Жұма, 22 қараша, 08:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Диплом «саудасы» қашанға дейін созылмақ?

20.04.2021

98293 0

Осыдан бірер уақыт бұрын «мектепте сатып алған дипломмен жұмыс істеп жүргендер анықталыпты» деген ақпарат естідік. Алғашында «ойпырмай, мынау рас па, әлде өтірік пе?» деп, кәдімгідей алаңдадық. «Көзді ашып-жұмғанша» ел ішіне жылдам тараған хабардың рас-өтірігін білмек болып, білім саласындағы басшылыққа да хабарластық. Шама-шарқымыз жеткенше зерттеп те көрдік.

Жалған диплом мәселесі қайдан шықты?

Жердің үсті түгілі астындағысын сатып алуға мүмкіндік туған мына нарық заманында ештеңеге таң­ғалуға болмайды. «Аузы қисық бол­са да, бай баласы сөйлесін» дейтіндер қалтасын қалыңдату үшін білген тіршілігін жасайды. Сөзіміз­ге дәлел іздеп әуре болмай-ақ қояйық, араны толғанша жеп, көзі тойғанша кеміргендер  шет елге тайып тұрды. Олар жай кеткен жоқ, өзімен бірге қазақ жерінен жиған бар байлығын ала кетті. Қызметті де құлқынның қамымен жасаған небір шенді шекпенділер темір тор­дың ар жағынан бір-ақ шықты. Біздің көтеріп отырған мәселе білім саласына қатысты болғандықтан олардың атын атап, түсін түстеудің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Бірақ бүтін бір ұлттың келешегін тәрбиелейтін «мұғалімдер» не себепті жалған дип­лом алған?  Әлде оның қылмыс екенін білмеді ме? Жалпы жалған диплом мәселесі қайдан шықты?

Қазір жасыратыны жоқ, бір тосын жаңалық ести жатсақ, ға­ламторды шарлайтынымыз бар. Сон­дағы мақсатымыз – «біз көтерген мәселеге байланысты басқа ақпарат көздерінде нендей мәлімет бар?», «өзге өңірлерде не айтылуда?», «шет елдердегі деректер қандай?» секілді толып жатқан сұрақтың жауабын табу.

Ғаламторды ақтарып отырып, ә дегеннен жаға ұстатарлық ақпарат­тарға кезектік. Қандай дейсіз ғой? «Барлық оқу орындарындағы диплом­дарды ғана емес, басқа да білім дәре­жесін білдіретін құжаттарды дайындап, сатамыз» деген желеу­мен танылған бірнеше сайт бар екен. Мәссаған! Мынау деген масқараның көкесі ғой. Ондай сайтқа кіре қал­саңыз, оң жақ бұрыштан онлайн менеджер «Сәлеметсіз бе, сізге қандай көмек көрсете аламыз? Дип­ломның қай түрі керек? Қай оқу орнынан?» деген сұрақтарды төпе­лете түседі. Ал, ендеше, керек болса. Қай мамандық бойынша қан­дай диплом керек, бәрі тұр. Тіпті дүкендегі сөрелерде де мұндай таң­дау жоқ шығар? Бұл жерде ЖОО, колледж, техникум дипломдарымен бірге мектеп бітірді деген аттестат, сертификат, анықтамаларды жылдам жасап береміз деп жарнамалап та қойған. Бір қызығы, сұраған құжатыңыз он күнде қолыңызда болады. Тіпті компания түпнұсқадан еш айырмашылығы жоқ екеніне де кепілдік бере алады. Тек құжаттың жалғандығы жұмыс орныңыздан оқу орныңызға тікелей хабарласқан жағдайда ғана анықталуы мүмкін. Бірақ қазір көп жерде дипломның жалған, түпнұсқа екендігіне ешкім бас қатырып жатпайды. Құжат өткізсеңіз болды. Сайтта дипломның дәрежесіне қарай бағасы да нақты көрсетілген. 100-250 мыңның арасында қаржыңыз болса, дипломның қалаған түрін қалаған оқу орныңыздан дайындап береді. Ал 500 мың мен бір миллион теңгеңіз болса, нағыз түпнұсқасы қалтада дей беріңіз. Бакалавр дип­ломынан бөлек, магистр, ғылым кан­дидаты, ғылым докторы атағын растайтын да дипломды сатылымға шығарған. Айналайын-ау, базардың өзінде де барлық тауар мұндай қолжетімді бола бермейді ғой. Мынаны жұмысқа орналасу үшін диплом қажет адам көрсе, екі сөзге келместен тапсырыс беруі ғажап емес. Ал аңқау, аңғал адамдар әбден әккі болған алаяқтардың торына түссе, оңайлықпен босай алмайды.  

Диплом "саудасы" қашанға дейін созылмақ?

Қызылордада 29 мұғалім жалған дипломмен жүрген

Біз қараған сайт орыс тілінде бол­ғанымен, олар қазақстан­дық оқу орындары беретін құжат­тар­­дың көшірмесін түп­нұсқа­дан айны­майтындай етіп жасайтындық­тарын жазған. Тіпті ТМД көлеміндегі барлық оқу орнының дипломын жасай алатынын да назарға салған.

Өткен жылы Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елі­міздегі университеттерге талдау жүргізгенде оқуға 100 адам түсіп, 800 адам бітіріп шығатынын айтқан болатын. Яғни бұл 700-дей адам жалған құжатпен жүр деген сөз. Сонда біздің елде осындай алаяқ компаниялардың көмегіне жүгінген азаматтар аз болмай тұр ғой. Ақшаңызды төлесеңіз болды, ары кетсе бір айдың ішінде сіз қалаған диплом пошта арқылы үйіңізге келеді. Сонда осы уақытқа дейін қанша адам осы компанияға жүгінді екен? Қанша маман жалған дипломмен тайраңдап жүр десеңізші?! Қаншасы сауаты болмаса да төрт-бес жыл көз майын тауысып оқып, еңбектенген жастардың орнында жүр деген ой келеді. Дегенмен өтіріктің өрге жүзбейтіні белгілі. Ресми ақпарат бойынша, жалған дипломмен жұ­мысқа орналасқандардың әшкере болғаны да бар. Бірақ көбі айыппұл төлеумен немесе жұмыстан кетумен шектеліпті.

Біз ғаламтордағы мәліметтерді назарға алып, салыстыра сөз ет­тік. Ал аймақтағы жағдай қалай? Жалған дипломмен жүргендер бар ма? Облыстық білім басқармасы былтыр жоғары оқу орындарына сұрау салып, педагог мамандарға мониторинг жүргізген. Нәтижесінде 29 педагогтың жалған диплом алғаны анықталып отыр. Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова жалған дипломдарды анық­тау жұмысы әлі де жүретінін, сол себепті де мұғалімдерден ортақ абы­ройға көлеңке түсірмеуін сұрады.

Диплом "саудасы" қашанға дейін созылмақ?

Прокуратура не дейді?

Біз журналистік зерттеу жүргізіп, көтерген мәселені талдаған кезде облыстық прокуратураға хат жол­даған бола­тынбыз. Құқық қорғау органы жалған диплом мәселесін зерделеп, облыс прокурорының бірінші орынбасары Т.Әлібаевтан жауап та келді.

«Сіздің жоғары оқу орнында білім алмай, заңсыз жолмен дип­ломды пайдалану арқылы білім беру мекемелерінде жұмыс жасап жатқан азаматтарды анықтау бағы­тында Қызылорда облысының про­куратурасының (бұдан әрі – об­лыстық прокуратура) қадағалау жұмыстарына қатысты сауалыңызға келесіні хабарлаймыз.

1. Облыстық прокуратура «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының облыстағы білім беру ме­кемелерінің тарапынан сақталу жағдайына үнемі қадағалау жүргізеді. Қадағалау жұмыстарын жүргізу барысында 2021 ж. өткен мерзімінде кейбір мектептерде педагогтардың жалған дипломмен жұмыс жасау фактілері анықталды.

2. Облыстық прокуратура та­ра­пынан облыстағы мектеп­тер­дегі білім беру деңгейі, оның ішінде педагогтардың біліктілікті арттыру жағдайы, дипломдарының мемлекеттік стандарттарға сәйкес­ті­гіне қатысты талдау жүргізу туралы «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 44, 45-баптарына сәйкес Қызылорда облысының білім бас­қармасынан талап етіліп, құжаттары сұратылып, заңдылығы зерделенді. Нәтижесінде 18 педагогтың жалған дипломмен жұмыс жасап жүргені анықталды. Аталған педагогтардың 14-і Қызылорда қаласындағы, 4-і Арал ауданындағы мектептерде жұмыс жасаған. Бұл фактілерге қатысты облыстық прокуратура Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 385-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амал­дары жүргізілуде.

3. Дипломдарды жалған жолмен қолдан жасау, дайындау, өткізу осы әрекеттерді бірнеше рет, адам­дар тобының сөз байласу арқылы жасау және пайдаланғаны үшін Қазақстан Республикасы қыл­мыс­тық кодексінің 385-бабында 2 ИС «Қадағалау»20171213 кінәлі тұл­ғаға төрт жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабының 3-тармағында жоғары білім беру бағдарламасын меңгеру бойынша қорытынды аттес­таттаудан өткен білім алушыға «бакалавр» дәрежесі немесе «маман» біліктілігі беріледі. Сон­дықтан жоғары оқу орнында білім беру бағдарламасын толық меңгеріп, заңды түрде маман дипломын алған азаматтар білім беру мекемелерінде жұмыс жасауы тиіс, әрі оның нәтижесі өсіп келе жатқан жастардың сапалы, дұрыс білім алуына оңды септігін тигізіп, еліміздің білім сапасының дамуына зор үлесін қосуы қажет. Осы орай­да азаматтарды жоғары оқу ор­нында мемлекеттік стандарттарға сәйкес білім алып, заңды диплом иегері болуға және білім беру мекемелерінің басшылығын педа­гог­тарды жұмысқа қабылдауда олар­дың білім алған құжаттарын заңға сәйкес жан-жақты тексеруді қамтамасыз етуге шақырамыз», – делінген хатта.

Диплом "саудасы" қашанға дейін созылмақ?

Абайбек Жүнісов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры:

«Біздің университеттің атын жамылғандар да бар»

Жалған дипломға байланысты мәселе кеше не бүгін туын­даған жоқ. Бізге Қазақстан бойынша аптасына жүздеген хат келіп жатады. Келіп түскен хаттар негізінде жұмыс істеп, көрсетілген азаматтардың Қорқыт ата университетінде оқыған не оқы­­ма­ғандығын анықтап, жауап хат жазамыз. Мұндай хаттар бар­лық сала бойынша келеді. Несін жасы­рамыз, өкінішке орай Қорқыт ата уни­верситетінің де атын пайдаланып, жалған диплом жасаушылар бар. Тіпті мөрге дейін айнытпай жасайтындары жасырын емес. Мен нақты біздің уни­верситетті бітірдім деп, қанша адамның жүргенін айта ал­маймын. Бірақ алаяқтардың арбауына түсіп, жалған диплом алғандардың бар екенін жасырмаймын.

Қазір ештеңеге таңғалуға бол­майды. Алаяқтықтың шыңына жет­кендер әлемдегі мықты деген ел­дер­дің қаржы жүйесін бұзып, банк­тегі ақшаларын да алып жатқан жоқ па. Мұн­дай адамдарға жалған диплом жасау түкке де тұрмайды деп ойлаймын.

Осыдан оншақты жыл бұрын тиісті органдардан 20-дан астам адамның бізде оқыған-оқымағанын анықтап беру жөнінде арнайы хат келген. Содан әлгі тізімдегі адамдар бойынша анықтама жүргіздік. Нәтижесі қалай болды дейсіз ғой? Масқара болғанда, бұл адамдардың ешқайсысы бізде оқымаған болып шықты. Сонда «адам баласы мұндай қадамға саналы түрде қалай барады?» деген едім. Қазір де жалған диплом алғандар саны азайған жоқ. Оған бізге келетін жүздеген хатқа берілетін жауапты дәлел етуге болады. 

Диплом "саудасы" қашанға дейін созылмақ?

Қуаныш Дәуренбеков, «Бола­шақ» университетінің ректоры:

«Барлық саланы тексеру керек»

Жалпы жалған диплом жасаумен кімнің айналысып жатқанын біздің де білгіміз келеді. Ондай азаматтар мұндай қадамға не үшін барды, жал­ған диплом жасау кімге қажет, міне, осы сұрақтардың жауабын табу керек деп ойлаймын. Өйткені бұл – өте үлкен проблема.

Бізге биылғы оқу жылынан бас­тап Қызылорда облысындағы мектеп­терден сұраныс келіп, өздерінде жұмыс істейтін мұғалімдердің «Бола­шақ» университетінде оқыған-оқы­мағандығын анықтап беруді сұраған. Мен сізге айтайын, облыстағы 30 мектептің өзінен 42 мұғалімнің «Болашақ» университетінде оқыды деген жалған дипломмен жүргені анықталып отыр. Бұл – 30 мектеп жіберген сұраныс негізінде жасалған жұмыстың нәтижесі ғана. Облыста қанша мектеп барын өзіңіз де білесіз. Ары қарай тексере берсе, бұдан да көп болуы мүмкін. Сонда білім саласында жұмыс істейтін ма­мандардың қаншасы жалған дип­ломмен жүр екен?.. Алдағы күнде бұл да анықтала жатар.

Келген хаттар бойынша жұмыс істеп, бастан-аяқ тек­серіс жүргізіп, сұраныста көрсетілген азаматтар­дың бізде оқыған-оқымағандығын анық­тап, мектептерге жауап хат жө­нел­тіп отырмыз. Біз ешнәрсені жа­сырмаймыз. «Болашақ» универ­ситетінде оқымаған адамды оқы­маған деп көрсетеміз. Университет қабырғасында білім алмаған адам қалайша мектепте оқушыларға сабақ беріп жүр? Осы нәрсе он ойлансам да санама кірер емес. Ондай адамдар мұндай қадамға не үшін барады екен? Тағы бір нәрсе айта кетейін, «Болашақ» университетінде білім алмаған адам­дар осы жерде оқығанын рас­тайтын жалған анықтама жасауға көшіпті. Тіпті анықтаманың астына менің аты-жөнімді жазып, менің орныма қол қойған. Не деген сорақылық? Мектеп басшыларына біздің тараптан хат барып жат­са, артынша тағы да оқыған-оқымағанын растайтын құжат келсе, екі құжатты салыстыруды сұраймыз. Қайсысының жалған екенін білу керек. Бұл мәселе бойынша құқық қорғау органдарына шағымданып отырмын. Бәрін заңды түрде тексертемін.

Бұл тек «Болашақ» университетіне қатысты мәселе емес. Жалған дип­лом жасаушылар кез келген оқу орнының құжатын жасауы мүмкін ғой. Қазір тек мұғалімдер тексеріліп жатыр. Негізінен барлық саланы тексеру керек деген ұсыныс айтар едім. Жасанды дипломмен басқа да салаларда жұмыс жасап жатқандар табылуы ғажап емес.

 Жалған диплом жасаушылармен қалай күресу керек?

Абайбек Жүнісов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің проректоры:

Жалған дипломдарды «Кім жа­сайды?», «Қалай жасайды?», «Қайдан алып жатыр?» деген сұрақтар бойынша ізденген емеспіз. Себебі бұл біздің құзырымызға жатпайды, екіншіден уақытымыз да жоқ. Бағана айттым ғой, бізге көптеген мекемеден хат келеді. Біз тек Қорқыт ата университетінде оқыған-оқымағанын анықтап береміз, болды.

2016-2017 жылдары оқу орнын бітірушілерге байланысты мем­лекеттік стандартқа жаңа талаптар енді. Онда бітірушілер диплом жұ­мы­сының орнына ғылыми кеңес­тің шешімімен екі мемлекеттік емтихан тапсырса болатыны айтылған. Уни­верситеттің ғылыми кеңесінде осы мәселені талқыладық. Бұл жер­де жетекшілер диплом жазу барысында қандай қадамға бара­тынын біз білмейміз ғой. Жа­сыратыны жоқ, дәл осы кезеңде сыбайластықтың болу қаупі бар. Жетекші мүмкін студентке «менде тұрған дайын дипломдық жұмысты ал» дейтін шығар… Осыған жол бермес үшін диплом жұмысын жазудың орнына, екі мемлекеттік емтихан тапсырып келді. Ал биыл жаңа талаптар еніп, керісінше бітірушілер диплом жазатын бо­лып отыр. Енді не істемек керек? Бірінші кезекте бақылауды кү­шейттік. Сыбайластыққа жол бер­мес үшін ай сайын бітіруші тү­лектің дипломын қалай жазып жатқанын арнайы антиплагиат бағ­­дарламасы арқылы тексеріп отыр­мыз. Жұмысты антиплагиатқа са­лып тексереміз. Бұл бағдарлама өзімізде бар. Бағдарлама жазылған дипломдық жұмысты көшірме деп тапса, кері қайтарамыз. Біз он­дай жұмысты қабылдамаймыз. Бұл жерде университетте Адал­дық кодексін жүзеге асыруда уни­верситет басшысынан бастап, әрбір оқытушы және қызметкерге дейін жұмылдырылғанын атап өткім келеді.

Сөзімді түйіндей келе, жалған дип­лом жасаушылардың да, алушы­лар­дың да жолын кесу керек дер едім. Ол үшін жұмысқа тұратын адамның оқу орнын бітіргені туралы құжатын әуел баста тексерген дұрыс. Яғни жұмыс беруші алдына келген адамның құжатын тексеріп, дипломы жалған ба, жоқ әлде ол шынымен оқыған ба, міне, осыған көз жеткізуі керек. Жалған дипломның иесі жұмысқа тұрмай жатып анықталса, алаяқтықтың жолы кесіледі деп ойлаймын. Осылай болса, жалған дипломмен жүргендер ешқайда жұмысқа тұра аламайды. Сәйкесінше жалған диплом жасаушылардың да жолы кесіледі.

Қуаныш Дәуренбеков, «Бола­шақ» университетінің ректоры:

Жалған диплом жасаушылардың кім екенін, қандай адамдар екенін нақты білмеймін. Бір білетінім, бұл – таза алаяқтық. Алаяқтыққа ар мен намыстан пайданы жоғары қоятындар ғана барады.

Қазір тексеріп дұрыс жасап жа­тыр. Дипломды оқымай сатып алатындар қалай ойлайтындарын түсінбеймін? Түбінде бәрібір әш­кере болады. Өйткені еліміз бойынша ұлттық білім беру базасы бар. Оқу орнына түскен адамның барлық мәліметі сонда сақталады. Ол қалай оқыды, сынақты, емти­ханды қалай тапсырды бәрі-бәрі тіркеледі. Оқу орнының өзінде де жазбаша тіркеліп, мөрленіп, тігіледі. Дип­ломның жалған не шынайы екенін анықтағысы келген адам осы құ­жаттарды қарап-ақ ажырата алады.

Қызылордадағы «Болашақ» уни­верситеті Platonus жүйесі арқылы жұмыс істейді. Бұл жүйеге келген мәліметтер тікелей ұлттық білім беру базасына түседі. Осыдан-ақ біздің де жалған диплом жасаушыларға қарсы екенімізді түсіну қиын емес деп ойлаймын. Бұдан бөлек университетте прокторинг   жүйесі арқылы жұмыс істеу де қолға алынған. Бұл – онлайн түрінде әрбір білім алушы емтиханды өзі не басқа біреудің тапсырып жатқанын анықтауға мүмкіндік беретін жүйе. Бір сөзбен айтқанда, студенттерге сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалған. Ал жалған диплом мәселесіне келсек, осындай құжат жасататын әрбір жан өзінің қандай қадамға барып жатқанын тереңірек ойлануы тиіс. Абайша айтсақ, «пайда ойламай, арды ойлап, артық білуге талап қылған» жөн. Алдағы уақытта жалған дипломға ұмтылмай, оқу орнында білім алып, ертеңгі күніне сеніммен қадам басқандар ғана жетістікке жетпек. Бұл қазірдің өзінде дәлелденіп отыр.

Сөз соңы

Жалған диплом мәселесі – өте күрделі әрі шешімі қиын машақаттың бірі. Себебі дипломды қолдан жасаушылармен күресуге оқу орындарының шамасы да, әл-дәрмені де жете бермейді. Алаяқтықтың мұндай түрімен айналысушылар кез келген оқу орнының дипломын жасай алады. Ол ҚазҰУ-ма, ЕҰУ-ма, ҚМУ-ма бәрібір, тапсырыс берушінің талабы бойынша қалауындағысын жасап береді. Тек ғаламтор дейтін ғажайыпты ашып, сатылатын дипломдарға қатысты дүниелерді іздеп тапсаңыз болғаны, көңіліңіз қалаған мамандықтың иесі атанасыз. Тіпті бірнеше күннің ішінде оқу орнын бітіргеніңіз туралы құжатты үйіңізге дейін әкеліп береді.

Мәселенің мәнісіне үңілген адам бәрі осылай ашық түрде жасалып жатқанын бірден аңғарады. Бұл осылай жалғаса беретін болса, бүтін бір мемлекетке үлкен қасірет әкелуі мүмкін. Өйткені елдегі барлық саланы жалған диплом иелері басып алса, мемлекетіміз жоғары білімін растайтын дипломы бар білімсіздердің Отанына айналып шыға келеді. Қазірдің өзінде қай деңгейде тұрғанымызды білмеймін, бірақ бұл мәселемен күресті  мемлекеттің өзі қолға алып, елге төнген қауіп ретінде қарау керек деген ұсыныс айтқымыз келеді.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: