Бейсенбі, 25 сәуiр, 02:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Олардың әр күні жақсылық жасаумен өтеді

29.10.2022

568 0

Өкінішке орай, біздің қоғамда тағдыр тәлкегіне түскен, өмірдің ауыр соққысына тап келген жандар бар. Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді, қоғамда түрлі қиындығы жетерлік адамдар көптеп кездеседі. Біреудің тағ­дырына жалғыздық жазылса, екін­шісінің денсаулығы сыр береді. Ал өмірден баз кешіп жүрген жандар қоғамнан бір-ақ нәрсені күтеді. Ол – мейірімділік. Осындай қиын жағдайда жүрген кісілердің жылы сөзбен жанын жылытып, жүзіне қуаныш сыйлайтын мейірімді мамандық иелері бар. Олар – әлеуметтік қызметкерлер. Бұл мамандық иелері бұйымтайын айтып келген бұқараның өтінішін тыңдайды, тілегін орындауға ты­рысады, шамаларынша кез келген жәрдемін жасайды. Осы орайда, бұл салада қызмет етіп жүрген жандардың еңбегі ерен екенін айтып өткен жөн. Әлеуметтік қызметкер болу үшін темірдей төзім керек-ақ. Себебі сенен үміт күтіп келіп отырған жанға жауап беру қажет. Олардың үмітіне селқостық түсірмей, қамқорлық күткен жанды жұбата білу де үлкен жүректілікті қажет етеді. Сондықтан да әлеу­меттік қызметкер болу үлкен жауапкершілікті, әділдікті, мейі­рімділікті талап етеді.

Қазан айының соңғы жексенбі­сі – әлеуметтік қорғау жүйесі қыз­меткерлерінің кәсіби мерекесі. Бүгінде елімізде 12 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Олар халықтың әртүрлі санатына өмір сүру сапасын жақсарту және күрделі өмірлік жағдайдан шығу үшін арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Мәселен, жалғызбасты қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде балаларға, белгілі бір тұр­ғылықты жері жоқ жандарға кө­мек қолын созу – олар­дың негізгі міндеті.

Әрбір қала, әрбір ауданда әлеуметтің әл­жуаз тобына сүйеу мамандар жетерлік. Бү­гінде біздің аймақта осы салада 500-ге жуық қыз­меткер еңбек етеді. Об­лыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасының қыз­меті де әлеуметтік көмекке және халықтың әлеуметтік осал топ­тарын қолдауға бағытталған. Атаулы әлеуметтік көмек тағайын­даудан бастап, тұрақты жұмыспен қамту, мүгедектерді оңалту және өзге де әлеумет үшін маңызы зор қызметтерді атқарып келеді.  Сонымен қатар жыл сайын әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің саны артып, әртүрлі санаттағы мұқтаж жандарға оң­тайландырылған көмек көрсе­тілуде. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев кеңінен айтып өтті. 

– Аймақта 9 жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығы мен басқармаға қарасты 5 медициналық әлеуметтік мекеме бар. Онда 75 мыңға жуық адамға әртүрлі бағытта қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде барлығы 8 үкіметтік емес ұйыммен жұмыс жүргізеді. Соның ішінде, 5 психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 6 мүгедектігі бар 45 адам мен 148 балаға арнаулы әлеуметтік көмек берілді. Бүгінгі күні еңбек ресурстарының ұтқыр­лығын арттыру бағытында Сол­түстік өңірлерге 135 отбасы қоныс аударып, 158 азамат тұрақты жұ­мысқа орналасты. Ал 3 жерлесіміз кәсіпкерлікпен айналысуда. Сон­дай-ақ облыста 31 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның 20 мыңнан астамы оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес тиісті көмектермен қамтамасыз етілді. Мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық орындағы қозғалысын жақсарту мақсатында биыл 277 нысанның бейімделуі жоспарланған болатын. Қазіргі таңда бюджеттік және басқа да қаржы есебінен 128 нысанға бейімдеу жұмыстары жүргі­зілді, – деді басқарма басшысы.

Бұл – әлеуметтік қызмет­керлердің атқарған игі ісінің бір парасы ғана. Мұндағы мамандардың жұмыс ауқымы кең. Олардың күн­делікті жұмыстарының өзі тұ­тастай көмек беруден құралған. Ол мамандардың бір күні текке өтпейді. Әр күндері жұртқа жақсылық жасаудан басталады.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: