Халқымызда «Үйі жоқтың, күйі жоқ» деп тегін айтылмаса керек-ті. Байыбына барсаң, батпандай сөздің салмағы бар. Адамға әуелі үй қажет. Үй болмай, күй болмайды. Анығында ақиқаты – осы. Бастысы, басыңда баспанаң болса басқа базынаң ретімен шешіле береді. Бүгінде үй салу – үлкен мәселе. Құрылыс материалдарының құны туралы халықтың айтар бұйымтайы да жоқ емес. Дәл қазіргі уақыт – баспана құрылысының қызған шағы. Қалада жеке тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Халықтың айтуынша, биыл құрылыс материалдарының бағасы өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Әрине, үй сатып алу оңай, үй салу қиын. Осы орайда, баспана тұрғызуға қанша қаражат жұмсалатынын есептеп, журналистік зерттеу жүргізіп көрдік.
Өзің салсаң, арзанырақ
Құрылыс заттарының нақты бағасын және қайдан әкелінетінін білмек болып, «Сығанақ» базарына бет түзедік. Барған сәтте алдыңнан жасы бар, жасамысы бар «Келіңіз, не керек? Бағасы арзан, айтыңыз тауып береміз» деп өбектеп шығатын сатушыларды кезіктіресің. Мұнда шеге, шелектен бастап құрылысқа керектің бәрі бар. Бір байқағанымыз, бағалары бір-біріне шамалас. Сатушылар да, алушы адамдар да көп-ақ. Базар іші құж-құж қайнаған тіршілік.
Қала тұрғыны Әбубәкір Қадыр:
– Пәтер жалдап жүргеніме он жылға жуықтады. Биыл сәтін салып, «Бәйтерек» шағын ауданынан жер алып, үй бастап жатырмыз. Негізі үйді салу үшін мықты дәлдік қажет. Себебі, есепсіз ештеңе болмайды. Үй егесі өзі құрылыс геометриясын жетік меңгергені абзал. Жалпы үйді асарлатып, көмекпен салса, құрылыс тез әрі жеңіл жүреді. Жұбайым екеуміз мемлекеттік қызметте істейміз. Бес баламыз бар. Сатып алуға болар еді. Алайда өзің салғанға жетпейді. Қалауыңа қарай бейімдейсің. Жаңа әрі жайлы баспана – жан рахаты. Қанша ақша жұмсасақ та жетпей жатыр. Өзіміз отбасымызбен отыратын ордамыз ғой. Тәуекел жасап, талаптанып жатырмыз. Осында ағаш алуға келіп тұрмын. Құрылыс материалдары өз қаламызда болғанына қуанамын. Басқа облыстан алдыртқанымызбен біріншіден уақыт зая кетеді, екіншіден баратын адам керек. Үйді өзің салсаң, арзанырақ болады, – дейді.
Тұрғын үй салу үшін алдымен іргетасын қалау керек. Оған қиыршық тас пен «жемтік» қажет. Алдымен құрылыс материалдарының былтырғы бағасын көріңіз. Өткен жылы қиыршық тастың тоннасы 5 мыңнан басталған болатын. Ал «жемтіктің» әр мәшинесі 30 мың теңге. Оларды қалаға Шиелі, Жаңақорған аудандарынан әкеледі екен. Базарда Жамбыл облысынан әкелінген цементтің қабы 1400 теңгеден. Шиеліден өндірілетін цементтің бір қабы да осы бағада сатылуда. Осыны қосып есептеп көріңіз. Мәселен, үйіңіз шамамен 10х12 болса, кемінде 10 «Камаз» құм, 5 «Камаз» «жемтік», 3 «Камаз» қиыршық тас, 100-120 қап цемент керек. Содан соң үй қабырғасын көтеру үшін «стропила», «обрешетка» ағаштары қажет. Орталық «Сығанақ» базарында 6 метрлік «стропиланың» біреуі 1500 теңге. Ені мен ұзындығы 9-12 см болатын «обрешетканың» метрі 90 теңгеден сатылуда. Бұлар біздің елге Ресейден тасымалданады. Үйдің шатырын жабуға тіреу ағаш («стропила») сатып аласың. Оның әр текше метрі бөлек есептеледі. Оны қоятын арақашықтығына қарай көбейтсеңіз, сомасы белгілі болады. Орта есеппен үйдің төбесіне қалыңдығы 12 сантиметрлік 80-ге жуық ағаш кетеді.
Одан бөлек, төбеге қамыс төсеу үшін тағы қаражат жұмсайсыз. Қосымша жайылатын қара қағазды қосыңыз. Сабан мен топырақ тағы бар. Олай етпесең, үйің жылымайды. Әрбір пластик терезеге орта есеппен 30000 теңге төлейсіз. Есіктердің бағасы орта есеппен 50000 мың теңгеден. Олар Ресей, Беларус елінің өнімдері көрінеді. Қысқасы, үй тұрғызу үшін қосымша табыс көзі болмаса, бір айлыққа таңылып, там салу ақылға сыйымсыз. Салған күнде де қарызға батып, несие аласыз. Өйткені бір адамның айлық кірісі үйдің ас-ауқатынан бөлек балалардың киім-кешегіне ғана жетеді. Одан қалды, баратын ағайын-туыстың жиыны бар. Үйді тұрғызып алғасын ішкі жұмыстары басталады. Сылағы мен бояуы, түсқағазы тағы бар. Қарап тұрсаңыз үй тұрғызуға бұрынғыдай 2-3 млн теңге жинағың аздық етеді. Міне, мәселе қайда жатыр? Бұл біздің журналистік тұжырымымыз. Бұл – былтырғы баға.
Ал биылғы баға қалай болып тұр? Цементтің қабы 1450-1600 теңге аралығында. «Стропила» 2700-ден басталады. Үйдің төбесіне салатын 6 метрлік бөренелер 6500-11000 теңге шамасында сатылуда. Шеге мен бұрандалы шеге 600-1500 теңге аралығында. Фундаменттің үстіне жаятын қарақағаз 1700-2100 теңгеден. Бұл жалпылама баға. Былтырғы жылмен салыстырып қарасаңыз, құрылыс материалдарының кез келген түрінің құны әжептәуір артқанын байқау қиын емес.
Бағаны ойымыздан қоймаймыз
Артур Әділжан, сатушы:
– Бағаны ойымыздан қоймаймыз. Біз де материалды қымбат бағаға сатып аламыз. Ағаштарды Алматы, Шымкент қалаларынан әкелеміз. Тиеп, түсіретін адамдардың еңбекақысы мен жол шығыны қоса есептеліп, материал бағасын қоямыз. Біздің тірлігіміз де бала-шағаның қамы үшін. Осы көктем мен жаз айларында ғана жұмысымыз жүреді. Күзге таяу сауда саябырлайды. Оның ішінде тұрған орнымызға төлейтін салығымыз тағы бар.
Там салғанның тамтығы қалмайды
Енді бір мысал, «Бәйтерек» шағын ауданында бір үйді тұрғызу үшін үй егесі өзбекстандық 4 жұмысшыны жалдап, оларға 1 млн 250 мың теңге төлеген. Бұл сомаға жұмысшылар үйдің іргетасын құйып, қабырғасын тұрғызып, шатырын жауып, есік, терезелерін қондырған. Ал «ракушкамен» қалап тұрғызатын тұрғындар да кездеседі. Қалада «ракушканың» әр данасы былтыр 200 теңгеден сатылған болатын. Биылғы баға 210-230 теңгеден. Оның ішінде жеткізіп беретіндері де, «өзің алып кетесің» дейтіндері де болады. Өзің алатын болсаң, көлікке тағы бөлек ақша төлейсің. Сонда бүгінде бір қатарлы орташа үйді тұрғызуға кәдімгідей күш керек.
Жердің бағасы елдің қалтасына салмақ
Қалада бірінен соң бірі бой көтеріп жатқан жаңа зәулім үйлер саны аз емес. Құрылыс қарқыны қызған сайын оған кететін материалдарға да сұраныс артады. Осы мезгілде бойында өнері бар, қолынан іс келетін азаматтар қолдан қолға тимей, жаз бойы жырғап қалатыны жасырын емес. Баспана салу әрекетімен жүргендердің алдынан ең алдымен жер алу мәселесі шығады.
Иә, кәдімгі үй салу үшін берілетін жер телімі. Қалада қазір жердің құны шарықтап тұр. Ауыл аймақтарда да тәуір жер табу оңай емес. Ертерек қимылдап екі-үш жер алып қойғандар да жоқ емес шығар. Дегенмен арқаны кеңге салып асықпай жүретіндер үшін жер алу аспандағы айға қол созғанмен бірдей болып тұр. Ұзын-сонар кезекте тұрғандардың санынан саусағың талып, тілің жаңылысады. Бағасы да күн райындай сан құбылып тұрады.
Тілші түйіні
Біз бағамдаған баспана құрылысы кім-кімге де оңай тимей тұр. Алайда халық қиналса да қам-қарекетін қылуда. Әйтеуір тіршілік түйткілі. Қалай қылғанда да пәтер жалдап тұрғаннан құрқылтайдың ұясындай болса да өз баспанаң болғанға не жетсін. Жиренше шешеннің «Өз үйім өлең төсегім» деуінің астарында аласармас ақиқат жатыр.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!