Сәрсенбі, 20 қараша, 12:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Қоқыс тастаудың құны ─ 13890 теңге

18.11.2020

1145 0

Кешкі уақыт. Күн ұясына батып, қаланы қараңғылық жаулап алған кез. Жеңіл көліктің ішінде әлдебіреуді күтіп отырмыз. Құдды бір аса қауіпті қылмыскерді құрықтау үшін ең оңтайлы сәтті күтіп отырған кино актерларындай. Қолына арбасын жетектеген бір адам келе жатыр. Біз күткен адам да осы. Көліктен түсіп қасына жақындадық…

Бұл ─ қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Қызылорда тазалығы» серіктестігінің ұйымдастыруымен өткен кезекті рейдтің көрінісі. Кешкі мезгілде жауапты мамандар, учаскелік полиция мен тілшілер жиналып, рейдке шықтық. Сол күні Б.Момышұлы мен Б.Майлин көшелерінің қиылысын бақылайтын болып шештік. Расымен, бұл қиылыстағы жол кәдімгі қоқыс мекеніне айналған. Қап-қап тұрмыстық қалдықтар көлік жүретін жолдың үстінде жатыр. Әр қапты бір тістеп, одан сайын айналаны ластаған қаңғыбас иттер. Ол иттерге «Кет» деп айтудың өзі ұят, себебі оған дейін бұл жерді мұндай күйге жеткізген адамдар. Иә, кәдімгі сол көше тұрғындары екі ортаны қоқыс тастайтын орынға айналдырып алған. Нәтижесінде көшенің сәні кетіп, әр үйдің алдында полиэтиленді пакеттер ұшып жүр. Тұрғындар өздерінің тастаған қоқыстарына наразы. Ал көшенің сыйқы кеткеніне тазалыққа жауапты мамандар кінәлі-мыс…

«Саламатсыз ба! Қоғамдық орынға қоқыс тастауға болмайтынын білмейтін бе едіңіз?» деп бастадық сөзімізді. «Қалай сонда? Арнайы қоқыс тастайтын орын емес пе?» деп таңдана жауап берді тұрғын. Тәртіпті бұзған азаматшаға барлық мәнжайды түсіндіріп, жеке басы туралы мәлімет сұрадық. Учаскелік полиция азаматшаға қандай бап бойынша тәртіп бұзғанын түсіндіріп, әкімшілік хаттама толтырды. Өз кінәсін толықтай мойындап, енді ол жерге қоқыс тастамайтынын жеткізді. Біз де оның сөзіне сенім білдіріп, жұмысты жалғастыруға кірістік. Арада 10 минут өтер-өтпестен жаңағы орынға тағы бір азамат екі қап қоқысын тастай салды. Ол тұрғынға жай-жапсарды түсіндіріп, заң бұзғанын айтқанымызда «Біз осы жерге қоқыс төгу үшін ақша төлеп отырмыз. Сенбесеңіз үйде келісім-шарт бар, соны көрсетейін» деді. Ұсынысын қабыл алған соң азамат үйінен ақша төлеп жүрген түбіртектерін алып шығып «Міне, ай сайын ақша төлеп жүрміз. Келісімшартты таппадым» деді. «Ол жерде егер жеке қоқыс жәшігі болмаған жағдайда тұрмыстық қалдықты көшемен өтетін автокөлікке салу керек деп жазылған. «Қоқысты көшеге тастауға қатаң түрде тыйым салынады» деп біз келісім-шартқа арнайы жазып көрсеттік» деп түсіндірді «Қызылорда тазалығы» ЖШС-ның бөлім басшысы Айман Тұяқбаева. Нәтижесінде өз кінәсын мойындаған бұл тұрғынға да әкімшілік айыппұл салынды.

Бұл оқиға тек бірер сағаттық тексеріс кезінде орын алды. Алайда ол жерге күндіз-түні қаншама адам қоқыс төгеді. Сол орынның дәл қасында жоғары вольтты электр трансформаторы орналасқан. Қоқыстан ұшқан бір ғана парақ тоққа тиіп өрт шықса адам өміріне үлкен қауіп төндірері анық. Қалада мұндай «тұрғындар қолынан» жасалған басқа да қоқыс орындары бар. Тазалық мамандары жинап әлек болса, тұрғындар қоқыс тастап әлек. Ал сайып келгенде бәріміз тазалықты сүйеміз, таза ауамен тыныстағымыз келеді. Бір түйгеніміз ─ біреу бастаса, біз қостауға дайын тұрады екенбіз. Себебі қоқыс төккендердің барлығы ең алдымен «Бәрі төгіп жатыр ғой» деп ақталған еді. Ендеше барлығымыз бірігіп, қоқысты арнайы көліктің ішіне тастауды қолға алайық. Нәтижесінде қаланың көркін кетірген жерлер азайып, көше келбеті қайта қалпына келеді. Рейдтік жұмыс барысындағы біздің мақсат айыппұл салып мемлекет қазынасын көбейту емес, осылай тұрғындарды тазалыққа шақыру еді.

P.S. Бүгінгі таңда қоғамдық орынға қоқыс тастаудың құны 13890 теңгені құрап тұр. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 434-2 бап. Аталған бапта ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластау, оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау 5 АЕК төлеуге алып келеді деп жазылған. Одан бөлек, бір жыл ішінде мұндай әрекет тағы да қайталанса айыппұлды екі есе төлейсіз. Демек қоқысты арнайы көлікке тастау адами және қаржылай тұрғыдан әлдейқайда тиімдірек.

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: