Дүйсенбі, 24 маусым, 15:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
49-2059
22.06.2024
PDF мұрағаты

Қаржысыз қалай демалуға болады?

19.05.2023

958 0

Демалыс – нағыз тыныштық. Көңіл тыныштығы, жүрек тыныштығы, жан тыныштығы. Көпшілігіміз демалыс күні, демалыс маусымы басталғанда қалтамыздағы қаражатқа қарап көңілімізді түсіріп жатады. Нәтижесінде үйде отырып, теледидардың алдында бос уақыт өткізуге әуестенеміз. Шын мәнінде қаражатсыз да демалуға болады екен. Оны біздің кейіпкерлеріміз айтып берді. Иә, бүгінде әркім әрқалай демалуға тырысады. Олай болса, қаржысыз демалып жүрген қала түрғындарын сөзге тартып көрдік.

Жақындарыммен риясыз әңгіме – әрдайым демалыс

Бұл қала тұрғыны, Айман Оралқызының пікірі.

Күнделікті күйбең тіршілікте ең жақын адамдарымызға арнайы уақыт бөле алмай жатамыз. Қолыңыз бос кезде неге осы олқылықтың орнын толтырмасқа деп ойлаймын. Өзіңізге естен кетпес демалыс сыйлағыңыз келсе, ата-анаңызбен, туған-туыстарыңызбен шай үстінде болсын, табиғат аясында болсын,  сыр бөлісіп, әңгіме айтып көріңізші. Қандай риясыз әңгіме! Жүрек түкпірінде жүрген сұрақтарыңызға да жауап ала аласыз, рухани шаршаудан да арыласыз. Мәселе, ақшада емес. Ең бастысы, көңіл-күй көтеріңкі болуы керек, деді Айман.

Жақын құрбыңызбен, досыңызбен серуенге шығыңыз

Осылай деген ойымен бөлісті, қала тұрғыны Майра Айтболатова.

Қазір көбі демалысқа шықса шетел асып кетеді. Оны әлеуметтік желіге жарыса жазады, жақындарымен бөліседі. Бірақ бұған барлығының шамасы келе бермейді. Өйткені бәрінің басында несие төлеу, отбасын асырау міндеті бар.

Сондықтан нағыз демалыс тек мұхит асып, күнге қыздырыну немесе тауға шығып, шаңғы тебу ғана емес. Демалыс күні қаражатым жоқ деп үйде босқа теледидардың алдында жата бермеу керек. Теледидар көруге қашанда үлгереміз ғой. Оның орнына жаныңызға ең жақын құрбыңызбен не досыңызбен бірге таза ауада серуендеуге шығыңыз. Парктерді аралап, табиғаттың сұлулығын бір сәт сезініп көріңізші. Сол әсерді қасыңыздағы жақыныңызбен бөлісе біліңіз. Бұл демалыс түрі кез келген адамға ерекше көңіл-күй сыйлайтынына сенімдімін, деді Майра.

Мәдени іс-шаралар мен спектакльге барған ұнайды

Дидар Болатұлы, шараларды ұйымдастырушы:

Негізі өзім шығармашылық ортада жүрген соң театр, музей секілді мәдени орындарды аралағанды ұнатамын. Қалтаңызда қаражатыңыз жоқ болса да, көңіл-күйіңізді көтеріп, өзіңізге демалыс сыйлауға болады.

Бірақ қалай? Егер сіз үлкен қалаларда тұратын болсаңыз, бұл тіптен мәселе емес. Күн сайын қалада түрлі мәдени іс-шаралар мен көрмелер өтетіні белгілі. Ғаламтордан толығырақ өтетін  іс-шаралар туралы біліп алып, өзіңізге демалыс сыйлауға дайындалуға болады.

          Жеке өзім спектакльге барғанды ұнатамын. Өйткені нағыз рухани азық ала аласыз. Көп қаржыны да қажет етпейді.

          Келесі еңбек демалысына дайындықтың өзі – демалыс

          Ағжан Маханбетова есімді қала тұрғыны әр демалысын осылай алдын ала жоспарлап алады. Арнайы дайындалады.

Мен әлі тұрмысқа шықпадым. Сондықтан әр елге барып, демалуға мүмкіндік бар. Уақыт бір орнында тұрмайды. Келесі жылы сіз армандаған еліңізге саяхаттап қаларсыз. Ол үшін алдымен сізге жақсы дайындық керек. Ең бірінші сізге саяхаттап баратын мемлекетініңіздің тілін үйрену қажет. Бұл міндетті нәрсе.

Ол үшін қаражатыңызды шығындап, түрлі курстарға жазылудың қажеті шамалы. Себебі сіз іздеген білім көзі көз алдыңызда өзі-ақ тұр. Ғаламтордан түрлі дайындық кітаптарынан сөздік жаттау арқылы сол елдің тілін үйреніп алуға таптырмас мүмкіндік. Бір жағынан бұл сіз үшін рухани демалыс болмақ. Онда іске сәт, деген ойымен бөлісті Ағжан.

          Сүйікті хоббиіңізбен айналысу қажет

          Ажаргүл Маратова, саудагер:

Әр адамның бар ынтасымен жасайтын сүйікті ісі болады. Менің саудамен айналысуымның өзі хобби. Бірақ бірі кітап оқумен, бірі табиғат аясында серуендегенді немесе күнделікті үй шаруасымен айналысу да кей адамдар үшін хобби түріне жатады. Хобби уақытыңыздың босқа өтпей, пайдалы нәрселерге жұмсауға арналған кішігірім мектеп десе де болады.

Егер сіздің қызығушылығыңызды оята білсе, кітап оқу, Құран жаттау секілді пайдалы, игі істерге арналған уақыттың келер күні берері мол болмақ. Ең бастысы, сіздің еркіңіз бен ақылыңыз қатар қалаған істі жасау арқылы демалысты сезіне аласыз, деді Ажаргүл.

          Үй жағдайындағы салон сізді демалдырады

          Фарида Оразқызы, қала тұрғыны:

Бұл әдіс әсіресе қыз-келіншектер үшін таптырмас демалыс боларына сенеміз. Өз үйіңізді бір сәт сән салонына айналдыра біліңіз. Халықтық рецепт бойынша немесе қазіргі заманға сай түрлі рецепттер бойынша өз сұлулығыңызды айқындай түсіңіз. Бет терісін жұмсартуға, шаш күтіміне байланысты түрлі қоспаларды үй жағдайында дайындап, қалағаныңызша қолдана біліңіз.

Бұл әдіс сіздің қалтаңыздан артық шығын шығармайды. Бұрын сән салондарына барсаңыз, енді сіз өзіңіз үшін де сән шебері бола аласыз. Бұл да демалыстың бір түрі, деді Фарида.

Отбасыңызға уақыт таба білу – нағыз тегін демалыс

Аида Тілектесова, көпбалалы ана:

Тағы бір демалыс күніңізді өз отбасыңызға арнай білейік. Балаларымызды алып шығып, табиғат аясында қыдыртудың өзі демалыс. Арнайы балаларға арналған ойын алаңдарына апарып немесе қыс мезгілінде түрлі қолдан жасалған сырғанақтарға бірге бару өзімізге де, балаларға да жақсы көңіл-күй сыйлайды. Бұл отбасылық дәстүрге айналса тіпті керемет.

          Міне, сіздерге қаражатсыз демалуға болатын бірнеше әдістерді ұсындық. Ең бастысы, аталған әдістерді өз мүмкіндігіңізге пайдалана отырып, нағыз рухани демалыстың рахатын сезіне біліңіз, оқырман.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: