Жұма, 26 сәуiр, 23:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Кітапханаға көмек керек

11.06.2022

1696 0

Кітапхана – ғасырдан-ғасырға адамзат тарихы керуенінің көшін бұзбай келе жатқан парасаттылық пен білімнің, рухани байлық пен біліктіліктің киелі ордасы. Кітап – қаймақ, білім – оймақ. Соңғы кезде тұрғындардың кітап оқу дәрежесін жоғалтпай, керісінше білім мен ғылым кілтіне деген қызығушылығы күн санап артып келе жатқаны ерекше қуантады.

Бүгінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» деп аталатын мекемесі бар. Оңай­латып айтатын болсақ қалалық кітапхана. Бұл – кітап­хана өңірдегі кемел шаңырақтың бірегейі. Қалалық кітап­хананың жайы қалай? Онда оқырмандардың рухани сұранысы қаншалықты қанағаттандырылып жүр? Бүгін міне, осы мәселелер төңірегінде ой өрбітпекпіз.

Көнеден жеткен көркем дүние

Қазіргі кезде қалалық кітап­ханаға  қарасты 21 кітапхана жұ­мыс істейді. Олар шаһардың әр бөлігінде орналасқан. Орталы­ғы Чайковский көшесінде орна­лас­қан А.Пушкин атындағы қа­лалық кітапхана. Бұл кітап­хана 1949 жылы қазіргі М.Әуезов кө­шесінің бойында ашылған. Оған А.Пушкиннің 150 жылды­ғын бүкіл дүние жүзі атап өтуіне байланысты ақынның есі­мі берілді. Кітапхананың ал­ғаш­­қы оқырмандары қазақ­тың классик жазушысы А.Тоқма­ғамбетов, белгілі ақын Ә.Оңал­баев, сол кездегі жас ға­лым Ә.Тәжімағанбетов болды. Ал кі­тапхана кеңесінің алғашқы тө­рағасы – Қазақстанға белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев. Осы­лайша кітап сүйер қауым үшін бұл жер олардың жиі бас қосатын орнына айналды. Бүгінде кітапхана ұжымын Гүлмира Рахметова басқарып отыр.

Кітапхананың құнды дүниесі кітап болса, басты байлығы оқыр­ман екені даусыз. Қазір қор­да 644598 дана кітап бар. Ақпараттық  технологиялар дамы­ған жаһан­дану заманында оқитын қауымды жинау оңайға соқпайды. Деген­мен мекеме басшысының орын­басары Ақнұр Айекенің айт­уынша, кітапханаға келушілер әлі де баршылық. Әсі­ресе көркем әдебиеттен қол үзбей үнемі оқып тұратын жастардың да көп екенін айтты.

– Оқырмандарды қызықтыру мақсатында ірі жобалар, көрме­лер мен акциялар, кездесулер бас­қа да шараларды жиі өткі­земіз. Мәселен, «Әдеби авто­бус», «Ер­тегімен есейемін», «Қаламгер сағаты», «Ұлылардан ұлағат» тағы осы секілді түрлі жобалар аясында кең көлемде шаралар ұйымдастырылады. Сол сияқты әдеби жәрмеңке, байқаулар, түр­­лі танымдық ойындар өтіп тұрады. Пандемия кезінде он­лайн шараларға да ден қой­дық. Әлеуметтік желілер арқы­лы онлайн көрмелер, тіке­лей эфирлер, сұхбаттар ұйым­дас­тырып, оқырмандармен бай­ла­­­нысты үзбеуге тырыстық. Бү­гін­­де «Rabis» бағдарлама­сы бойын­ша кітапханалардың электрондық каталогы құрылған. Кі­­тапханашылар кітап іздеген оқырманның сұранысын іздеп әуре болмай, электрондық ката­лог арқылы тез әрі жылдам тауып береді. Осыған дейін бұл бағдарламаға кітаптың 80 проценті енгізілді. Сондай-ақ «мобильді кітапхана» жүйесін де ерекше айта кетуге болады. «Кітап.кз» сайты арқылы кітапты ұялы телефоннан толық оқи алады. Айта кету керек, қалалық кітапхана Қызылордаға қатысты өлкелік әдебиеттерді сандық форматқа өткізуді қолға алды. Қазірдің өзінде 1300-ге жуығы түсіріліп үлгерді, – деді мекеме директорының орынбасары Ақнұр Айеке.

Он жыл бойы керек зат алынбаған

Уақыт бір орында тұрмайды. Заман ағымына еру үшін соған сай жағдай да жасалу керек. Сондық­тан басқа салалар сияқты оқырман­ға мейлінше сапалы қызмет көр­сету мақсатында ше­шімін күт­кен мәселе аз емес. Шынымен кітапхана саласында жылдар бойы жинақталған мәселе өте көп. Әрине, олардың бір мезет­те шешілуі де мүмкін емес. Дегенмен қалалық кітапхананың күрмеулі мәселесін біз айтпағанда, кім айтып, жазады. Мекеме бас­шысы орынбасарының айтуын­ша, қалалық кітапхананың басты мәселесі – компьютерлерді жаңар­­тып, «Web-Rabis» бағдар­ла­масына қосылу. Өйткені бұл жоба кітапхана мен оқырман үшін де тиімді болмақ. Сонымен қатар бүгінде оқырманмен байланыс тікелей осы техникаға байланысты болып отыр. Бұрын үш жыл сайын керек емес кітаптарды есептен шығарып отыратын. Ал соңғы жылдары кітаптарды қорға қоспаса, азайтып жатқан жоқ. Осыған орай кітап сөрелерінің жетіспеушілігі орын алуда. Тіпті он жыл көлемінде кітапханаға қажетті жаңа құрал-жабдықтар алынбағанын да айтып қалды.

Ескі ғимарат жыл өткен сайын көнеріп барады

Жайлы ғимарат болса… Бұл – қа­лалық кітапхананың жанды жері. Шыны керек, қала­лық ор­талықтандырылған кітапха­на­­лар жүйесінің орта­лығы «Пушкин» кітапханасы көп­­қабатты тұрғын үйдің бірінші қаба­тында орна­ласқан. Өкінішке орай биыл үстіңгі қабаттағы үйдің бірінен су кетіп, қаншама кітап бүлінген. Алайда оны кітап­ханашылар өз­дері қайта жөндеп, кітаптарды далаға шы­ғарып, күнге кептірген. Ақнұр апайдың айтуынша, бұл ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Кітапханашылардың басты ар­маны да сол. Әрине, оқырманға қолайлы жағдай жасау үшін кітапхана қызметі жоғарғы дең­гейде болу керек.

Қарап отырсаңыз шет елдегі кітапханалар оқырманды алыстан менмұңдалап шақырып тұрады. Олардағы кітапхана ерекше архи­тектуралық дизайнмен салынған.   Мәселен, жүзіп келе жатқан кеме немесе адамның миы сынды ерекше ғимараттарымен кісіні тартады. Сыртқы келбетімен кі­тап­хана өзінің мәртебесін, қо­ғамдағы қажеттілігін көрсетіп тұр­ғандай.

Қалалық кітапхананың бүгін­гі көрінісін көзбен көріп, біз­дің қалалық кітапханаға да ерек­ше стильде жаңа ғимарат керек екенін ұғынып қайттық. Сыртқы келбетіне қызыққан адам кітапхана ішіне де үңіледі. Себебі жайлы, ыңғайлы, кең кітапханада кімнің де болса кітап оқуға деген құлшынысы артары анық.

«Қала әкімінің назарына!» деп арнайылап айдар таққан мақа­ламыз шаһар басшысы Асылбек Шәменовке жетіп, рухният ордасы үшін жаңа ғимарат салынады деген үміттеміз.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: