Жексенбі, 28 сәуiр, 17:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Электронды темекі сәнге айналды ма?

14.02.2023

1129 0

Сурет ашық дереккөзден

Электронды темекінің зияны жастар денсаулығына кері әсерін тигізуде. Қоғамдағы басты мәселенің бірі жасөспірімдердің зиянды затқа шамадан тыс әуес болуымен байланысты болып отыр.

Жасөспірімдердің жаман әдетке әуестеніп бара жатқанын Мемлекет басшысы да сөз етті. «Электронды темекіге әуес жасөспірімдер көбеюде. Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай», – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жасырын істеген әрбір іс-әре­кеттің кері әсері болады. Өмірге бір рет ғана келемін, барлық істі байқап көрейін дейтін түсінік қателікке әкеліп ұрындырады.

Жастар арасында танымал болған электронды темекінің зияны қандай? Қауіпті өнімге неліктен мектеп оқушылары қызығады? Осы сауалға жауап алу үшін «Жастар денсаулық орталығының» валеолог маманын әңгімеге тартқан едік.

– Электронды темекінің түрлері өте көп. Вейп, гло, айкос атауымен танымалдылыққа ие болған өнім адам денсаулығына кері әсерін тигі­зеді. Оның құрамында глицерин, по­липропилен секілді химиялық улы заттар бар. Глицерин жоғары дең­гейде бу бөлетін болса, зияны кө­бейеді. Ал полипропилен дегеніміз, пластикалық құбырлар мен пласмасса құрамында болатын қауіпті зат. Электронды темекі құрамындағы картридж, атамойзер, қуаттағыш адам денсаулығына кері әсер тигізеді. Картридж ішіне хош иісті сұйықтық құйылады. Темекі секілді жағымсыз иіс қалдырмайды деген оймен балалар электронды темекіні қолдануға әуестігі жоғарылады, – дейді Гүлдана Алмұрзаева.

Маманның сөзіне сүйенсек, элек­тронды темекіні жасөспірімдер ересек көріну мақсатында, сән үшін тұтына бастаған. Бірақ уақыт өте келе тәуелді болып қалғанын байқамайды. Қазіргі кезде 5-6 сынып оқушыларының қы­зы­ғушылығы артатын кезең екен.

– Электронды темекіні қолдану кесірінен адамдар түрлі ауруларға душар болады. Атап айтқанда, қатерлі ісік, жұқпалы және созылмалы ау­ру­ға шалдығуға себеп болады. Жас­өспірімдердің жетілу кезеңі бәсең­дейді, – дейді маман.

Электронды темекінің зияны жай­лы ата-аналар не дер екен?

–  Жастардың басым көпшілігі электронды темекіге неліктен әуес екенін білмеймін. Балалар электронды темекінің зияны жайлы біле бермейді. Мен зиянды заттарды қолдануға қар­сымын. Ұлдарымның іс-әрекетін толық бақылау да ұстап отырмын. Дегенмен ұрпақ болашағы үшін қатты алаңдаймын. Елімізде электронды темекіні сатуға тыйым салу керек, – дейді Айнұр Қанатқызы (аты-жөні өзгертілген).

Қоғамның басты дерті де зиянды әдеттен жапа шеккен жеткіншектің тағдырымен байланысты. Бұл жағдайды ескеріп, жай ермек ретінде бай­қап көріп, кейін электронды теме­кіні қолданған Асқар Айдаровтан (аты-жөні өзгертілген)  пікір алдық.

– Менің қызығушылығым арала­сатын адамдармен байланысты болды. Бір рет байқап көргеннен кейін тағы да тарта бастадым. Тіпті рахаттанғандай болдым. Электрон­ды темекіні қол­данудың себебі күйзелістен болады деп ойлаймын. Айналамдағы адамдар да электронды темекіні көп тұтынады. Мұны мектеп оқушыларының өзінен де байқадым. Мен қазір электронды темекіні қолданбаймын. Дер кезін­де әдеттен бас тарттым, – деді кейіп­керіміз.

Электронды темекіні интернет дүкендерден сатып алуға мүмкіндік бар. Зиянды өнімнің никотиндік мөлшеріне байланысты баға әртүрлі болатын көрінеді. Шылымды будақ­тату саны көп болған сайын құны да өсетіні белгілі болды.

«Жастар денсаулығы орталығы» облыс аймағындағы жоғарғы және орта оқу орындары арасында электрон­­ды темекінің зияны жайлы арнайы іс-шара жүргізуде. Балалармен жүздескенде арнайы бейнероликтер көрсетіледі. Оқушылармен пікір ал­масу мақсатында кері байланыс бар.

– Электронды темекіні доғару әр адамның өзіне байланысты. Егер де арнайы ем қабылдап, кейін ескі әдетіне басып әрекет жасаса, ешқандай нәтиже болмайды. Бастысы ниетін түзу болу керек, – деп қорытындылады валеолог маман.

Темекі түтінінің адам бола­шағына қандай залал келтіретініне көзіміз жетті.  «Денсаулық – зор байлық» ұраны бекер айтылмаса керек-ті. Салауатты өмір салтын ұстану өзіміздің қолымызда. Ел ер­теңін ойлаған жан болсаң, зиянды әрекетке бірге тоқтау салайық!

Нұрдәурен Жәрдемхан,

Қорқыт ата атындағы ҚУ

4 курс студенті

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: