Сейсенбі, 23 сәуiр, 13:09

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Елімізде әлеуметтік желіге қандай жазба жариялауға болмайды?

19.10.2022

503 0

Бүгінде әлеуметтік желілер деструктивті ағым өкілдері үшін діни пропаганда жүргізетін орынға айналған дейді мамандар. Сондықтан экстремизмнің алдын алу үшін әлеуметтік желілердегі азаматтардың жазбаларына мониторинг жүргізіледі екен. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов қандай жазбаларды әлеуметтік желіде жариялауға болмайтынын және ол үшін қандай жаза қарастырылғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Басқарма басшысы 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 9-бабына сәйкес, діни мазмұндағы кез келген жазба ғибадат үйлері немесе діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда ғана таратуға жол берілетінін атап өтті.

«Сот шешімімен тыйым салынған материалдарды, ҚР аумағында террористік және экстремистік деп танылған ұйымдардың идеологиясына қатысты ақпараттарды, ұлтаралық, дінаралық және конфессияаралық алауыздықты тудыратын жазбаларды жариялауға заң жүзінде қатаң тыйым салынған», – деді Нұрлан Қиқымов.

Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерде дінге қатысты кез келген жазбаларды бөлісуден одан бұрын таратудан сақ болуға шақырды. Оның сөзінше, дін тақырыбы қашанда өте нәзік, сондықтан заң талаптары бұзылған жағдайда ол үшін әкімшілік және қылмыстық жазалар қарастырылған.

«Басқарма тұрғысынан қарастыратын болсақ, дін саласында белгілі бір құқық бұзушылықтар орын алған жағдайда бірден әкімшілік шара қолданбай, ауызша және жазбаша түрде түсіндірме беруге тырысамыз», – дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар ол арнайы бағдарлама арқылы әлеуметтік желілерде деструктивті діни ағым идеологиясына қызығушылық танытатын адамдар мен сондай идеологияны насихаттайтын топтар мен парақшаларға мониторинг жұмыстары жүргізілетіні туралы атап өтті. 

Сондай-ақ, басқарма басшысы желідегі дінді насихаттаушы тәуелсіз топтарда көбіне жастар қауымы отыратыны, олардың басым бөлігі желілердегі парақшаларда дәстүрлі дінді ғана насихаттайды деп ойлап, теріс діни ағым идеологиясының аранына  түсіп жататыны және басқарма тарапынан ондай адамдармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетіні туралы айтып кетті. 

Нұрлан Қиқымов азаматтар діни ақпараттарды ең алдымен дін қызметкерлерінен және арнайы мамандардан алған абзал дейді.

«Ғаламторда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, Орыс православтық шіркеуінің және ресми діни ұйымдардың т.б. арнайы сайттары мен парақшалары бар. Дінге қатысты сұрақ немесе қызығушылық пайда болған жағдайда осындай ресми дереккөздерден ғана ақпарат алуға кеңес береміз», – деп қосты ол. 

Сондай-ақ, Басқарма басшысы @din.almaty Instagram, Facebook, ВКонтакте, TikTok және Telegram секілді әлеуметтік желілерде ресми парақшаларынан дін саласына қатысты өзекті мәселелер мен танымдық материалдармен танысуға болатынын атап өтті. 

Айта кетсек, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың басынан бастап Ішкі істер органдарының  (ІІО) экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшелері деструктивті діни ағымдардың жақтаушыларына қатысты діни алауыздықты қоздыру және радикалды идеологияны насихаттау белгілері бойынша 29 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде насихаттау, яғни діни жазбалар жариялаудың 24 фактісі интернет-ресурстардың көмегімен жүзеге асырылған. Бүгінгі таңда 6 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Министрлік өкілдері осы тектес қылмыстарды жасағандарға ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру) бойынша жауапкершілік көзделгенін ескертті. Аталмыш бап бойынша айыпталған азамат 2000-нан 7000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: