Президент саябағында Ұлттық домбыра күніне орай «Домбыра – халық мұрасы» атты ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шара жоғары деңгейде өтті. Мерекелік шара басталмас бұрын саябақ аумағында «Ұлттық өнер – ұлы қазына» атты мамандандырылған кітап және музей жәдігерлерінің көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге сирек кездесетін тарихи экспонаттар мен әдеби мұралар таныстырылды, сондай-ақ креативті индустрия өкілдері мен жергілікті қолөнершілердің көрме-жәрмеңкесі өтіп, кәсіби домбыра жасаушы шеберлер аспап әзірлеудің қыр-сырын үйрететін шеберлік сағаттарын өткізді.

Оған қоса, жастар арасында тақырыптық флешмоб ұйымдастырылып, ұлттық спорт ойындарынан жарыстар өтті және орындаушылар мен өнерсүйер қауымның басын қосқан еркін форматтағы «Dombyra Party» музыкалық жобасы мерекенің көркін қыздыра түссе, ұлттық нақыштағы әуезді радиоконцерт жиналған қауымның мерекелік көңіл-күйін еселей түсті.
Мерекенің салтанатты концерті саябақтың амфитеатрында театр артистерінің қазақ ақындарының жырларынан өрілген әсерлі музыкалық-поэтикалық прологымен ашылды. Руслан Балмасовтың дирижерлігімен Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрі ұлы Құрманғазының рухты «Сарыарқа» күйін күмбірлетті. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов қатысып, жұртшылықты Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, қастерлі аспаптың қазақ руханияты мен дала өркениеті үшін мән-маңызына тоқталып, ұлттық өнерді ұлықтап жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады.

Кештің мерекелік бағдарламасында облыстық филармония әншілері мен жетекші шығармашылық ұжымдар, дәстүрлі орындаушылар өнер көрсетті. Сондай-ақ «Сыр толқыны» ІІІ республикалық күйшілер конкурсының жүлдегерлері мен қатысушылары сахнада нағыз «Күй тартыс» жасап, жоғары шеберліктерін көрсетті. Кештің ерекше тосынсыйы ретінде оркестрдің орындауындағы заманауи хиттер мен танымал әндер топтамасы (Б.Оралұлы «Боз жорға», Тимати «Лада седан», Shakira «Waka Waka») және танымал кинофильмдердің («Ер Тұғрұл», «Махаббат бекеті») саундтректері көрермендерді ерекше толқытты.
Кеш барысында көрермендермен домбыраның құрылымы, күй авторлары туралы сұрақ-жауап ойындары, фото-сұрақтардан тұратын интерактивті кезеңдер ұйымдастырылып, белсенді қатысқан қала тұрғындарына арнайы сыйлықтар табысталды.
Ұлттық құндылығымыз бен төл өнерімізді ұлықтаған мереке құтты болсын, халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – домбыра төрімізден түспесін!
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
