Қызылорда қаласында 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған айлықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараны Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.
Іс-шараның ашылуы аясында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері қатысқан кең көлемді профилактикалық акция өтті. Шараның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткі заттарына деген теріс көзқарасты қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық сауаттылықты арттыру.
Акция барысында тұрғындар мен қала қонақтарына есірткіге қарсы мазмұндағы ақпараттық буклеттер, жадынамалар мен парақшалар таратылды. Онда зиянды әдеттерден бас тартып, денсаулық пен белсенді өмір салтын таңдауға үндейтін маңызды мәліметтер қамтылды.
Іс-шараның әсерлі сәттерінің бірі кинологиялық қызметтің көрсетілімі болды. Құқық қорғау органдарының мамандары қызметтік иттердің көмегімен тыйым салынған заттарды анықтау, қауіпті бұйымдарды іздестіру және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын көрсетті. Студенттер кинологтардың қызметімен танысып, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.
Сонымен қатар жастар үшін арнайы ақпараттық кездесулер, түсіндіру жұмыстары және интерактивті алаңдар ұйымдастырылды. Кездесулер барысында есірткіні қолданудың денсаулыққа тигізетін зияны, заңсыз айналымға қатысқаны үшін көзделген жауапкершілік және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, қоғамның нашақорлыққа қарсы күрестегі бірлігін нығайтуға ықпал етеді.
Айта кетейік, бүгін бастау алған айлық аясында облыс көлемінде түрлі спорттық жарыстар, шығармашылық байқаулар, ақпараттық акциялар мен профилактикалық кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеп, есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруға бағытталған.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!