлек баланың логикалық ойлау қабілеті, фантазиясы да дамымауы мүмкін.

Экономикалық ахуал да балаларға кері әсер ететін жайт аз емес. Тұрмыстық жанжал көбейген заманда психо­логиялық тұрғыда қиындыққа ұшырау факторы артты. Тіпті балалар арасындағы экономикалық бәсекелесіктің кесірінен өзін ыңғайсыз сезініп, қоғамнан алыстайтындар да бар. Одан бөлек жұмыс басты ата-анамен еркін сөйлесе алмауы, тіпті тілдесуге уақыттың болмауы баланың психологиясына кері әсер етіп жатады. Бұл тұста әр ата-ана ең бірінші кезекте баланың моральдік жағдайына жіті көңіл бөліп, емен-жарқын сөйлесуді қолға алуы керек.

Балаларға кез келген уақытта қолжетімді ойын-сауық, яғни әлеуметтік желі, телешоу мен бейне ойындар мотива­цияға жауап беретін дофамин гормонын арттыру арқылы ләззат әкеледі. Адам қашанда жайдарлы эмоциямен байланыстыратын дүниені жасауға бейім. Сондықтан біздің миымыз қандай да бір әрекеттен жағымды эмоция алып, сондықтан ол істі жиі жасауға итермелейді. Ал бүгінгі балалар кітаптан гөрі «YouTubе» плафтормасындағы видеоны қызықтағанды жөн көреді. Осылайша оңай дүниеге құмартатын адамды келешекте қиын істерден қорқуына әкеп соқтырады. Бұл мәселені шешу үшін қызықты отбасылық күндерді ұйымдастыруға болады. Мысалы, бір күн үйде ешкім смартфон, телевизор қолданбауға шарт жасасса, бала бірден кітап оқып кетпесе де жай ғана үйді тазалау жұмысын да ерекше қызығушылықпен істейді.

Бүгінгі мектеп оқушылары үшін маңызды фактор – балалардың мамандықты ерте таңдауы мен оқу орнына түскенде жоғары бәсекелестікке тап болуы. Қосымша оқу курстары, мектептегі кешенді оқу бағдарламасы,  тапсырмалардың шамадан тыс жүктелуі эмоционалды және интеллектуалды күйзеліске алып келуі мүмкін. Бұдан бала шаршап, оқу мен хоббиге деген қызығу­шылығын жоғалтады. Сол үшін де балаға стрессті спорт, медитация және сүйікті ісімен шұғылдану арқылы жеңуді үйрету маңызды.

Баланың күнделікті өмірінде түрлі үйірме мен қосымша сабақ даму үшін пайдалы. Бірақ баланың әр күні минутпен жоспарланған болса ол өсудің негізгі сәтінен – еркіндіктен құр қалады. Есейе келе ата-анасының жүктеген тапсырмасымен өскен балалар өз уақытын жоспарлай алмайды. Өйткені олар өз бетінше ойлауды, таңдау жасауды және шешім қабылдауды үйренбеген. Сондықтан баланың бір күнін бос ету, еш тапсырма жүктемеу маңызды. Мұндай кезде бала қызықты, істейтін істі өзі іздеп табады.

Бүгінгі күннің негізгі кемшіліктерінің бірі – «оты­рықшы өмір» салты. Балалар көп уақытын мектепте, содан кейін үй тапсырмасын орындаумен өткізсе, бос уақытты жиі гаджетпен байланыстырады. Тұрақты физикалық белсенділіктің болмауы ұйқының бұзылуына, салмақтың артуына және стресске төзімділіктің төмендеуіне әкеледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша 5 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың дене белсенділігінің нормасы күніне кемінде 60 минутты құрайды. Мұндай кезде балаға ұнайтын ата-анасымен бірге жаяу серуендеу немесе спортпен айналысу секілді цифрлық құрылғысыз әрекеттер көмектеседі. Интернетте уақыт өткізуге шектеу қою да маңызды.

P.S. Бүгінгі бала өмірінде кездесетін мәселенің көбі заманға сай дүниелер. Қоғамдық орта, дамыған технология мен білім беру бағдарламасы қазір күрделенген. Бұл кезекте ата-аналардың басты міндеті – мәселе мәнісін анықтап, оны шешу жолдарын қарастыру. Яғни баланы компьютер ойындарынан шектеу емес, оның орнын пайдалырақ нәрсемен алмастыру және ата-ана өзі де сол іс-әрекетке қатысуы маңызды. Балаңызға әлеуметтік желінің зиянын түсіндіріп және шектеп қана қоймай өзіңіз үлгі көрсеткеніңіз абзал.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: