Сенбі, 04 мамыр, 21:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Қоғамдық көлік қызметі жақсарып келеді

05.08.2023

251 0

Аптаның бейсенбі күні қалалық әкімдіктің мәжіліс залында құрылғанына 10 жыл болған «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-нің директоры Мақсат Жүсіп  брифинг берді. Жиналыс барысында серіктестіктің он жылда атқарылған жұмыстары және алдағы міндеттер мен жоспары туралы баяндады.

– Тамыз айының алғашқы жексенбісі көлік қызметкерлерінің төл мерекесі. Мереке қарсаңында «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-не 10 жыл толып отыр. Он жыл ішінде көптеген жұмыс атқарылды. Айтулы күнге орай жыл соңында жақсы қызметі үшін авто­бус жүргізушілері «Үлгілі жүргізуші», «Елеу­лі үлесі үшін», «Креативті жүргізуші», «Шебер жүргізуші», «Жол қауіпсіздігі қозғалысы­ның үздігі», «Таза автобус» және «Жыл жүргізушісі» жүлдесімен марапатталмақ. Сондай-ақ автобус жүргізушілерін ынта­ландыру мақсатында ай сайынғы жұмыстың қорытындысы бойынша, яғни жол ережесін сақтап, автобустың сыртқы және ішкі таза­лығын сақтап өз қызметін сапалы атқарғандарға сыйақы беріледі, – деді  Мақсат Өмірбекұлы.

Өңірде жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында 2013 жылы «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС құрылып, облыстық бюджет қаржысына 20 автобус алынған. 2015-2016 жылдары 92 дана «ZhongTong» маркалы автобусы әкелінсе, 2017 жылы облыс әкімдігі мен «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясы» АҚ және Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында үшжақты ме­морандум негізінде автобус паркі теңгеріміне «Zhоngtong LCK 6105 HGC» маркалы 92 автобус несиеге алынған. Ал 2020 жылы 13 дана «ZhongTong» маркалы автобустармен толықтырылған.

Былтыр «Қызылорда Автобус паркіне» «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке 150 дана автобус алынды. Ал бұрын қолданыста болған үлкен сыйымдылықтағы 40 автобус жөндеуден өтіп, қосымша қалаішілік бағыттарға қосылды. 2022 жылы автобус паркі 5 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырған. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш артып, 18 бағытта яғни №1, №3, №10, №11, №12, №14, №15, №16, №17, №18, №19, №20, №22, №25, №28, №29, №30, №31 және қосымша жүктелген «Ягодка», «ПМК-29» саяжайы бойынша қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта қоғамдық көліктер санын арттыру бағытында өңір басшысының қолдауымен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке қосымша 150 дана үлкен сыйымдылықтағы автобус сатып алу жоспарланған.

Қоғамдық көліктің артуына орай автобус паркінде  жүргізушілер тапшылығы сезілген. Оған себеп жолаушыларды тасымалдауда қойылатын кәсіби талапқа сай келетін жүргізушілердің аздығы. Бұл тұрғыда қоғамдық көлікті 25 жасқа толған, кемінде 5 жыл жүргізуші жұмыс өтілі бар, «D1» кіші санаты бар жүргізушілер қабылданбақ.

– Цифрландыру күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналып кеткені барлығымыз­ға аян. Бүгінгі таңда «ALEMPAY» ЖШС-мен жасалған келісімге сәйкес жолақысын ұялы байланыс операторының көрсетілген қызметтері немесе электрондық жол жүру картасы арқылы жүзеге асады. Қалалық мәслихаттың отырысында қалалық тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС қарасты қоғамдық көлік бағыттарында қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеруге ұсыныс беріліп, қолдау тапқан еді. Электронды төлемақысы 85 теңге болып қала бермек. Бұл өз кезегінде жолаушылардың электронды түрде төлем жасауын арттырып, көлеңкелі кәсіптің алдын алу жолы, – деді Мақсат Жүсіп.

Қазіргі таңда халықтың игілігі үшін автобуста электронды түрде төлем жасаудың 8 түрі ұсынылған. Олар SMS, QR код, ұялы қосымша, көлік және банктік карталарды қолданатын ұялы байланыс операторлары арқылы жүзеге аспақ.

Сондай-ақ қалаішілік бағыттағы жо­лаушыларды тасымалдайтын автобустар 2 GIS ұялы қосымшасына тіркелген. Бұл қосымша арқылы автобустың қай бағытқа, қай уақытта жүретінін тұрғындар мен қала қонақтары көре алады. Бұдан бөлек, мекеменің барлық автобустарына «автоинформатор» орнатылып, автоматты түрде аялдамаларды хабарлау қызметі жұмыс жасауда. Бұл жүйе арқылы жолаушыларға автоматты түрде аялдама атауларын, жолаушыларға қалта ұрлығынан сақ болуын және жол жүру билетін талап ету қажеттігі хабарланады. 

Сонымен қатар тұрғындар мен балаларды көркем әдебиетті оқуға баулу мақсатында «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС «KitapAl» кітап дүкенімен бірлесіп, қоғамдық көліктерге алғаш рет электронды кітаптарын іске қосқан. Қазіргі таңда серіктестікке қарасты жолаушыларды тасымалдайтын 18 бағыттағы автобустарда электронды QR кітаптар қолжетімді.

Бұдан бөлек «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-нің buspark.kz атауымен жаңа ақпараттық сайты іске қосылған. Осы сайт арқылы автобус паркінің тыныс-тіршілігін, жүргізушілер мен жолаушылардың дұрыс диалог құру мәдениеттілігін қалыптастыру, автобустардың қай аймақта келе жатқанын және қанша минутта болатынын тікелей бақылап, қоғамдық көлік туралы маңызды ақпараттар ұсынылады.

Нәзира МҰҚАТАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: