Жұма, 26 сәуiр, 02:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қаңтар құрбандарына «Тағзым» ескерткіші ашылды. Жұртшылық неге наразы?

23.12.2022

793 0

Бүгін, 23 желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуына қатысты. Түске таяу көпшілік тараған уақытта ескерткіш алаңына қаңтар құрбандарының туыстары келді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ескерткіш қала әкімдігінің жанындағы скверде, Сәтбаев көшесінің оңтүстігінде және Назарбаев даңғылының батысына орнатылған. Ресми дерекке сүйенсек, «Тағзым» мемориалы – көп сатылы сәулет кешені делінеді.
Мемориалдың ақшыл сұр бөлігі еңсеруді, қара түс қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді, ал сұр бөлігі – құрбан болғандар мен адам шығынының символы, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді.

Әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған. Алайда қаңтар оқиғалары құрбандарының есімдерін алаңда кездестіре алмадық. Жобаның авторлары – қазақстандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаева. 

Кантар мемориал 3

«Бұл халық көшеге шығып, бұзақылар мұны өз ыңғайына пайдаланып кеткен сәттер. Қара аймақта осы дүрбелеңнің барлығы көрсетілген, сіз оның ішінен тезірек өтіп кеткіңіз келеді. Әрі қарай біз оңтүстікке, тауға қарай жүреміз және ол жерден ақ мәрмәр стеллаларын көреміз, онда көркем сөздер жазылған әрі бұл жер ыңғайлы, біз осы жерде көбірек қалғымыз келеді. Осы арқылы біз халық бен биліктің ұштасқан кезіне келдік», – дейді жобаның авторы Алексей Ивженко.

Қара түсті және ақ түсті тұғырлардың барлығына елді бірлікке, татулыққа шақыратын қанатты сөздер жазылған.

Кантар мемориал

Мысалы үшін, ақ мәрмәр стелланың біріне «Отан! Отан! Бәрінен биік екен. Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем» деген ақын Мұқағали Мақатаевтың өлең жолдарынан үзінді келтірілген.

Тағы бір қара түсті тұғырға «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген Майқы бидің қанатты сөзі жазылған.

Сағат 12:00 шамасында ескерткіш алаңына қаңтар құрбандарының туыстары келді. Олар мемориалға қаңтарда қаза тапқан адамдардың есімдері жазылмағанына наразылығын білдірді.

Олар өздерін ескерткіштің ашылу рәсіміне шақырмылғанына шағымданды. «Біз – аналар осы жерге келіп, көруге лайық емеспіз бе» дейді Әйгерім Ниязбаева. Оның күйеуі қаңтар кезінде оққа ұшқан.

«Бүлінген нәрсені қайта орнына келтіруге болады, бірақ адамның жанын қайтара алмаймыз. Менің де Қайратымның (Қайрат Ниязбаев күйеуі – ред.) жанын қайтара алмайды. Зәулім тастардан емес, алтыннан соқса да менің көңілім орнына түспейді. Қайратым қайтып келмейді, балаларым әке деп мойнына асыла алмайды», – дейді Ниязбаева.

Кантар мемориал 2

«Бәріміз қара жамылып отырмыз. Қаңтарда қаза тапқан азаматтарды бейбіт тұрғындар деп айтты ғой. Солай десе де біздің алдымызға шығып, біздің жағдайымызды ешкім біліп жатқан жоқ. Құдды бір барлығы жаңа Қазақстанға өтіп, біз – қаңтарда қаза болған азаматтардың туыстары ескі Қазақстанда қалып қойғандаймыз», – деп жалғады Әйгерім Ниязбаева.

Туыстары сонымен қоса қаза орын алған аумақта ешқандай мерекелік безендірудің болмауын талап етеді. 

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы салдарынан елде 238 адам қаза тапқан. Оның 19-ы – құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлер.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: