Жүргізушілерді алдағы тамыз айында өзгерістер күтіп тұр. Осы жылдың 25 тамызынан бастап елімізде «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілген жаңа түзетулер ресми түрде күшіне енеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл реформа жолдағы апаттарды азайту және тәртіпті нығайту үшін қабылданып отыр. Жаңа ережелер 65 жастан асқан көлік жүргізушісіне, өрескел заң бұзушыларға, тіпті электросамокат мінетіндерге де тікелей әсер етпек. Сонымен, әрбір отандық жүргізуші қандай маңызды өзгерісті білуі тиіс?
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 65 жастан асқан және мүмкіндігі шектеулі жүргізушілерді міндетті медициналық тексеруден өткізу механизмін жетілдірілді. 65 жастан асқан және мүмкіндігі шектеулі жүргізушілер екі жыл сайын медициналық тексеруден өтуі тиіс. Міндетті медициналық тексерулер туралы ақпарат денсаулық сақтау министрлігі мен ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде беріледі. Егер медициналық тексеруден өткені туралы ақпарат болмаса, жүргізуші куәлігі автоматты түрде тоқтатылады.
Медициналық тексеруден өткені туралы ақпарат алынғаннан кейін ол автоматты түрде жаңартылады. Бас прокуратура азаматтарға алдын ала медициналық тексеруден өтуді қатаң ұсынады. Сонымен қатар заңда көзделген жағдайларда, жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер теориялық жүргізу емтиханын қайта тапсыруға міндетті болуы мүмкін. Шешімді алғаннан кейін екі ай ішінде дәлелді себепсіз емтиханға келмеу олардың жүргізуші куәлігінен айырылуға әкеп соғады. Жаңа заңның тағы бір қатаң талабы – жолда жиі апатты жағдай туғызып, өрескел қателік жіберетін жүргізушілерге қатысты. Мысалы, жол қиылысынан өту кезінде апаттық жағдай туғызу, белгіленген жылдамдықты бірнеше рет асыру, маневр жасау, жолақ ауыстыру немесе басып озу қағидаларын қауіпті түрде бұзу сияқты өрескел құқық бұзушылықтар. Енді олар тек айыппұлмен құтыла алмайды. Полицияның нұсқауымен мұндай жүргізушілер жол жүру ережесін білу деңгейін тексеру үшін қайтадан теориялық емтихан тапсыруға міндеттеледі. Егер қаулы алғаннан кейін 2 ай ішінде емтиханнан өтпесе немесе оған мүлдем келмесе, жүргізуші куәлігі автоматты түрде жарамсыз деп танылады.
Алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде көлік басқарғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді апат жасап, жәбірленушімен өзара татуласып, істі жауып тастау мүмкін емес. Қылмыстық іс сотқа жетпей жабылса да, жүргізуші бәрібір 8 жылға рульден айырылады. Ал егер жүргізуші куәлігі болмаса, оны сегіз жыл бойы алу мүмкін болмайды.
Жаңа заң талаптарына сәйкес, бұдан былай белгіленген негіздер бойынша көлік жүргізу құқығын уақытша тоқтату немесе одан айыру үшін жеке сот шешімі талап етілмейді. Тиісті шешімді заңда белгіленген қатаң тәртіппен тікелей уәкілетті мемлекеттік орган қабылдайды. Бұл ретте, шектеу қою процедурасының нақты қалай және қандай алгоритм бойынша жүзеге асырылатынын уәкілетті органның өзі дербес айқындайды. Мұндай қадам ұзаққа созылатын сот бюрократиясын айналып өтіп, ереже бұзушыларды немесе денсаулығы жарамайтын тұлғаларды жол қозғалысынан жедел әрі уақыт созбай шеттетуге мүмкіндік береді. «Полицияға сотсыз құқық беру құзіретін асыра пайдалануға ұрындырмай ма?» деген сұрақ қоғамда жоқ емес. Алайда бұл жердегі басты бақылаушы – инспектор емес, цифрлық жүйе. Бәрі автоматты түрде, нақты электронды деректер негізінде атқарылатындықтан жемқорлыққа жол берілмейді. Ал заңсыздық орын алған жағдайда, жүргізушінің сотқа шағымдану құқығы сақталады.
Бұл өзгерістер жол қауіпсіздігін арттыруға, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Күшіне енетін заң жобасы еліміздегі жол мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Заңның басты мақсаты – жазалау емес, жолдағы әрбір азаматтың өмірін сақтау. Сондықтан құқық бұзушылық пен күтпеген шығындардың алдын алу үшін жаңа ережелерді бүгіннен бастап жаттап, қатаң сақтаған жөн.
Д.РАХЫМЖАНҰЛЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!