Сейсенбі, 16 сәуiр, 14:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

«Нұр-Сұлтанда тұрамыз»

06.07.2021

1430 0

«Нұр-Сұлтандықпын…». Осы бір ауыз сөз құлаққа сондай жағымды естіледі. Әрі туған елге деген мақтаныш лебі есіп тұрғандай. Құтты мекенді шексіз сүйетіні сезіледі. Келбеті келіскен көрікті көшелер, көктегі күнмен таласқан зәулім ғимараттар, иісі жұпар аңқыған гүлзарлар бәрі-бәрі елорданың арайлы ажарын айшықтап тұрғандай. Төңірек түгел көз тартар кереметке толы. Бұл ғажап көрініске куә бола тұрып, ғашық болмау мүмкін емес. Әсіресе, ару қалаға қонақ ретінде барған жандар қашанда осы ерекше сезімге өн-бойын жылытып, әсерленіп қайтады.

Сарыарқа төсіндегі, ерке Есіл жағасындағы шырайлы шаһарды көріп, сұлулықтың не екенін ұғына түсесің. Алғашқы астанада дүниеге келіп, бүгінде түрлі себептермен елорданың тұрғыны атанған жерлестер бұл туралы не дейді? Арқа төсіндегі ару қаланың даму барысы мен тың өзгеріске толы тынымды тіршілігін олардың өздерінен естігенді жөн көрдік.

Нұрбек ӘМИША, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, журналист:

– Елордаға осыдан тура он жыл бұрын қыс мезгілінде отбасыммен көшіп келдік. Жергілікті телеарнадан «Хабар» телеарнасына жұмыс барысымен ауыстық. Мұнда келуіміздің басты мақсаты алған білімімізді жетілдіріп, өзімізді дамытып, үлкен ортадан  тәжірибе алмасу еді. Сол кезде бас шаһардың қысы қатал болғанымен, айналамыздағы адамдар мен әріптестеріміз жылы қарсы қалды. Республикалық телеарнаның жауапкершілігі бізді шыңдады. Онда тек сайдың тасындай іріктеліп, жан-жақтан жиналған мықты тілшілер қызмет етеді. Біз де солардың қатарынан табылу үшін тынбай еңбек еттік. Бұл жерде сапалы білім басты орында. Осында келіп, «Болашақ» бағдарламасының бар екенін білдік. Осы білім бәйгесінде бағымызды сынап, Англияға оқуға түстім. Мұны Нұр-Сұлтанға келгендегі ең үлкен жетістігіміз деп айтуға толықтай негіз бар. Елорда – мүмкіндіктің қаласы. Барлық жағынан білім алуға, өсуге, дамуға жағдай қарастырылған. Тек өзіңнің күшің мен біліміңе сеніп, еңбектеніп жұмыс істесең, барлығының есігі айқара ашық.                     

Жадыра ЖҮСІП, «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының баспасөз хатшысы:                                             

– Қай қаланы болмасын, қала ретінде қалыптастыратын оның жаны, яғни тұрғындарының ыстық ықыласы, естеліктері, үміт-арманы, болашағы. Мен бұрын Нұр-Сұлтанды тек ғимараттар қаласы деп ойлаушы едім. Қазір сол ғимараттарға жан бітіп, тамырына қан жүгіргеніне күнделікті куә болып жүрмін. Алматы секілді бас қалада да жастар керемет студенттік шағын өткізіп, бірі өмірлік серігін жолықтырып, енді бірі ең қызықты күндерді өт­кізіп, ыстық ықыласқа бөленуде. Мәдениет пен көркем құндылыққа сай халықтық санасы қалыптасқан кезде бас шаһар аса талғампаздық пен әсемдіктің үйлесімінен туған керемет қалаға айналды. Себебі кез келген адам өзінің тұтас елдің жүрегіне айналған Елордада тұра­тынын мақтан тұтатыны анық.

Айжан Молдабекова, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Менің бұл қалаға келгеніме көп болмаса да, құдды бір Нұр-Сұлтанның байырғы тұрғынындай тез бауыр басып кеттім. Оның арайлап атқан әрбір таңына, көкжиектен ауған қызылкүрең күніне ғашық болып үлгердім. Аспанмен тілдескен зәулім ғима­раттардың әсемдігі өз алдына бір бөлек. Мұндағы халықтың қонақжайлығы да ерекше. Сон­дықтан болар, бұл шаһарды бөтенсіп, жаттық етпедім.

Елорда – саяси әрі эконо­микалық ұстанымдарды назарда ұстай отырып, жан-жақты үлкен сауаттылықпен дүниеге келген қала. Кезінде бұл аймақтың бір­неше жылдан соң осындай жай­на­ған-жаңарған жасыл-желек­ті қалаға айналарына ешкім сене қоймағаны рас. Десе де орасан істердің арқасында бола­шақ қаласы бой көтерді. Сан алуан игіліктің ордасы, елдің жүрегі, Отанның тірегі атанды. Ең жас астана болғанына қара­мастан талай мәрте саяси әрі экономикалық маңызы айтулы шаралардың қайнаған ортасына айналды. Мемлекетаралық бай­ланыс пен ресми кездесулер ұйымдастырылып, салмақты ше­шімдер қабылданды. Ал түсіне білген жанға дәл осы қалада тұрып, оның әрбір өзгерісін көзбен көру үлкен бақыт.               

Аягөз Қожақова, «Астана» арнасының тілшісі:

– Елорда – жастардың қаласы. Сәт сайын дамып, өсіп келеді. Ал жастарды жаңашылдық қы­зық­­тырады. Кез келген сала­ның маманы өз кәсібінің шарық­тау биігіне жетіп, белесін ба­ғын­дырғысы келеді. Сол сияқты мен де шығармашылықтың қай­на­ған ортасына барып, әрі қарай шыңдалғым келді. Об­лыстық «Qyzylorda» арнасы теле­әлемнің ауасымен тыныстатса, республикалық арна білікті ма­мандармен тәжірибе алмасып, кәсібилігімді шыңдауға мүмкіндік сыйлады.

Нұр-Сұлтан қаласы әлем бойынша ең суық астаналардың қатарында екен. Сондықтан жергілікті тұрғындары да салқын­қанды деген түсінік бар. Соңғы кезде бұл жаққа оңтүстіктен қоныс аударып жатқандар көп. Әріптестер арасында астана­ға жылу сыйладық деп өзара әзілдесіп жатамыз. Бір жағынан қазақылықтың иісін шығарып жүреміз.

Алматыда Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универси­тетінде журналистика мамандығын бітірген бойда, туған жерде тапжылмай он жыл еңбек еттім. Әр адамға іздену, өз-өзін дамыту керек. Әсіресе, шығармашылық адамы. Ел астанасына балауыз журналист емес, тәжірибелі маман ретінде барғанды құп көрдім. Сол таңдауым жаңылдырмаған секілді. «Хабар», «Қазақстан» ұлттық арнасында бірқатар теле­жобалардың шығуына үлес қос­тым. Қазіргі таңда «Астана» арнасында журналистік қызметім жалғасып жатыр. Бұл арна – елорданың айнасына айналған арна. Оның бүкіл тыныс-тірші­лігін «Астанадан» көруге болады. Армандар қаласында арманыма жетсем деген ниетім бар. Халық­аралық деңгейде білікті журналист болу мақсатыма айналды.

Ақынның қаламынан жыр, әншінің көмейінен ән боп әуелеген бас қаламыз Нұр-Сұлтан – қазақ жұртының мақтанышы. Бүгінде бұл жаққа ағылған жұрттың қарасы басым. Бәрінің арманы бір, мақсаты ортақ.

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: