Тұрғындар арманындағы қала қандай? Халық пікірін ескерсек, бәрінің де қала туралы арманы бір арнаға тоғысады. Жайлы да, таза қала. Қысқа да нұсқа сөйлемнің ар жағында мұндай үдеден шығу үшін қыруар тірлік атқарылу керек. Жайлы қала тұрғындар ойдағыдай демалатын, инфрақұрылымы дамыған, көшесі түзу, жарығы самаладай… тізбектесе таусылмайтыны белгілі. Ал Қызылорда тұрғындар арманындағы қала ма? Қала әкімі Нұржан Ахатовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында 6 айда атқарылған жұмыс барысы туралы БАҚ өкілдеріне берген брифингтен осы сауалға жауап іздеп көрдік.
Бүгінде Сырдың бас шаһарында жақсы жаңалық көп. Жыл өткен сайын жүзеге асқан жобалар, қаланы дамыту мақсатындағы игі істер қалалықтардың мақтанышына айналды. Қаланың қаржы тайқазаны да толыға түсуде. Сандарды сөйлетсек, өткен жылы қала бюджеті 73 млрд 100 млн теңге болып бекітіліп, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш екі есеге артып, 154 млрд 200 млн теңгеге жеткен. Ал биылғы қала бюджеті 94 млрд 200 млн теңге болып бекітіліп, қазіргі таңда облыстық бюджеттен бөлінген трансферттер арқылы нақты көлем 226 млрд 632,3 млн теңгеге жетіп отыр.
Инвестиция – ел игілігі
Қала дамуы үшін инвестиция тарту маңызды екені белгілі. Бұл бағытта жүйелі жұмыс бар. Тағы да сандарды сөйлетсек, биылғы бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 168 млрд теңгені құрады. Есеп өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 105,8 пайызды көрсетіп отыр. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 116 млрд 124 млн теңге, ол өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 116,9 пайызға артқан. Бүгінде құрылыс алаңына айналған қалада қарқынды жұмыс бар. Жыл он екі ай құрылысы қызған шаһардағы жұмыс нәтижесін тұрғындар да көріп отырғаны сөзсіз. Брифинг барысында атап айтылғандай, құрылыс жұмыстарының көлемі 73 млрд теңгеге жетіп, 114,8 пайызға орындалған. Ал пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 201399 шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 100,5 пайызды межеледі. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2 млрд 897 млн теңгені құраған. Сонымен қатар өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 276 млрд 183 млн теңгеге жеткен. Өңдеуші өнеркәсіп саласында 49 млрд 136 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 127,5 пайызға артқан. Бөлшек сауда көлемі 241 млрд 267,8 млн теңгеге жетіп, 102 пайызға артығымен орындалған.
Кәсіпті қолдау нәтижесі
Шаһардағы кәсіпті қолдау бағытындағы жұмыс нәтижелі. Мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдетілген несие шағын және орта кәсіптің дамуына, жұмыссыздар санын азайтуға сеп болғаны анық.
– Қаламызда кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бағытында нақты нәтижелерге негізделген жүйелі жұмыс атқарылуда. Жыл басынан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 224,4 млн теңгені құрайтын 27 жобаға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берілді. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жалпы құны 122,8 млн теңгені құрайтын 5 жоба қаржыландырылған. «Аграрлық несие корпорация» АҚ арқылы жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын 11 жоба қолдау тапты. Екінші деңгейлі банктердің кәсіпкерлік мақсатта ұсынылған несиелерін «Даму» қорымен субсидиялау шаралары жалғасып, жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 11 жоба мақұлданды. Бұл өз кезегінде қала кәсіпкерлерінің санын 32 мыңнан, ал жұмыспен қамтылғандар санын 63 мыңнан асыруға ықпал етті, – дейді қала әкімі Нұржан Ахатов.
Экономиканы әртараптандыру өңір әлеуетіне серпін береді
Бүгінде қалада экономиканы әртараптандыру бағытында бірқатар инвестициялық жобалар бар. Жоба жүзеге асқанда қала экономикасын нығайта түсері анық. Бұл қала тұрғындары үшін жұмыс көзі, халықтың табысын арттыруға сеп болары сөзсіз.
– Шағын және орта бизнес саласында 862,2 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өңірлік экономикаға елеулі үлес қосылды. Экономиканы әртараптандыру мақсатында бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Жыл басынан бері «Марал Нұр» серіктестігінің жолаушы вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған жаңа өндірістік кешені пайдалануға берілді. Жоба нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Кешеннің қуаттылығы жылына 600-ден астам жолаушы вагонына техникалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, жоба құны – 5,6 млрд теңге.
Сонымен қатар «Алаш Метан» серіктестігінің метан газ құю бекеті бар жол бойындағы қызмет көрсету кешені іске қосылды. Бұл жоба өңірдегі жол бойы сервистік қызметтердің сапасын арттыруға және тұрғындар мен автокөлік жүргізушілеріне қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді, жоба құны – 650 млн теңге.
Өңдеу өнеркәсібі саласында «Rem Plast Invest» ЖШС-нің құны 559 млн теңгеге жылына 5,4 мың қағаз және картон зауытының құрылысы іске асуда. Құрылыс жұмысы биылғы қараша айында аяқталады, жоба құны – 559 млн теңге. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешенінде «Қызылорда Құрылыс НК» серіктестігінің 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жоба іске қосылғаннан кейін өңірдің сүт өнімдері өндірісін ұлғайтуға және ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосады, – дейді шаһар басшысы.
Айта кетелік, қалада инвестор тарту арқылы жүзеге асып жатқан жобалар да бар. Мәселен, мамыр айында іргетасы қаланып, құрылыс жұмысы басталып кеткен санитарлық-техникалық жабдықтар өндіретін зауыт іске қосылса, қала экономикасына серпін берері сөзсіз. Испанияның «Roca» компаниясының сантехникалық жабдықтары сапасымен әлемге танымал. Белгілі компания енді қалада зауыт салуда. Жобаның жалпы құны 104,1 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар «Seven Rivers Tehnologies» ЖШС неміс технологияларын пайдалана отырып, шыны ыдыстар шығаратын зауыт салуда. Жоба құны – 60 млрд теңге. Бір айта кетерлігі, екі зауыт іске қосылғанда 600 адамның тұрақты жұмыс орны болады.
Жайма базардың уақыты өтті
Қалада базар айналасында құрылыс жұмысы қыза түскенін қарапайым тұрғындар байқап та жүр. Тіпті «базар қайда көшеді?» деп хабарласатын оқырмандар да аз емес еді. Алайда қайта жаңғырған базарды көріп, халықтың да көңілі жайланғандай. Бұл қарқынды жұмыс жайма базардың уақыты өткенін байқатады. Брифингте қала әкімі базарларды жаңғырту жұмыстары инвестор есебінен жүріп жатқанын атап айтты.
– Сауда базарларын жаңғырту жұмыстары аясында 5,8 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Мақсатты жоспарлардың нәтижесінде «Сұлтан» әмбебеп базары толық жаңғыртудан өтіп пайдалануға берілді. Қазір «Асбол», «Сыбаға», «Талғат» сауда орындарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, – дейді қала әкімі.
Туризмді дамытуға бір қадам
Айта кету керек, қалада «Rixos» қонақ үйі салынатыны туралы ақпарат қалалықтарды елең еткізді. Демек, қалада туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік екені даусыз. Брифингте Сырдың бас шаһарында «Rixos», «Ibis», «Pana» қонақ үйлерінің құрылысы жүріп жатқаны, бұл қаладағы қызмет көрсету саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталғаны атап айтылды.
Экономиканың негізгі драйвері
Сыр өңірі үшін ауыл шаруашылығы саласының орны бөлек. Қала маңындағы ауылдар да ата кәсіптен ажыраған емес. Саладағы сандарды сөйлетсек: биыл қала бойынша 7819 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы егілген. Жаңа жоңышқа – 690, қант құмайы – 57, арпа – 90, жаздық бидай – 70, жүгері – 185, мал азықтық дақыл 100 гектарға егілген. Ал 2681 гектар жерге негізгі дақыл – күріш егілген. Шаһар басшысы диқандар үшін вегетациялық кезеңде су тапшылығы болмағанын жеткізді.
Сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да айтылды. Соның бірі – Қызылжарма каналының науа құрылысы. Жұба құны 4 млрд теңгені құрайтын науа жасау жұмысы бүгінде жүзеге асуда. Бұл өз кезегінде су үнемдеуге ықпалын тигізеді.
Жұмыссыздықты жою – басты талап
Брифинг барысында қала тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында атқарылып жатқан жұмыс барысы да қамтылды.
Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақыға 47,5 млн теңге бөлініп, бүгінгі күнге 35 маманға 15,1 млн теңге берілген. Бюджеттік кредитке 259,5 млн теңге бөлінген. Статистикалық дерек бойынша бүгінгі күнге қаладағы халық саны 368,9 мың адамды құраған. Өсу қарқыны – 1,2 пайыз. Жұмыс күшінің саны – 150,7 мың адам болса, жұмыссыздық деңгейі – 4,4 пайыз. Жыл басынан бері 4216 азамат жұмыспен қамтылса, оның ішінде 1492 адам тұрақты жұмысқа қабылданған. Жыл басынан бері 1256 адам қоғамдық жұмысқа, 9 адам әлеуметтік жұмыс орнына жіберілген. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында 174 жас маман жұмыспен қамтылған.
Баспана – басты мәселе
Тұрғындарды баспанамен қамту қай кезде де өзекті екені белгілі. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан 4919 пәтерді (172 үй) сатып алуға 101 млрд 45,7 млн теңге бөлінген. Бұл үйлердің жалпы ауданы 318,4 мың шаршы метрді құрайды.
Оның ішінде ипотека бойынша – 1113 пәтерді құрайтын көпқабатты 17 үй және әлеуметтік осал топтарға 3806 пәтер болатын 155 үй.
Инфрақұрылым игілігі
Қала тіршілігінің өзегі – инфрақұрылым. Қала әкімінің қабылдауына келетін тұрғындардың айтатын негізгі мәселесі инфрақұрылым жайы екені даусыз. Қалада ауызсу және кәріз жүйелерін жаңғырту бойынша 4 жоба жүзеге асуда.
– Жыл сайын ауызсу және кәріз жүйелерін жаңалау жұмыстарын жүргізіп келеміз. Биыл да «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында құны 4 млрд 454 млн теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылуда. Яғни, Гагарин, Титов, Қызылжарма және Әл-Фараби аудандарында су құбырлар желісінің құрылысы басталады. Одан бөлек, қаламыздағы ағын суларды тазарту қуаты тәулігіне 70 мың текше метр биологиялық тазарту станциясын жаңғырту және автоматтандыру ісі қарқынды жүргізілуде. Қаланың орталық бөлігіндегі желілер ауыстырылып, Ақжарма ауылдық округіне қарасты Талдыарал елді мекеніне қосымша скважина орнатылуда, – деді шаһар басшысы.
Сондай-ақ жыл басынан бері Президент саябағы аумағындағы көпқабатты 15 тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға және сол жағалаудағы 5 қабатты 10 тұрғын үйге инфрақұрылым тартылуда. Мұнан бөлек, қаладағы электр желілері жаңартылып, Қызылжарма ауылдық округінің жаңадан қоныстанған аумақтарына ауызсу және газ құбыры жүргізілмек.
Халық сұранысы ескерусіз қалмайды
Қала әкімі брифинг барысында жол жөндеу кезінде тұрғындар көп шағымданған шағын аудандар, елді мекендер жолдары назардан тыс қалмағанын атап айтты. Соны бірі – Сабалақ шағын ауданы. Биыл бұл аумақтың 35 көшесіне тас төселеді екен.
– Биыл бюджет қаржысының ауқымды бөлігін халықтың сұранысы мен талабы жоғары болып отырған жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағыттап отырмыз. Биыл бұл салада жалпы құны 38 млрд теңге болатын 23 жоба іске асырылуда. Аталған жобалар бойынша жалпы ұзындығы 71,1 шақырымды құрайтын 71 көшеге күрделі жөндеу, қайта жаңғырту және 1 көпір салу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда қаланың 32 көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алды. Өткен жылы 8 көшедегі жөндеу жұмысы толық аяқталса, биыл қалған 24 көшедегі жұмыстарды жыл соңына дейін қорытындылаймыз, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Көпір құрылысы
Қалада құрылыс қарқынды. Соның бірі – көпір салу жұмысы.
– Маңызды нысандардың бірі – «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы. Бұл жобаның бүгінгі дайындығы жақсы деңгейде, оны қыркүйек айында пайдалануға береміз. Дәл осы қыркүйек айында Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейінгі Сағымбаев көшесіндегі қайта жаңғырту жұмыстарын да аяқтаймыз.Бұл жаңа көпір мен жаңартылған Сағымбаев көшесі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі мен Астана қаласынан келетін жолды түйістіретін үлкен, әрі заманауи қақпаға айналады. Бұдан бөлек, Назарбаев даңғылы мен бірқатар негізгі көшелерде қайта жаңғырту жұмыстарының қарқынды атқарылып жатқандығын жақсы білесіздер. Олар Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз, Ш. Есенов көшелері. Осы көшелер плотинаға дейін кеңейіп, жол қозғалысына түсетін жүктеме азаяды. Әрине, біз қала орталығына ғана емес, шет аймақтарға да ерекше басымдық беріп келеміз. Қазіргі таңда кенттер мен ауылдық округтердің 32 көшесінде жол жөндеу жұмыстары қызу жүруде.
Ең ірі жоба – Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылысы. Жоба аясында екі жолақты өткел, көпір, тіреу қабырғалары, жаяу жүргіншілер жолы және жол жабыны салынады. Бүгінде айналма теміржол желілері төселіп, электр, байланыс, сыртқы жарықтандыру және ауызсу инженерлік желілерін көшіру жұмыстары аяқталған.
Қала жағындағы және Шанхай тұрғын ауданындағы тіреу қабырғалары бетондалып, шпунттық свайларды орнату, көпір тіректерінің іргетасы мен негізгі темірбетондар қойылды.
Жоспарымыздағы тағы бір ілкімді іс – сол жағалау мен қаланы байланыстыратын автожол көпірі. Иса Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін автожол өткелінің құны 19,5 млрд теңгені құрайды. Нысан құрылысын бастау үшін республикалық бюджетке өтінім берілді. Барлық нысан қала тұрғындарына жасалып жатқан игіліктің айқын көрінісі, – деді қала әкімі.
Көркейген аула және таза қала
Брифингте көпқабатты тұрғын үйлерді абаттандыру қарқынды жүріп жатқаны да атап айтылды. Бұл жоба аясында балалар ойын алаңдары, шағын футбол алаңдары мен воркаут аймақтары салынуда. Қазіргі таңда қала бойынша 26 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында құрылыс жұмыстары басталды. Сондай-ақ еліміз бойынша ең таза қалалардың қатарына енген шаһарды көркейту – басты назарда. Бұл орайда, тазалықшылардың жалақысы көтеріліп, тазалық мекемесі қажетті техникамен қамтамасыз етіліп жатқаны да атап айтылды. «Қызылорда тазалығы» мекемесі бұған дейін 240 көшенің тазалығына жауапты болса, қазір қала аумағының кеңеюіне байланысты жүктемесі де арта түсіп, 826 көшеге тазалық жұмысын жүргізеді.
Президент саябағы – қалалықтардың сүйікті орны
– Абаттандыру бағыты бойынша байыпты бастамалар сәтті жүзеге асуда. Биыл аймақ басшысының тікелей қолдауымен қаланы және елді мекендерді абаттандыруға 11 млрд 648 млн теңге бөлінді. Оның басым бөлігіне Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұл демалыс аймағында мыңдаған ағаш көшеттері, бұталар мен көпжылдық гүлдер егіліп, заманауи спринклерлік және тамшылатып суару жүйелері орнатылды. Саябаққа келушілердің қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін автожол және автотұрақ құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда жұмыстардың 90 пайызы аяқталып, жақын күндері пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстарына да тиісті қаражат қаралды. Бөгет жиегінде екі жолақты жаяу жүргінші және велосипед жолы салынуда. Жоспар бойынша өзен жағалауын су тасқынынан қорғап қана қоймай, тұрғындар үшін тағы бір тамаша демалыс аймағын қалыптастырамыз. Осындай игі істің жалғасы ретінде, дария үстінен Астана мөлтек ауданы мен Президент саябағын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірі салынады. Жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Енді нақты жұмыс басталады, – деді қала әкімі Нұржан Ахатов.
Құрылысы қарқынды қала
Қарқынды қалада биыл пайдалануға берілген ғимараттар аз емес. Жыл басында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында «Достық үйінің» жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен салынған Инклюзивті спорт орталығы ашылды. Сонымен қатар бизнес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына ортақ алаң болған «Құзыреттілік орталығы» заңсыз активтер есебінен салынып, пайдалануға берілді. Жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы да ашылды. 10 млрд теңгеге салынған 300 орындық лагерьдің материалдық-техникалық базасы әлемдік озық стандарттарға сай. Лагерь жанынан Ботаникалық бақ пайдалануға берілді.
Қалада құрылыс әлі де қызу жүруде. Мәселен, биыл 300 орындық көпбейінді аурухананы пайдалануға беру жоспарланған. Қаланың сол жағалауында 500 орындық емхана, Президент саябағы аумағында 200 орындық перинаталдық орталық салынуда. Титов шағын ауданында 400 орындық емхананың құрылысы жүргізілуде.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыс орталығында Президенттік кітапхананың құрылысы, жаңа драма театрының іргетасы қаланды. Бүгінде құрылысы аяқталуға жақын «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешенінің аумағы – 26 мың шаршы метр. 50 метрлік жүзу бассейні, 2500 орындық әмбебап спорт залы және 300 орындық конференц-залы бар кешен халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндігі бар. Алдағы уақытта әлі жүзеге асыратын жобалар бар. Қазіргі таңда 108 млрд теңгені құрайтын 101 жоба әзірленіп, республикалық және облыстық бюджетке ұсынылды, – дейді шаһар басшысы.
P.S. Бұдан екі жыл бұрын дәл осы күні, яғни 1 тамызда қала әкімі болып тағайындалған Нұржан Ахатовтың шаһар басшысы ретіндегі ұстанымы да тұрғындар арманымен үндеседі. Өзі айтқандай, «басты мақсат – көрсеткіштерге қол жеткізу емес, әрбір тұрғынның қалада өзін қауіпсіз және жайлы сезінуіне жағдай жасау.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!