Жұма, 19 сәуiр, 09:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

«Kaspi Жұманы» кім қалай пайдаланды?

08.11.2022

1048 0

Жұртшылыққа жақын «Kaspi» банктің жыл сайын өткізетін ақциясын елдің асыға күтіп жүретіні жасырын емес. Себебі қажет затын акция арқылы24 айға бөліп төлеуге пайызсыз

сатып ала алады. Қолма-қол алуға қалтасы көтермейтін қарапайым халық үшін бұл тиімді болып тұр. Кешегі  жұма-сенбі күндері де жұртшылық үшін бұл бір мерекедей сезілді. Сауда орталықтары қай жерде болмасын, адамға лық толы. Интернеттің баяулығынан-ақ банк мереке жасап жатқанын сезген боларсыз. Ең бастысы, елдің көңіл-күйі ерекше. Айтқымыз келгені

акция жайы емес.

Мәселе – банктен акцияға қатысуға келісім алған кейбір жеке кәсіпкерлердің пысықайлығы жайында. «Ебін тапқан екі асайды» демекші, банктен акцияға қатысуға келісім алған жеке кәсіпкерлер пайызсыз зат сатудың орнына пайызбен қолма-қол ақша тарататыны. Қарапайым тілмен түсіндірейік. Акцияға қатысуға, яғни өз тауарын банк арқылы пайызсыз 24 айға бөліп беруге банктен келісім алған жеке кәсіпкерлер жаңа тәсіл ойлап табуда. Мұны кешегі күні байқадық. «Келіңіз, ақшалай беремін» деп тамыр-танысын шақырған ватсаптағы жарна­маларды естіген ел жеке кәсіпкерлердің алдына кезекке тұрды. Олар да қайталанбайтын сәтті құр жібермеді. Банктің акциясын пайдаланып, заттай емес, қаржылай тарату олар үшін тиімді болып тұр. Себебі әрбір тұтынушыдан 20 проценттен ұстап отыру жеке кәсіпкердің қалтасын қампайтатыны рас. Тіпті «ашыққаннан құныққан жаман» деп, 20 проценттен басталған үстемесі минут сайын өсіп, 22,23,24,25, тіпті 26 пайызбен аяқталды.

Акцияны пайдаланып, ақшалай пайызсыз несие алғанның бірі Күләй Шыңғысова (аты-жөні өз­гертілді – ред.)

– Дүкені бар танысым ватсаптағы статусына ақшалай алып бере аламыз деп жазып қойыпты. Дереу хабарластым. Адам көп екенін, интернет баяу жұмыс істеп тұрғанын айтып, кезекке қойды. Алған соманың 20 процентін алып қалатынын ескертті. Келістім. Сәлден соң 22 пайыз деп жазды. Бес минуттан соң 23 пайыз болғанын хабарлады. Осы кезде тағы бір дүкені бар танысым 20 пайызбен алып бере алатынын хабарлады. Дереу соған хабарластым да, 1 млн теңге несие алдым, 200 мыңын кәсіпкер танысыма қалдырдым, – дейді ол.

Бір сөзбен айтқанда, жеке кәсіпкерден зат алып жатқан секілді банкке өтінім жібересің. Банк мақұлдаса жеке кәсіпкер ақшалай шешіп береді. Тек 20 пайызын кәсіпкерге қалдырсаң болды. Яғни 500 000 алсаңыз, 100 мыңын, 1 млн алсаңыз, 200 мыңын кәсіпкерге қалдырасыз. Мұнан соң банкке пайызсыз төлей бересіз. Мұндай пайда күнде қайда? Каспий жұмаға қатысуға рұқсат алған жеке кәсіпкерлер мүмкіндікті қалт жібермей халықтың қаржысын қалтаға басты. Кім ұтты, кім ұтылды? «Kaspi» банк­тің ниеті түзу. Тұтынушыларын жылына бір рет қуанту үшін пайызсыз несиеге зат алуға мүмкіндік жасайды. Ал бұл мүмкіндікті өз қалтасы үшін тиімді пайдаланған кәсіпкерлер де ұтылмады. Айналып келгенде тағы да жем болатын қарапайым халық екені белгілі.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: