Сәрсенбі, 08 мамыр, 19:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Экологиялық апат болу қаупі бар

13.06.2023

376 0

Сурет ашық дереккөзден

Су тапшылығы бүгінде адамзат баласының күтпеген бас ауруына айналды. Соңғы жылдары осы мәселе алдымыздан шыға берді. Бұл қиындықтан қалай құтылуға болады? «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген. Біз мұнайды уайымдап жүргенде негізгі тіршілік көзі судан таршылық көрсек, онда елдің жағдайы қандай болатынын ойлаудың өзі қиын. Мұнан 550 жыл бұрынғы құжатта көрші мемлекеттер ортақ өзен-суларын қалай пайдаланамыз, қандай тәртібі болуы керек, қалай үнемдейміз, көршілермен қалай бөлісеміз деген сауал қамтылған. Мәселен, ортақ өзенді пайдалануда көрші елдер бір-біріне кесірін тигізбеу, қанша көлемде су беріп тұру керек деген келісім 200 баптан тұратын құжатта толық қамтылған көрінеді.Бұл туралы гидротехник Нариман Қыпшақбаев шаң басқан архивтен тапқан. Эколог мамандардың айтуынша, ХХІ ғасырда алтын – ақша болудан, мұнай – байлық болудан қалатын көрінеді, байлық қара суға айналады дейді. Оны қазірдің өзінде көріп, сезініп отырмыз.

Оның үстіне тарихи жағдай мен географиялық бөлініс үлкен өзендердің басын алып қойды. Ертіс пен Іленің басы қазір Қытайға қарайды. Сыр мен Еділ, Жайықтың басында да бұрын қазақтар болған, қазір өзбек пен орыс отыр. Біз ешқашан Сырдариядан айырылмауымыз керек. Бұл Қазақстанның мемлекеттік, ұлттық ұстанымы болуға тиіс дейді осы саланың мамандары. Дәл осы тақырып Парламент қабырғасында да айтылды.

Бұл тақырыпты Қызылорда облысынан сайланған Парламент депутаты Мархабат Жайымбетов көтеріп, қазіргі Арал проблемасы туралы Премьер министрдің бірінші орынбасары Склярға депутаттық сауал жолдады.

«Арал теңізінің проблемасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  үнемі бақылауында. Бүгінгі күні  солтүстік Арал теңізінің тартылу жайы өңір халқын қатты алаңдатуда. Өкінішке қарай 12 жыл ішінде теңіз көлемі 8 жарым миллиард текше метрге азайған. Яғни үштен бірінен айырылды деген сөз. Суы қашқан теңіздің табанынан  көтерілген тұздар бүкіл орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналды. Нәтижесінде судың тұздылығы сегізден он үш грамм литрге көбейген.  Ал егер судың тұздылығы отыз бес грамм литрге жетсе, балықтар жаппай қырыла бастайды. 1920-21 жылдары Арал аумағында  қуаңшылық белең алып, 95 пайыз жайылымға шөп шықпай, жауын-шашын мүлде болмаған. Оның үстіне, теңізге Сырдариядан кұятын су күрт азайып, Қамбаш, Ақшатау көлдер жүйесімен кіші Арал теңізі жағалаудан бір жарым километрге тартылып кеткен. Теңіздің тартылуы салдарынан үш мыңға жуық балықшы күнделікті нәпақасынан айырылып, 9 балық өңдеу зауыты 14 шағын цех уақытша тоқтап қалу қаупі бар. Теңізге жыл сайын кемінде 3 миллиард текше метр су түсуі қажет. Алайда теңізге судың түсуі әсіресе вегетациялық кезеңде қалдық принципі бойынша жүзеге асырылып келеді. Осыған орай «Амаnат» партиясы Аралды алаңдататын мәселе бойынша толық шешімін табу үшін келесі  іс-шараларды іске асыруы керек деп санайды. Біріншіден, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерімен вегетациялық кезеңде теңізге бөлек су лимитін белгілеу жөнінде және «Фархад» су торабынан төменге санитарлық су жіберу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықты ұзақ жылдарға жоспарлауға қол жеткізу. Екіншіден, мемлекетаралық келісімді кепілдендірілген келісім статусын беруге атсалысу. Себебі Арал теңізіне берілген лимиттің сақталуын және орындалуын бақылап отырған ешбір орган жоқ деуге болады. Үшінші, Қараөзек арнасының бойындағы көлдер жүйесіне 1 миллиард текше метрге жуық қысқы, көктемгі су тасқыны кезінде жинақтау мүмкіндігі бар. Ол үшін Қараөзек арнасының бойындағы 3 су тоспасын қалпына келтіру маңызды. Төртінші, өңірлік дамыту және Арал  теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасына дүниежүзілік банктің қайтарымсыз грант есебінен солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтудың нұсқалары бойынша тиімді шешім қабылдап, жобаны жалғастыру мақсатында өкілетті органдар тиісті шаралар қабылдаған жөн. Депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз» – деді халық қалаулысы.

Шынында, бұл – ойланатын мәселе. Гидрологтар трансшекаралық өзендер келісімі құжаттағыдай орындалмаса, қажетті су көлемі толық берілмесе, Балқаш көлінің үштен бірі қалып, Орал өзені суалып, Жайық тартылып қалса, Каспий қаталап, Арал тағдырын қайталамасына кім кепіл деп қауіптеніп отыр. Қауіптенуге негіз бар. Ал Арал тағдыры туралы ел азаматы, халық қалаулысы Мархабат Жайымбетов халық көкейіндегі мәселені дөп қозғады. Енді сең қозғалып, кәрі Аралдың кеберсуіне жол берілмесе құба-құп. Өйткені аралдықтар теңізбен бірге тыныстап жатыр. Ал тұз алыс құрлықтағы шың басындағы мұздарды ерітіп жатқаны мұнан бұрын айтылған еді. Ендеше, бұл табиғат апаты дүниежүзі экологтарының назарына ілініп, күллі адамзат баласын қауіптендіріп отыр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: