Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен «Мен есірткісіз өмірді насихаттаймын!» атты облыстық байқау өтті. Шараға өңірдегі білім беру ұйымдарының педагогтері қатысып, есірткіге қарсы бағыттағы өз жұмыстарын ұсынды.
Байқаудың мақсаты – психоактивті заттарды қолдану мен таратудың алдын алу, қоғамда есірткіге қарсы теріс көзқарас қалыптастыру, сондай-ақ салауатты әрі қауіпсіз өмір салтының құндылықтарын дәріптеу. Сонымен қатар жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейту, педагогтердің шығармашылық әлеуетін дамыту және заманауи цифрлық технологияларды пайдалану арқылы тәрбиелік жұмыстың тиімділігін арттыру көзделді.
Сайыс барысында қатысушылар есірткіге қарсы акциялар, жастар мен қоғамға арналған үндеулер, сондай-ақ жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып әзірленген әлеуметтік бейнероликтерін таныстырды. Ұсынылған жұмыстардың барлығы өзектілігімен, мазмұндылығымен және шығармашылық тұрғыдағы жаңашылдығымен ерекшеленді.
Қазылар алқасының шешімімен М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Мешітбай Бағдагүл Дөңесқызы І орынға ие болды. Ал Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған және Қазалы аудандарынан қатысқан бірқатар педагогтер ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Іс-шара барысында қатысушылар жоғары кәсіби шеберліктерін, белсенді азаматтық ұстанымдарын және жастар тәрбиесіне деген жауапкершіліктерін көрсетті. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар қоғамда есірткіге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруға және өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететінін атап өтті.
Байқау қорытындысында полиция қызметкерлері мен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы ерекше айтылды. Себебі жастардың қауіпсіздігі мен болашағы жолындағы бірлескен жұмыс қана есірткіге қарсы тиімді иммунитет қалыптастырып, қоғамның денсаулығын нығайтуға мүмкіндік береді.
А.БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!