Құрылтай

Сенбі, 01 тамыз, 01:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№57 (2269)
01.08.2026
PDF мұрағаты

Үміт жібіне ілінген тағдыр

01.08.2026

29 0

Мейлі, мейлі, екі ұлымды қақса да уақыт арқадан,

Нағыз ұлым біреу ғана, ана екеуі жарты адам!

Иә, бізді қайда апармақ мына заман ықпалы,

Ұлан-байтақ жерімізді жарты адамдар қаптады, –

деп тек шындықты ту еткен айбарлы ақын Мұхтар Шаханов тереңнен ой толғаған.  Қазір қоғамда қол аяғы бүтін болғанмен, белсенділігі төмен көшке ілесе алмай рухани жағынан дами алмай жатқан адамдар қаншама. Тағы да Мұхтар ақынға жүгінсек

Есегінен ез жігіт құлағанда

Жұбатыңдар,

Аяңдар,

Өйткені оның,

Құм боп кетер жігері жылағанда.

Алуан тағдыр берілген бұл адамға,

Тұлпарынан ер жігіт құлағанда,

Жұбатпаңдар!

Ер адам от-жігерін

Намысына жаниды жылағанда, –

деген өлең жолындағы кейіп­кердей жігерсіз жандар қан­шама. Ал біздің бүгінгі кейіп­керіміз Қуаныш Нұржігітов тағдырдың қаншама сынағына ұшырап, мүгедектік қамытын киіп сәби кезінен өмірдің қиын өткелдерінен өтсе де мойымаған,  жігері от, жаны жайсаң  жан.

Шығармашылық үйіне ар­найы келіп, қаламгерлермен сұхбат құрғысы келген жі­герлі жасты біз де құшақ жая қарсы алып, әңгімелестік. Әдепкіде «сөзге қалай тартсам екен? Қанша дегенмен жан дүниесіне мұң қонақтаған жан екен» деген ойлар санамды сансыратқаны рас. Дегенмен қарсы алдымда мен күткеннен басқа, жанарында үміт оты жарқыраған, кеудесі күмбірлеген сезімге толы, тағдырына дән риза жан тұрды. Менің де  шашыраған ойым бүтінделді. Себебі  өмірдің керемет екенін мойындап, тағдыр талқысына төтеп беріп, жұдырықтай жүрегін кірлетпеген өмірге ғашық жанды көріп  таңғалдым.  

Шиелі ауданында  дүниеге келіп, қалада өскен. Өзінің айтуынша, жеті айлығында өмір есігін ашып, өмірге сап-сау бо­лып келген бала 40 күннен соң ДЦП дертіне шалдыққан. Әйтсе де бала қиял шарықтап, өз арманынан бас тартуға бойдағы қайраты дес бермеген.  Ол  «тағдыр салды, мен көндім»  деп уайымға беріліп, салы суға кетіп, төрт қабырғаға қамалған емес. Ес жиып, ақыл тоқтатып өз-өзіне келгеннен бері асау толқынға қарсы жүзіп, өмір үшін, арманына  жету  жолында   күресумен келеді. 

–Журналист болу  арма­ным еді. Қызылорда қоғам­дық телеарнасына бардым. Журналистерімен дидарлас­тым.  «QYZYLORDA» теле­арнасының журналистерімен жүздесудің реті болмай жүр. Алла қаласа ол арманым да орындалар. Мұнан бөлек, менің басты арманым – қоғамда мен секілді денсаулығында кінәраты барларды көпшілік ортаға бейімдеп, талантын ашсам деймін. Мүмкін олардың ішінде танымал суретшілер, шеберлер, спортқа жаны құ­мар жандар жүрген шығар. Соларды қоғамнан шеттетпей, жәрдем беру. Көпшілігінің төрт қабырғада қамалып отыр­ғанына  қамығамын. Мүмкін, олардың ерік-жігері төмен болар, тіпті ұялатын шығар. Соларға көмегімді тигізсем өзімді бақытты сезінер едім. Мен қоғамда белсенді болуды қалаймын. 2012 жылдан қо­ғамдық жұмыстарға араласып, мүгедектердің мәселесін ше­шуге атсалысып келемін. Өмірден ешқашан күдер үзген емеспін. Қоғамда өз орныңды қалыптастырғанда ғана сені көпшілік құрметтейді. Көбіне мәселені әлеуметтік желіде ашық айтамын. Астанадағы «ҚазМедиаға» барып теле­арнаға сұхбат берсем деймін. Қазақта «бұлақ көрсең, көзін аш» деген керемет сөз бар. Мүгедектігі бар жандардың арасындағы өнерпаздарды үлкен сахнаға шығарып, өне­рін көпшілік тамашаласа қан­дай керемет. Ақындардың өлеңдерін оқып, жаныма қуат пен күш-жігер аламын. Жы­раулар үйіне барып, терме тыңдаймын. Рухани қазына, тәлім-тәрбиеге толы терме жан дүниеңді тазалайды, – дейді ол.

Қуаныштың айтысқа жаны құмар. Өзінің айтуынша, теле­дидарда айтыс болса, экранның ар жағындағы­лармен айтысып отырады екен. Алматыдан ар­найы тапсырыспен жасатқан домбырасы бар. Домбыра шер­туді де ешкімнің көмегінсіз, өзі үйренген.

Ол әлеуметтік желіде бел­сенді. Суреттерін жүктеп, өз ойын жазып отыруға дағды­ланған.

– Біреуге тәуелді болып, бұғып отыруды жаным қала­майды. Адам болып өмір­ге келген соң өмірді өз жары­ғыңмен нұрландырып, ар­­тыңда жақсы ізің қалғанға не жет­сін. Мен өмірге, табиғатқа, ондағы тіршілік иесі адамдарға ғашықпын, – дейді Қуаныш.

Өз-өзіне сенімді кейіппен нық сөйлейді. Тек өзі емес, өзімен тағдырлас жандарға жанашыр болып отырған  Қуаныштың   жігері жасымасын дейміз.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: