Жұма, 17 мамыр, 14:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Өзге ұлт деген атау жоқ, бауыр деген ұғым бар

29.04.2023

832 0

Көңілі кең, дархан пейіл халқымыз үшін сыйластық, татулықтан асқан құндылық жоқ.  Ата-бабамыздың қайсыбір дәстүрі, өсиет-нақылы, үлгі-өнегесі болсын тек ауызбірлікке шақырады. «Бірлігі мықты ел озады» деп бекер айтпаса керек. Міне, осындай ізгі қасиеттің арқасында тәуелсіз еліміз көп ұлтты мемлекетке айналды.

Елімізде 140-тан астам түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті күн кешсе, Сыр топырағында 30-дан астам ұлт пен ұлыс бірліктің бесігін тербетіп келеді. Олар қаймағы бұзылмаған қазақы ортамен біте қайнасқан. Өңірдің өсіп өркендеуіне де өз үлестерін қосуда. Сан түрлі салада аянбай қызмет етіп, ел мерейін үстем етіп жүр.

Осындай азаматтың бірі – халықаралық дең­гейдегі кардио­хирург, медицина ғылымының докторы, аты әлемге танымал білікті маман Юрий Пяның түп-тамыры біздің өңірден шыққан. Анасы – бірнеше ұлттың басын қосқан Қармақшы ауданы, ІІІ интернационал ауылынан  болса, әкесі – корей ұлтының тумасы. Ширек ғасырға жуық осында тұрған олар кейін басқа қалаға қоныс аударады. Десе де, тамыры түлеген. Белгілі дәрігер  туған жерін ешқашан ұмыт­қан емес. Ол бұл туралы берген сұхбаттарында айтады.

Талай байрақты бәсекелер де топ жарған сыр саңлақтарының қатарында қазақтың өз бала­сындай болған өзге ұлт өкілдері барын да жасыра алмаймыз. Олар еліміздің, облыстың атын әлемге танытты. Жұртымыз оларды қашанда мақтан етеді. Қазақ елі есімін мақтанышпен айтатын Сырдың сырбаз ұлы – Илья Ильин. Әлемнің үш дүркін чемпионы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Жас­тайынан спортқа деген қызығушылығы оны әлемге танытты. Ауыр атлетика спор­тында әлемдік рекорд жасаған жалғыз зілтемірші, гиннес рекордтар кітабына енген ең жас жеңімпаз. Дарабоз спортшы тек туған жерінің емес, бүкіл қазақ жұртының үлгі тұтар азаматы.

Ауыр атлетика жұлдызына айналған – Александр Зайчиков те біздің аймақтан шыққан. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында ол өз шеберлігімен көпшілікті таңғалдырған еді. Бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем, Азия чемпионатында күміс, қола жүлдені иеленген оның жұлдызы 2015 жылы жанды.  Кейін Бразилияда өткен дүбірлі додада Олимпиада чемпионы атанды.

Аймағымыздың мәртебесін ерлер ғана емес, арулар да өз дә­режесінде асқақтатып келеді. Мәселен, Қазалы ауданының тумасы – Марина Вольнова бокс­тан олимпиада жүлдегері. Қазақстан чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы Марина елі­­­­міздің еңбек сіңірген бокс жат­тықтырушысы Б.Мәржік­паевтің шәкірті. 2012 жыл­­ғы Лондон олимпиадасының қола жүлдегері барша сыр­бойылық­­тардың сүйік­ті қызына ай­налған.

Тарихтың тар жол, тайғағын кешсе де, пейілі тарылмаған жұртымыз талай сындарлы сәтті бастан өткерді. Қаншама халықтың жанына араша, басына пана болды. Қиын-қыстау ке­зеңде тағдыр тоғыстырған өзге ұлт өкілдерімен достығымыз күні бүгінге дейін мәнісін жоғалтқан жоқ. Қазақпен бірге өсіп, бір мақсат, бір мүддені көздеген олар артылған жауап­кершілікті жұмыла көтерді. Көк байрағымызды көкке желбіретті.

Алаштың анасы атанған Сыр өңіріндегі түрлі этностардың дарынды жастары қашанда ел назарынан тыс қалған емес. Олардың әрбір бәсекесіне тақы­мын қысатын қазақ жұрты үшін өзге ұлт өкілі деген атау жоқ. Тек бір шаңырақ астында өмір сүрген ағайын-туыс, бауыр ұғымы ғана қалыптасқан.

Айдана ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: