Бейсенбі, 28 наурыз, 14:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Бұл – Желтоқсан көшесі

19.12.2022

749 0

Зейініңмен көрсең біраз зерделеп,

Тарихтан айтам аз-кем мен дерек.

Тәуелсіздік ақ сүтіндей ананың,

Қандай бақыт! Қандай биік тең келед(і).

Желтоқсан оқиғасы – тәуелсіздіктің қастерлі құндылығын айғақ­таған кезең. Осынау орны ерек оқиға ел жадынан өшпек емес. Ел егемендігі жолында ерліктерімен есте қалған желтоқсаншы жастарға арналған облыс орталығындағы Желтоқсан көшесі соларға көрсетілген құрмет белгісіндей.

Сәрсенбінің сәтті күні жаныма фототілші Нұрболат Нұржаубайды ертіп, сол көшеге бардық. Зулаған көлік, шулаған дыбыс санаңды сілкілейді.

Желтоқсан – қала орталығындағы ең үлкен көшенің бірі. Көшелі елдің келешегін көшесіне қарап тануға болады емес пе. Еуразия спорт кешені, «Қайсар» футбол клубы, қалалық су шаруашылығы бөлімі, жеке кәсіпкерлік нысандар, қалалық мәслихат ғимараты мен орталық алаң бәрі-бәрі жіпке тізген моншақтай осы көшеде орналасқан. Барлығы шаһар шырайына әр беріп, сәулетіне сән қосқандай.

Жалпы Желтоқсан көшесі еліміздің барлық өңірінде, қала, аудан орталықтарында бар. Ал біз Қызылорда қаласындағы Желтоқсан көшесінде тұрып, ары-бері өткендерден пікір алдық.

– Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні Желтоқсан­мен тығыз байланысты. Бұл азаттықтың астарында алаш жастарының мұңы мен сыры астасып жатыр. Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызы уақыт өткен сайын тереңдей түспек. Кеңестік билікке қарсы өкпе-наз 1986 жылы 16 желтоқсанда жастарды алаңға алып шықты. Осы бас көтеруден кейін КСРО-ның қабырғасы сөгілді емес пе. Бұл көтерілістің негізгі қозғаушы күші – жастар. Бәрінің көңілінде тоталитарлық жүйемен келіспеушілік бар. Бұл – қазақтың ұлттық санасының оянғанының көрінісі. Олардың ерлік істері халық жадында мәңгі сақталады. Қазақ үшін еркіндікті жақындатқан Желтоқсанның орны бөлек. Осы көшеден өткен әр адам жадында Желтоқсан оқиғасы жаңғырып, құрбандарына тағзым ететін болады, – дейді қала тұрғыны Гүлназ Мұсағалиева.

– Желтоқсан – азаттықтың қарлығашы, тәуелсіздіктің басы, – деп бастады әңгімесін өзін Жомарт деп таныстырған ақсақал. Ол кісі үйіндегі электр энергиясын есептегіш құралды тексертуге осы көшеде орналасқан мекемеге алып келген екен.

– Балам, тәуелсіздік жайлы әңгіме бастамас бұрын бірінші Желтоқсан оқиғасын айту керек. Қазір не, Желтоқсан оқиғасын айтпай тұрып, тіпті Тәуелсіздікті сөз етпей тұрып, жаңа жылдың жырын айтып кетеді. Бұл дұрыс емес, – деп ренішін білдірді.

Біз көше бойымен жүріп келеміз. Алдымызда жас шамасы 40-45-тердегі әйел кісі келеді. Тоқтатып, сәлемдесіп, мән-жайды айттық. Есімі – Нұржамал  Сұлтанова. Қызылордаға қыдырып келген.

– Сіздер шынымен журналиссіздер ме? Қазір адамға-адам сенбей қалды ғой. Артынан пранк деп тұрмаңыздар деген ол желтоқсаншыларды ерекше құрметтейтінін айтты.

Иә, желтоқсаншылар ерекше құрметке лайық. Кімнен сұрасаң да Желтоқсан оқиғасы жайлы ерекше тебіреніспен айтады. Бұл көшемен келе жатып бойымызды ерекше бір күш билегендей әсер алдық. Мүмкін бұл қазақты еркіндікке бастаған азаттықтың рухы шығар… Қалай десек те – бұл Желтоқсан көшесі. Біз Желтоқсан көшесіндегі сапарды осылай тәмамдадық

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

Сурретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: