Облыстық филармония жанынан ашылған «Жыраулар үйі» бүгінде өнердің қасиетті қарашаңырағына айналды. Өнер ордасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар өнерпаздардың қатысуымен рухани іс-шаралар, дөңгелек үстел, түрлі тақырыптағы басқосулар жиі ұйымдастырылуда. Өнерсүйер қауымды рухани тағылыммен сусындатып отырған құт мекен өз көрермендерімен көзайым болуда. Сондай-ақ «Жыраулар үйінің» архив қоры құнды жәдігерлерімен күннен-күнге толығып келе жатқаны халықтың өнерге деген құрметі мен ыстық ықыласы. Мәселен, биыл Сыр өңірінің жыраулық дәстүрінің көрнекті өкілі, өнертанушы, сазгер Жұмабек Аққұловтың көзі тірісінде жинаған шығармашылық мұрасын ұлы Алмат Аққұлов пен келіні Салтанат Аққұлова қорға табыстады. Бұл – қарапайым жазба емес, 54 кассетада Сыр сүлейлерінің дәстүрлі орындаушылығынан ұрпаққа жеткен баға жетпес қазына бар.
Жұмабек Жарылқасынұлы өзі айтып кеткендей, «Өнер – халықтікі, жыр – жұртқа ортақ». Бүгін оның жинаған мұрасы – ұрпаққа аманат, ұлттық өнерге қалдырған бағалы үлгі ретінде қызмет етуде.

Ұлттық өнер қазынасын сақтау және зерттеу жолындағы бұл жинақ – Жыраулар үйінің ғылыми мамандарының жоспарлы ізденісі мен Сыр бойы жырауларының үнтаспасын жинау, өңдеу, жүйелеу сияқты маңызды зерттеу іс-әрекетінің нәтижесі.
Жыраулар үйіндегі тағы бір игілікті іс – «Актёрлік шеберлік» пәні бойынша тәжірибелік дәріс өткізілуі. Жыраулар үйі барлық ауданда жұмыс істейтін жыраулық мектептермен, сондай-ақ колледждер мен жоғары оқу орындарында осы мамандықта білім алып жатқан студенттермен тығыз шығармашылық байланыс орнап келеді. Дәрісті «Дәстүрлі музыка өнері және хореография білім беру бағдарламасының» аға оқытушысы, философия докторы (PhD) Ғани Байұлов жүргізді. Дәріс барысында студенттерге актерлік шеберлікке, сахна мәдениетіне қатысты тәжірибе көрсетілді.
Мұнан соң белгілі жырау Марат Сүгірбайдың Қарасақал Ерімбеттің «Сәдуақас сақи» дастаны бойынша жыр кеші ұйымдастырылды. Сахабалар мен пайғамбарлар заманындағы өнегелі оқиғалармен өрілген бұл шығарма жомарттық, сақилық, мырзалық сынды асыл қасиеттерді дәріптейді.

Жыр кеші барысында ұлттық жыр өнерінің көркем үлгісі ұсынылып, көрермен рухани әсер алды.
Жырау Көшеней Рүстембекұлының 80 жылдығына арналған «Күміс көмей Көшеней» тақырыбындағы кеш жыраудың ғұмыр жолын тереңнен толғаған бейнероликпен басталып, көрерменді бірден рухани әлемге жетеледі.
Сахна төрінде жыраулық дәстүр жаңғырып, Көшеней жыраудың баласы Нұрбол Көшенейдің шәкірттері терме-толғау айтып, жыраудың ұрпағы Байбол Көшеней «Жиенбайдың жыр бастауын» орындады. Ал жырау Серік Жақсығұлов Қасым Аманжоловтың «Жас дәурен» әнін Көшенейдің нақышымен жеткізіп, көрермен көңілін тербетті. Сондай-ақ жырау, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Алмас Алматовтың 70 жылдық мерейтойына орай «Шыңғыснама» тарихи дастанын жырлау кеші өтті.

«Шыңғыснама» дастаны – ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы ұлы дала тарихын, көшпелі ұлыстардың бір ту астына бірігуін, елдік пен заңға адалдықты суреттейтін бірегей эпикалық шығарма.
Рухани кеште Сыр бойы жыраулық мектебінің белді өкілдері «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Руслан Ахметов, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Бимбетова, халықаралық байқаулардың лауреаты Әділхан Қуанбаев, «Құрмет» орденінің иегері Ақмарал Ноғайбаева, Мәдениет саласының үздігі Марат Сүгірбай, «Күміс домбыра» иегері Бексұлтан Орынбасар, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Тоғжан Өтенова сахна төрiне шықты. Олар тарихи дастанның ең маңызды тарауларын арнайы шежірелік реттілікпен жырлап, көрерменді ғасырлар қойнауына жетеледі.
– Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен Алтын Орда дәуірінен жеткен бірегей музыкалық мұра – «Ақсақ құлан» күйінің 800 жылдығына арналған «Абыз тұлға – Кетбұға» атты танымдық кештің орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық мінберде бұл туындыны ұлттық руханияттың символы ретінде атап көрсетуінің өзі құндылығының дәлелі. Танымдық кеш барысында Кетбұғаның тарихи тұлғасына арналған бейнебаян көрсетіліп, өнертану ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ысқақова «Ақсақ құлан – көне аңыз күй» тақырыбында баяндама жасаса, Жыраулар үйінің ғылыми қызметкері Феруза Оңталап күйдің тарихи-рухани маңызына тоқталды. Бұл күн нағыз өнер мерекесі болды, – дейді Жыраулар үйінің жетекшісі Амандық Бүрлібаев.
Дәстүрлі орындаушыларды дәріптеу – «Жыраулар үйінің» ерекше жобасы. Тоғжан Өтенованың «Сырлы әуен – сырнайлы кеш» тақырыбындағы алғашқы шығармашылық ән кешінің өтуі өнер иесінің талантының толысуына ерекше мүмкіндік берді. Кеш барысында көрермен қазақтың дәстүрлі ән өнері мен Нартай Бекежанов қалыптастырған мектептің жауһар туындыларын тыңдап, ұлттық өнердің терең болмысын сезінді. Алғашқы бөлімде Тоғжан Өтенова сырнай сүйемелімен жеке орындаудағы шығармаларын ұсынса, екінші бөлімде «Ақмешіт» ансамблінің сүйемелдеуімен дәстүрлі әндерді орындады. Ал кештің қорытынды бөлімінде көрерменге эстрадалық бағыттағы танымал әндер тарту етіліп, ерекше әсер сыйлады.
Жыраулар үйіндегі ғылыми мамандар дың жұмысы да жүйелі жүруде. Олар Сыр бойы жырауларының үнтаспаларын жинау, өңдеу, жүйелеу бағытындағы зерттеуді жалғастырып келеді. Соның нәтижесінде жыраулар үні сақталған бабиналық ленталар, кассеталар мен грампластинкалар қайта табылып, рухани қазына толыға түсті.
– Жыраулар үйі ашылған сәтте-ақ эпик жыршы Берік Жүсіпов өзінің еңбектері, жинақтарымен қатар жырау А.Алматовтың, Қ.Бүрлібаевтың және Б.Жүсіповтың 1987-1990 жылдары жазылған үндері бар құнды грампластинкаларын табыстаған еді. Жыл басында жырау С.Ақбаев, Ж.Аққұлов, Қ.Баймағанбетов пен Р.Мәзқожаев, Қ.Бүрлібаевтардың ескі үнтаспадағы толғау, терме, дастандары жинақталып, жыр қорына енгізілді.

Сыр сүлейлерінің ізін жалғап, өміршең өнердің отын жағып жүрген ұлттық өнердің нағыз майталмандары, дәстүрлі әнші, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, Нартай жыр мектебінің көрнекті өкілі Ақмарал Ноғайбаева «Құрмет» орденімен марапатталса, «Құрмет» орденінің және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, дәстүрлі орындаушы, Нұртуған жыр мектебінің өкілі Шолпан Бимбетова облыс әкімінің арнайы «Тұран» сыйлығына ие болды. Жыраулар үйінің ұлттық өнерді дамыту, насихаттау бағытындағы игі жұмыстары алдағы уақытта да кең көлемде жалғасатын болады, – дейді жыраулар үйінің жетекшісі Амандық Бүрлібаев.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!