Сәрсенбі, 24 сәуiр, 00:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«NEEТ» санатындағылар неге көп?

29.10.2022

794 0

«NEET» санатындағы жастар деген кім? NEET термині ағылшын тіліндегі «Not in Empoloyment. Education or Training» ұғымынан құралған. Бұл қазақ тілінде «не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам» дегенді білдіреді.

Қазақстанда бұл санатқа енетін жастардың қатары көбейді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мәжілісте жаңа ұғым – «NEET» санатына қандай жастар кіретінін түсіндірген еді. Министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымға ұсынды.

− Елімізде жұмыссыз және оқудан шығып қалған жастар көп екені белгілі. Бұл мәселе заң жобасында кеңінен қарастырылған. Атап айтқанда, NEET санатындағы жастарды біз 4-ке бөліп қарастырдық. Оның біріншісі – жұмыссыз жастар, оқудан шығып қалған, колледждер мен мектептерден шығып қалған жастар. Біз оларды анықтаймыз, халықты жұмыспен қамту орталықтарынан деректері алынады. Екінші санатта – жұмыс істей алатын мүгедек жандар, үшінші санатта – әртүрлі созылмалы аурулармен ауыратын немесе алкоголь және басқа да зиянды заттарға тәуелді, белсенді емес жастарымыз бар, ол жастармен де жұмыс істеуді қолға аламыз, − деді ақпарат және қоғамдық даму министрі. Сондай-ақ NEET санаты бойынша төртінші санатқа үй шаруасындағы жастар, көпбалалы немесе жалғызбасты аналар енеді.

Міне, осы жастарды жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері мен механизмдерін енгізуге ерекше назар аудару керектігін Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Үкімет отырысында арнайы айтты.

− Жастарды жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері мен механизмдерін енгізуге ерекше назар аудару керек. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңнан астам жастар шығады. Олардың жұмыс тәжірибесі жоқ. Сондықтан жастарға бірінші кезекте жұмысқа орналасуға көмектесу керек, − деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы мұндай жастар қатары көп өңірлерді де атады. Бұл облыстар қатарында Қызылорда облысы да бар екен. Мәселенің мәнісін дереу анықтау мақсатында Үкімет отырысынан бір күннен кейін, 12 қазанда облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілестің атына арнайы хат та жібердік. Үкімет басшысының тапсырмасын біздің өңірде орындау басталып кетті ме, әлде басқа ма, хатқа жауапты екі аптадан кейін ғана, 28 қазанда алдық. Бүгінгі мақалада осы мәселеге қатысты облыстық жастар ресурстық орталығының жауабын жарияламақпыз.

Орталық берген мәлімет бойынша, министрлік пен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген «NEET» санатындағы жастармен жұмысты ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік нұсқаулық, есептеу әдістемесі мен жұмыс алгоритмдеріне сәйкес 98506 жастың өңірлік деректер қоры жасақталған. Жүргізген талдау бойынша жастардың көпшілігі жұмыс істеуге дайын, бірақ жұмыс істемейді және түрлі себеппен жұмыс іздемейтіні анықталған. Бұған білім тәжірибесінің жеткіліксіздігі, жұмысқа орналасу барысында көп жағдайда еңбек өтілінің сұралуы, мамандыққа сәйкес келмеуі, еңбек жалақысының төмендігі, біліктілігіне сәйкес жұмысты таба алмауы себеп болады-мыс.

«Жалпы өңірдегі NEET санатындағы жастардың дерекқор базасын жасақтау, алдағы уақытта осы санаттағы жастармен жұмыс істеу мақсатында 2021 жылдан бері Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда адрестік жұмыстар жүргізіліп келеді. Адрестік жұмыстар барысында NEET санатындағы жастарды анықтау, оларды қоғамға бейімдеу бағытындағы жоспарға сәйкес барлық деңгейдегі жастар ресурстық орталықтарының бастамасымен ұйымдастырылған үй-үйлерді аралау барысында жастардың әлеуметтік санаттары анықталды. Бетпе-бет ақпарат алмасу процесіне арнайы әзірленген сауалнама бойынша ерікті түрде 87100 жас қамтылды. Қосымша тиісті мемлекеттік мекемелердің ұсынған (тоқсандық) 11406 жастың тізімі  жинақталды. NEET санатындағы жастарды есептеудің бейресми формуласы бойынша өңірде 10363 жұмыссыз жас анықталды», − делінген облыстық жастар ресурстық орталығының біздің сауалымызға берген жауабында.

Орталық биылдан бастап жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету және кәсіпкерлікті дамыту, жастардың сұранысын қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығына қарасты кент және мөлтек аудандарда «Мүмкіндіктер керуенін» ұйымдастыруды қолға алған. Бұл шараның өтетіні туралы 698 жұмыссыз жасқа хабарлама беріліп, 100 жас маманның тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасалған. Мысалы, Тасбөгет кентінде өткен шара барысында 37 мекемеден 216 жұмыс орны, сонымен қатар Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан 1392 бос жұмыс орындары ұсынылған.

Сондай-ақ 244 жұмыссыз және пробация есебіндегі 23 жас бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің қызметтерін пайдаланып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алған. 12 жас тұрақты жұмысқа орналасып, 5 жұмыс беруші мекемемен келісім шарт жасалып, 6 мүгедектігі бар жасқа арнайы жұмыс орындары ұсынылған. Жастар тәжірибесі бағдарламасымен 15 жас маман уақытша жұмыс орындарына жолдама алған. Бұл «Мүмкіндіктер керуені» өткен бір шараның ғана мысалы.

Жастар арасында мемлекеттік бағдарлама­ларды насихаттау мақсатында «Syr jastary» фейсбук парақшасында «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Дипломмен ауылға» бағдарламалары туралы ақпараттық бейнероликтер жарияланады. Мысалы, Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Сен сұлу» атты шеберлік сағаты өткен. Оған қаланың жас кәсіпкерлері «Aigera_mua» сән салонының шаш, бет әрлеуші маманы Бегайым Қонысбаева мен тырнақ әрлеуші Аружан Амантай қатысқан. Шеберлік сағаты барысында қатысушы қыздар мамандардан үй жағдайында қажетті құралдармен бет және шаш әрлеу жолдарын меңгерген.

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қазіргі нарықта сұранысқа ие «Trendyol», «Taobao», «1688» сайттары арқылы өнім тапсырыс беру арқылы 0-ден бастап онлайн бизнес бастаудың тиімді жолдары туралы  саланың эксперті, блогер Г.Нетбаевадан тегін шеберлік-сағат өтті. Шараға  жұмыссыз, үйде отырған 15 қыз-келіншек қатысқан.

Міне, осы секілді шараларды облыстық жастар ресурстық орталығы үздіксіз жүргізіп келеді. Бұл өз кезегінде жастардың жұмыс істеуге деген құлшынысын арттырып, әр саланың қыр-сырымен танысуға мүмкіндік беретіні рас. Алайда бізге берген ақпаратта 26 қыркүйекке дейін өткен шаралар қамтылған. Ал Үкімет отырысынан кейін облыстық жастар ресурстық орталығы «NEET» санатындағы жастарды жұмыспен қамту бойынша ешқандай шара жүргізбеген немесе бұл туралы ақпарат берілмеді. Жұмыссыз жастарды тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа жоба дайындалып жатқан шығар…

Жалпы Қазақстанда жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатында арнайы бірнеше жоба жұмыс істейді. Соның бірі – 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Жастар тәжірибесі» атты ұлттық бағдарламасы. Бұл бағдарлама техникалық-кәсіптік, орта және жоғары оқу орнынан алған білімінен кейін бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жүзеге асады. «Жастар тәжірибесіне» оқу бітіргеніне 3 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар орналаса алады. Бағдарламаның ұзақтығы – 12 ай, ал жалақы мөлшері – 30 АЕК.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы тағы бір жоба – «Алғашқы жұмыс орны». Жоба жұмысқа алғаш рет орналасатын, еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылады. «Алғаш­қы жұмыс орны» жобасына 29 жасқа дейінгі мүлдем жұмыс өтілі жоқ жұмыссыз жастар қатыса алады. Мұнда жалақыны субсидиялау мерзімі 18 ай, субсидия көлемі 30 АЕК-ні құрайды.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналастыру барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен мекемелерде ұйымдастырылады. Бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды жүйелі жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілер қатыса алады.

Жалпы дамыған елдерде жұмыссыздық мәселесін шешу және жастарды жұмыспен қамту үшін арнайы бағдарлама жоқтың қасы. Олар керісінше жастарды ерте кезден-ақ жұмыс істеудің маңыздылығын түсіну үшін әрекет етеді. Мысалы, жоғары сыныптарда оқушыларға кәсіби бағдар беру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Мұнда оқушылар арнайы өндіріс орындарына барып, белгілі бір мамандықтың қыр-сырымен танысады. Бір ерекшелігі, ешқандай үгіт-насихат жұмыстары жүргізілмейді. Сол саланың қиындығы мен оң тұстары қатар айтылып, фактпен дәлелденеді. Бұл өз кезегінде оқушыға ертерек өзі қалаған мамандықты анықтап, соған оқытатын оқу орнына түсуге дайындық жүргізуге мүмкіндік сыйлайды.

Жастардың бос уақытын, әсіресе жазғы демалысында жұмыс істеуге жағдай жасау – басты мақсат. Сондай-ақ студенттердің ерте кезден жұмыс істеп, табыс табуына да жағдай жасалған. Бұл болашақ жас маманның өзіне деген сенімділігін арттырып, жұмыс істеуге деген құлшынысын арттырады. Бірақ студенттің оқу үлгерімі қатаң бақылауда болып, білім алуына кедергі болмайтындай жұмыс графигін жасақтау мүмкіндігі бар. Міне, осындай әрекеттердің нәтижесінде дамыған елдерде жұмыссыздық деңгейін төмендету қолға алынған.

P.S. Болашақта ел тұтқасын берік ұстар жастарды тәрбиелеу үшін олардың сапалы білім алуына жағдай жасап, жұмысқа орналастыру маңызды. Дипломнан гөрі жұмыс өтілін сұрайтын, жақында оқу орнын бітірген жас маманнан гөрі салада баяғыдан жүргендерді бірінші қабылдайтын Қазақстанда бұл мәселені шешу үшін жаңа жүйе дайындалатынына сенім мол. Дипломын қолына жақында алған жас маманнан білікті қызметкер шығатынына сену қажет. Сондай-ақ бүгінгідей жаһандық дағдарыс кезінде аз айлыққа өмір сүрудің өзі қиын екенін ескеру маңызды.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: