Жұмысшылардың денсаулығын сақтау және кәсіптік аурулардың алдын алу – еңбек қауіпсіздігінің маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің мерзімдік медициналық тексерулерден уақытылы өтуі ерекше маңызға ие.
Медициналық тексерудің негізгі мақсаты – қызметкердің денсаулық жағдайындағы өзгерістерді ерте анықтау, жұмысқа байланысты денсаулыққа қауіп төндіретін факторлардың әсерін бағалау және кәсіптік аурулардың алдын алу.
Алайда еңбек ұжымдарында медициналық тексерулерді ұйымдастыру кезінде бірқатар мәселелер кездеседі. Олардың қатарында қызметкерлердің тексеруден уақытылы өтпеуі, тексерудің маңыздылығына бей-жай қарау, денсаулыққа қатысты шағымдарды жасырын ұстау, сондай-ақ жұмыс орнындағы зиянды факторлар мен медициналық тексеру арасындағы байланыстың жеткілікті ескерілмеуі бар.
Медициналық тексерудің тиімділігі тек оны өткізумен шектелмейді. Ең маңыздысы – тексеру нәтижелері бойынша анықталған денсаулық мәселелеріне тиісті назар аударып, алдын алу шараларын ұйымдастыру.
Жұмыс беруші қызметкерлердің медициналық тексеруден уақытылы өтуін қамтамасыз етіп, еңбек жағдайларын жақсарту және зиянды өндірістік факторлардың әсерін төмендету бойынша шаралар қабылдауы қажет. Ал қызметкерлер өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тексеруге уақтылы қатысып, дәрігердің ұсынымдарын орындауы маңызды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығынына сәйкес Қызылорда облысы бойынша 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында зиянды және (немесе) қауіпті заттармен және өндірістік факторлармен жұмыс істейтін жұмыскерлердің 93,2% мерзімдік медициналық қарап-тексеруден (зерттеуден) өтті, оның ішінде 9,8% әйелдер құрады. Өткізілген мерзімдік медициналық қарап-тексеру нәтижесімен жұмыскерлердің 6,9%-да соматикалық аурулар анықталды, 0,4%-ы стационарлық тексеруді және емдеуді, 5,6%-ы амбулаториялық тексеруді және емдеуді, ал 0,9%-ы емдеу-профилактикалық тамақтануды қажет етеді.
Мерзімдік медициналық тексеру – жай ғана міндетті рәсім емес. Бұл қызметкердің денсаулығын бақылауға, ауруларды ерте анықтауға және еңбекке байланысты денсаулық бұзылыстарының алдын алуға бағытталған маңызды профилактикалық шара. Денсаулыққа уақытында көңіл бөлу – болашақтағы күрделі мәселелердің алдын алудың ең дұрыс жолдарының бірі.
Гульмира Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!