Жұма, 15 қараша, 21:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№90-2100
12.11.2024
PDF мұрағаты

Өзіміздің өнімді тұтынуға басымдық берілмек

05.12.2022

667 0

      Жыл бойы халықты азық-түлікпен тиімді бағада қамтамасыз ету мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тиімді жобаларды жүзеге асыруды қолға алмақ. Осы орайда «Байқоңыр» корпорациясы қызылордалық тауар өндірушілердің де өнімдерін сатып ала отырып, баға тұрақтандырумен қатар халықты жергілікті өніммен қамтамасыз етуді қолға алып отыр. Бұл туралы  «Байқоңыр» Әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді. 

      Күн санап азық-түлік бағасының шарықтауы бір айлық жалақыға қараған қарапайым тұрғындар үшін қалтаға әжептәуір салмақ түсіретіні рас. Бұл ретте қалың көпшілік базар бағасын тұрақтандыру керектігін жиі айтып жүр. Ал, жеке кәсіпкерлер өнімнің арзанға келмейтінін айтады. Алайда, жеке кәсіпкерлікті тексеруге жарияланған мораторийден кейін бағаға бақылау қойылмаған.        

      Ал аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік  тауарларына бағаны тұрақтандыру үшін 2022 жылы облыстық бюджеттен 3 миллион 300 мың теңге қаражат бөлінген екен. Сондай-ақ, жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 11218, 2 тонна азық-түлік тауарларын сатып алуға 1 925,8 миллион теңге қаржы жұмсалған. Осы орайда, аталған қор жергілікті кәсіпкер «Ер-Әлі» шаруа қожалығынан 100 тонна картоп алуға шарт жасасыпты.

      – Жергілікті кәсіпкерлердің өнімін халыққа ұсыну – ішкі нарықтағы айналым бағытын көтереді, сырбойылықтардың өз өнімін тұтынуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шаруаларға өнімді өзге облыстарға жібермей, сыртқа эспорттамай өңірде қалдыруда да тиімді болмақ. Қазіргі таңда 100 тонна картопты «Ер-Әлі» шаруа қожалығынан сатып алуға келісім шарт жасалды. 35,12 тоннасы қоймаға жеткізілді. Айта кетейік, бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында  310,2 миллион теңге сомасында 1218,1 тоннаны құрайтын қант, қарақұмық жармасы, өсімдік майы,  күріш, картоп дақылы, бірінші сортты ұн тағы да басқа өнім қоры бар. Қытымыр қыста халық қажетті басты өнімдерді әлеуметтік дүкендерден алуына мүмкіндік бар, – дейді «Байқоңыр» Әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Самат Нұрахметұлы.

         Мамандардың айтуынша, әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарындағы өнімдердің бағасына күн сайын мониторинг жүргізу мақсатында қоғам тарапынан бекітілген жауапты қызметкерлермен тұрақты бақылау жүргізіледі екен. Бүгінгі күні барлық әлеуметтік дүкен сөресінде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада тұр. Сондай-ақ, әлеуметтік дүкендердегі өнімдердің бағасы нарықтық бағадан біршама төмен. Сол себепті көпшілік арзан бағада өнім алу үшін әлеуметтік дүкенге жүгінетіні рас. Ал, тауарларды көтерме сатып алу және қайта сату фактілеріне жол бермеу мақсатында, сондай-ақ өнімдерді әрбір отбасына жеткізу үшін тапшы тауарларға шектеу енгізілген. Мәселен, бір сатып алушыға нан – 3 данадан келсе, қант – 1 кг, картоп – 3 кг, сәбіз – 2 килограмнан беріледі. Әлеуметтік дүкеннен сауда жасаушы әрбір тұрғын ондағы осы талаптарға құлақ түріп, бағынуы тиіс. Осы орайда, бақылаушылар тұрғындардың арзан бағадағы өнімдерді белгіленген шектен асырып, көптеп алғысы келетінін де жасырмайды.

         Осылайша, азық-түлік саудасында өзіміздің өнімді айналымға салу арқылы ұтарымыз басым болмақ. Бұл әзірге бастамасы ғана. Жергілікті өнім өндірушілермен келіссөз жүргізіп, өнімді ішкі нарықта сатудың тиімді тұсы көп. Сала мамандары осыған сендіреді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: