Құрылтай

Сенбі, 01 тамыз, 01:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№57 (2269)
01.08.2026
PDF мұрағаты

Көптің ашуын тудырған ән  немесе « жоқ дегені –жоқ»

01.08.2026

29 0

Жақында эстрада әншісі Әділет Жауғашардың «Сүй, иә» атты жаңа әні әлеуметтік желіде талқыға түсті. Әннің мәтініндегі «сұлудың «жоқ» дегені – «иә» деген сөзі наразылық тудырды. «TikTok» пен «Instagram» желісінде бойжеткендер әнші концертіне бойкот жариялады. Бүгінгі қазақ қоғамы – тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйел құқығын шектеумен күресіп, жаңа заңдық және моральдық құндылықтарды қалыптастырып жатыр. Мұндай сезімтал кезеңде ән мәтінінің халық тарапынан қатаң сынға ұшырауы заңдылық еді. Желі қолданушыларының сынынан кейін әнші халықтан ресми түрде кешірім сұрап, туындыны репертуарынан алып тастауға мәжбүр болды.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық және әлеуметтік күрес күшейіп жатқан тұста, белсенділер мен қарапайым тыңдармандар бұл сөздерді қауіпті тренд деп санады.  Желіде «қыздың жоқ дегені – жоқ» деген ұранмен қарсы видеолар түсіріліп, әншінің Алматы Аренада өтетін концертіне бойкот жариялау ұсынылды. «Жоқ» деген сөз кез келген жағдайда бас тартуды білдіретінін, оны «иә» деп бұрмалау зорлықшылардың психологиясын ақтайтынын алға тартты. Желі қолданушысы Балнұр Қалдыбек әннің өзгертілген нұсқасын айтып, елімізде қаза тапқан Салтанат Нүкенова, Айзат Жұманова секілді қыздардың тағдырын еске салды. Ол «жоқ» деген сөзді қабылдау – тәрбиенің белгісі» деген пікірде.

Еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес алғаш рет 2009 жылы еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы шарттары аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң қабылданды. Заңнамаға негізгі ұғымдар мен 30 күндік «қорғау нұсқамасы» енгізілді. Алайда ол кезде агрессорлар үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қаралмады. Тек 2024 жылы халық арасында «Салтанат заңы» деп аталған жаңа құжат аясында ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіру баптары әкімшілік кодекстен қылмыстық кодекске ауыстырылып, жаза түбегейлі қатайтылды.

Бұл мәселенің бүгінде жеке отбасының ғана емес, тұтас қоғамның қасіретіне айналғанын тағы бір мәрте дәлелдейді. Жаңа құқықтық нормалардың аймақтарда қалай орындалып жатқаны және отбасылық агрессиямен күрестің нақты нәтижелері жергілікті жерлерде де ашық талқылана бастады. Мәселен, Қызылордада өткен «Қауіпсіз қоғам: отбасы, тәрбие және жауапкершілік» атты жиында заң талаптарының өңірдегі көрінісі сөз болды. Сүйенер заң күшейгелі бері жәбірленушілердің де құқық қорғау органдарына сенімі артып, жасырын қалып келген деректер сыртқа шыға бастаған. Осы жиынның мәліметінше, жыл басынан бері қалалық полиция басқармасына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мыңнан астам хабарлама түскен. Нәтижесінде 700-ге жуық азамат профилактикалық есепке алынып, 152 адамның мінез-құлқына ерекше бақылау қойылғаны айтылды

Осы кезеңде облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына 25 ана жүгінген екен. Мұнда әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, құқықтық, психологиялық, еңбек, экономикалық, педагогикалық және мәдени бағыттарды қамтитын қызмет көрсетіледі. Өткен жылы орталықтың қолдауымен 69 әйел отбасына қайта оралып, түйткілдерін шешуге мүмкіндік алған. Қалалық полиция басқар­масының отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімше­сінің бастығы Айгерім Ерболаттың мәліметінше, биыл отбасылық-тұрмыстық бағыттағы қылмыс саны 14-ке жеткен. Өкінішке қарай, олардың арасында адам өлімімен аяқталған фактілер де бар. Ал биыл қылмыстық кодекстің сталкинг бабымен 4 адам айыпталған. Сталкинг – адамның еркінен тыс оны жүйелі түрде мазалау, аңду, байланыс орнатуға тырысу және психологиялық қысым көрсету. Қылмыстық кодексте ол үшін екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл, екі жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе елу тәулікке дейін қамау түріндегі жаза көзделген. Бұған дейін қыз-келіншектерді көшеде, жұмыс орнында немесе әлеуметтік желіде үнемі аңдып, маза бермейтіндерге шара қолдану қиын болса, қазір бұл әрекет қылмыс деп танылады.

Қызу талқыдан соң әнші ресми түрде кешірім сұрап, бұл әнді енді орындамайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ әнге мәтін жазар кезде Әзілхан Нұршайықовтың шығармасына сүйенгенін, зорлық-зомбылыққа, тиранияға қарсы екенін жеткізді.

– Әлеуметтік желіде өзіме қатысты айтылып жатқан пікірлерді көріп, оқыдым. «Сүй, иә» әнін жазғанда жазушы Әзілхан Нұршайықовтың сөзіне сүйендік. Бірақ ол кісі өмір сүрген қоғам мен қазіргі қоғамның айырмашылығын ескермеппіз. Бұл әннің көптің көңіліне тиетінін ойламадық. Өзім де зорлық-зомбылыққа қарсымын. Оның үстіне анамның тәрбиесінде өстім. Егер бұл ән сіздердің көңілдеріңізден шықпаса, енді оны орындамаймын, – деді әнші.

Әнші алға тартқан қазақ әдебиетінің інжу-маржаны, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы Ербол мен Меңтайдың сырласу сәті еді. Шығармада Меңтай Ерболға ішкі сезімін ақтарып, өткен күннің өкінішін былай жеткізеді: «Сіздің маған деген оттай ыстық махаббатыңыз ерітіп, есімді алатын. Бірақ бұрын біреумен уәделесіп қойғаннан кейін сізге сырымды бермей… еріп, елжіреп тұрсам да шегедей қатты боп көрінуге тырысатынмын». Сүйгенінің бұл сөзіне Ербол жыларман болып, уәдесіне қиянат жасамау үшін ғана қадам баспағанын айтқанда, Меңтай оған: «Қай қыз жігітке айтқаның бола қойсын дейді. Көңілі бар қыздың «болмайды» дегені, «болады» дегені екенін білмейтін бе едіңіз? Сонда сіз анау Тұмажанға ұқсап, бауырыңызға қысып, босатпай қойсаңыз, онда мен сіздікі едім ғой», – деп наз айтады. Романда Меңтай тек «көңілі бар қыздың» ишарасы туралы айтса, заманауи ән мәтінінде бұл сөз «сұлудың «жоқ» дегені – «иә» деп жалпылама өзгертіліп, мүлдем басқа сипат алған.

Әншінің қателігін дер кезінде түсініп, қадам жасауы құптарлық. Бірақ бұл жағдай бізге үлкен сабақ болуы тиіс. Желі белсенділері «жоқ» деген сөзді қабылдау – тәрбиенің белгісі» деп ұрандауы тегін емес. «Жоқ» – бұл сылаңдау да, ұялу да емес. Бұл – адамның еркі мен шекарасы. Қарсы тараптың бұл шекараны көре білуі және оған тоқтауы – ең бірінші кезекте ішкі мәдениет пен тәрбиеден басталады.

Әділет Жауғашардың тыңдармандарының көбі – мектеп оқу­шылары мен жастар. Сондықтан мемлекет пен қоғам зорлықтың кез келген көрінісіне төзбеуі қажет. Заңдарды қатайтып жатқан тұста, шоу-бизнес өкілдерінің де жауапкершілікті сезінетін уақыты келді. Бүгінгі оқырман да, тыңдарман да енді бұрынғыдай жеңілтек ұйқастарға көз жұма қарамайды. Құқық қорғаушылар мен психологтар еліміздегі көптеген қайғылы жағдайдың дәл осы «қыздың бас тартуын байсалды қабылдамаудан» басталатынын дабыл қағып айтуда. Қылмыстық істерде зорлықшылар көбіне «ол өзі маған үміт сыйлады, қыздардың жоқ дегені иә емес пе, мен оны солай түсіндім» деп ақталады. Мұндай әндер зорлықшылардың санасындағы осы қылмыстық логиканы қоғамдық деңгейде заңдастырып беруі мүмкін екен. Психолог Сәлима Сатылғанқызы мұндай мәселе қыз баланың өмірде «жоқ» деп айта алу құқығы мен қабілетіне тікелей байланысты екенін жеткізді.

– Шын мәнінде, уақытында «жоқ» деп айта білу – үлкен өнер. Өз шекарасын қорғап, жауапкершілікпен, батылдықпен нақты ойын жеткізе алу – психологиялық тұрғыдан есеюдің және тұлғалық сауаттылықтың айқын белгісі. Бұл қасиеттің астарында терең білім мен өз сезімін жасырмай, ашық айта алатын рухани дамудың жоғары сатысы жатыр. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда «жоқ» деп айта алмай, өз қалауынан, арманы мен мақсатынан бас тартып, құрбандық күйін кешіп жүрген қаншама қыз-келіншек бар. Әрбір әйел заты бақытты болуға, шынайы сүюге және сүйікті болуға әбден лайық. Әйел бақытты болғанда ғана шаңырақ шайқалмайды, өмірге саналы, бақытты ұрпақ келеді. Сондықтан әрбір ару өз жеке шекарасын қорғай білуі және «жоқ» деген сөзді орнымен, уақытында айта алуы тиіс, – дейді психолог.

Желі қолданушылары бұл әнге қарсылық білдіргенде, елі­мізді дүр сілкіндірген Салтанат Нүкенова, Айзат Жұманова және Шымкентте қатыгездікпен қаза тапқан Нұрай Серікбайдың ая­нышты тағдырларын еске салды. Небәрі 21 жасында өмірі үзілген студент Нұрай Серікбайдың оқиғасы – осы сияқты «қыздың таңдауын сыйламаудың» салдарынан болғандай, бәлкім. Жігіттің үйлену туралы ұсынысынан бас тартып, «жоқ» дегеніне қарамастан, оны еркінен тыс алып қашып, артынан айлар бойы аңдып, ақыры өмірін қиды. Нәзік жандар «жоқ» деп шырылдап, құқық қорғау органдарынан көмек сұраса да, қоғам мен қылмыскерлер оның бұл сөзін «наз» немесе «келісімнің бір түрі» деп қабылдауын тоқтатпайынша, мұндай қасірет тыйылмақ емес.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: