Қызылорда облысында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің зияны туралы қоғамдық сананы қалыптастыру және шығармашыл жастарды қолдау мақсатында «Есірткіге қарсы үздік төсбелгі» әзірлеу байқауы өтті.
Сайыстың негізгі мақсаты – жастарды қоғамдық маңызы бар бастамаларға тарту, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту және есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосу. Байқауға қатысушылар есірткіге қарсы мазмұндағы үш түрлі төсбелгі жобасын әзірлеп, электрондық форматта ұсынды.
Байқау талаптарына сәйкес жұмыстар түрлі-түсті форматта дайындалып, идеяның мазмұндылығы мен көркемдік ерекшелігіне баса назар аударылды. Сонымен қатар қатысушылар өз жобаларын Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаларында жариялап, кең аудиторияға таныстырды.
Ұсынылған жұмыстар арнайы бекітілген критерийлер негізінде бағаланды. Қазылар алқасы жобалардың тақырыпқа сәйкестігін, идеяның жаңашылдығын, графикалық шешімінің ерекшелігін, көркемдік деңгейін, дизайн эстетикасын, қабылдауға жеңілдігін және тәжірибеде қолдануға ыңғайлылығын назарға алды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар анықталды. Бірінші орынға Қызылорда қаласындағы «Orda School» мектебінің оқушылары Ұзайыр Диас пен Халилуллаева Фариза, сондай-ақ Сырдария ауданындағы №36 мектеп-лицейдің оқушысы Ерболатқызы Жания ие болды.
Екінші орын Қармақшы ауданындағы №111 орта мектептің оқушысы Келменбетқызы Інжу, Жалағаш ауданындағы №116 орта мектептің оқушысы Таңсықбай Нұртай және Қармақшы ауданындағы №273 орта мектептің оқушысы Кеншілік Арайлымға бұйырды.
Ал үшінші орын Қазалы ауданындағы №165 орта мектептің оқушысы Жасарал Айлин, №103 орта мектептің оқушысы Бертағы Рамазан, №17 орта мектептің оқушысы Нағымет Еркеназ, Қармақшы ауданындағы №99 орта мектептің оқушылары Мырзағали Аруназ бен Рсалиева Жаннур, сондай-ақ №111 орта мектептің оқушысы Алпысбайұлы Қажымұратқа берілді.
Аталған байқау жастардың шығармашылық мүмкіндіктерін шыңдауға, қоғамда есірткіге қарсы көзқарасты қалыптастыруға және салауатты өмір салты құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырып, олардың қоғам өміріне жауапкершілікпен қарауына ықпал ететінін атап өтті.
А.АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!