Дүйсенбі, 17 маусым, 14:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47-2057
15.06.2024
PDF мұрағаты

Кімге не қымбат?

09.07.2022

428 0

«Өмір дегенің бір жарық сәуле екен ғой» деп мұзбалақ ақын Мұқағали жырлағандай, фәниде әркімнің өзіндік өмір жолы әртүрлі болып келеді. Менімен көптен таныс Әсел деген ару бірде мені жолықтырып: «Сен журналист жігітсің ғой, мен жақында мынадай жағдайды көзбен көріп, жан дүнием алай-дүлей болып кетті. Соны сенімен бөлісейін деп едім» деп бастады әңгімесін.

Әр сөзін анықтап, байыппен сөйлейтін оның сабырлы кейпіне мен шыдамсызданып не жағдай болды екен деп ертерек білгім келіп, сұраулы кейіппен қарағанымды ол сезген болуы керек: «Сен асықпай тыңда. Бұл – ұзақ әңгіме» деп мені сабырға шақырып, әңгімесін баяндады.

– Осыдан бірнеше күн бұрын жол жүру қамымен теміржол бекетіне барған болатынмын. Ішіне кіріп, өзіме оңтайлы орын іздеп, көзіммен адамдар арасын шолып өтіп едім. Кенет өзім қатарлы құрбымның егіліп жылап отырғанын көріп, көңілім елжіреп кетті. Жайлап жанына жайғасып, жағдайын білмекші болып едім. «Анашым-ау, мені кімге тастап кете бардың?» деп егіліп қоя берді. Абыр-сабыр көпшілік ішінен тысқа алып шығып, анықтап сұрасам, Арал ауданынан екен. Анасының қайтыс болғанын естіп, соған бара жатыр. Қоштасар сәтінде әлгі бейтаныс бойжеткен: – Рақмет, құрбым! Бүгінде адамдардан мұндай мейірімділік күте бермейсің. Бәрінен де ана қымбат екен, – деп тебірене сөйлеп теміржол бойымен теңселе басып кете барды. Осы оқиға әлі күнге есімнен кетпей, мені үлкен ойға жетелеумен келеді, – деді ол. Досымның сол әңгімесінен соң мынадай ой түйіндедім. Бүгінгі талас-тартысы көп, алмағайып заманда әрбіріміз әр нәрсені қымбат көретін тәріздіміз. Мәселен, көлік жүргізушісіне тәуір көлік, спортшыға жеңіс тұғыры, біреуге дос пен туыстан жалақысы мен қызметі қымбат болып көрінер.

Алайда, адамға адамнан қымбат ештеңе жоқ. Солай болып қала береді де…

Ауруханада жатқан науқас үшін дертінің дауа­сы – ем қымбат. Ата-ана мен бала қымбат. Бабалар аманаттаған дархан дала қымбат. Әркімге туған жері қымбат. Бағалағанға ердің абыройы мен елдің бейбітшілігі қымбат. Ұлттық құндылықтардан асқан байлық жоқ. Сананы тұрмыс билеген қо­ғамда кейбір замандастарымыз ақшаға бәрін сатып алуға болады деген тар түсініктің аясынан аспайды. Шындығында, ақшаға сатылмайтын баға жетпес байлықтар бар. Ол – елдің амандығы, жердің тыныштығы.

Сөзімді қорытындылай келе қарғаның қадымындай қысқа ғұмырда көңілдің көйлегін кірлетпей, жүрек жылуларымызбен бөлісе білгенге не жетсін. Өйткені тұлпардың тұяғы қатты болғанымен белі бос, сұңқардың қанаты қатты болғанымен мойны бос, ал адамның мінезі қатты болғанымен көңілі бос дейді данагөй қарияларымыз. Арамыздағы ынтымақты берік ұстай білсек қана бағындырар белестеріміз бәсеңдемек емес. Себебі береке-бірлік – тату тірліктің ұйытқысы.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: